Қожанасыр кім болған?
Бір-бірінің тілін қызық көретін бірінші курс студенттерінің туған күн кешінде «Фыкыра сөйле», – дегеніміз сол еді, Айчегюль: «Бир гюнү Насреддин Ходжа олыпты-мыш. Оның ечегі олыпты-мыш. Ечегі өлүпті-мүш», – деп өз тіліндегі қалжың қағытпаның бірін айта бастағанында Айбаршын есімді қыз: «Бұл бізден естіп алған анекдоттарың. Түріктерде де бар шығар, сондай адамдар. Соларды айтсаңшы», – деді сөзін бөле.
– Ол тіпті қазақ та емес қой.Менің атам, қожа. Қырғызстан жақта тұрған, – деп әңгімеге Дюрдона араласып еді, Дарияның жуан даусы ешкімнің сөзін есіттіруге келтірмеді.
– Тегі, үндемегенге қоятын емессіңдер ғой. Ол Қырғызстанда не жоғалтыпты? Тәйт әрі. Үстіндегі ала шапан, басындағы төртбұрышты тақия, астындағы сұр есек, қойнына тығып жүретін тандыр нан кімдікі екен? Өзбек. Төлқұжатын тауып алған адам болса, ол да тура осыны айтады.
Манадан үнсіз отырған Қарлығаш құрбымыз:
– Кім біледі, Қожанасыр мүмкін жоқ шығар. Әр ұлт өздеріне қажетті бейнеге алған сондай адамдар болады ғой, – деп таласты тоқтатпақ болып еді, Айчегюль Түркияның бірнеше жерінде, Дария Бұқара қаласында оған арнап салынған ескерткіш барын жеткізіп үлгерді.
Сол күні аңызға айналған тұлға туралы білуге құмарлық курстас достар көңілін бейжай қалдырмай, біраз талас-тартысқа айналғаны әлі есімде.
Әлем әдебиетінде аты қалған
Көпшілікке қағытпа қалжың, уытты әзілімен танылған Қожанасыр есімін білмейтін бірде-бір қазақ жоқ. Тақырып турасында әдеби деректерге ден қойдық.
Насреддин Хожа, Молла Насреттин, Молла Насреддин, Насреддин Әпенді, Нәсірдін Әпенді, Насірдін Хожо, Насридин, Қожа Насреттин, Нусреддин Қожа, Насрадин, Насыр Хожа, Насируддин Хожа, Насредиин Хужа,Әпенді, Хожанасриддин, Насриддин Апанди, Жуха аттарымен танылған Қожанасыр – Орта Азияны мекен еткен түркі халықтарына ортақ бейне. Нақ туған жері мен ұлты жайын дөп басып айту қиын. Сірә, түркі халықтары біртұтас ел болып, еншісін алмаған тұста өмір сүрген жан болса керек. Тіпті ол туралы «ойдан шығарылған бейне» деген пікір де бар. Алайда бір емес, сөз саңлағының өмірде болуы бек мүмкін деген тұжырым жасауға түркітанушылар зерттеген еңбектер айғақ бола алады.
Қожанасырдың аты түркі халықтарынан өзге Грекия, Румыния, Сербия, Еділ бойы, Кавказ, араб, парсы, түрік, қытай жазбаларында да жазылады.Еуропа елдерінің барлық дерлік тілдеріне тәржімаланған ғибратты пікірлері арқылы жұртшылық жақсы таниды. Еңбектердегі оның қимыл-әрекеті, өмір сүрген ортасы біздегі отырықшылық қалыптасқан кезеңді көрсетеді.
«Түркияда туылған», «өзбектердің өз ұлы»...
Қожанасыр туралы алғашқы деректер Әбулхайыр Румидің «Салтұқнамесінде» көрсетілген. Фатих Сұлтан Мехметтің ұлы Жем сұлтанның билігі кезінде Әбулхайыр Руми түрік тілінің сөздігі саналатын бұл жазбаны жеті жыл жазып, 1480 жылы кітап етіп бастырған.Аталмыш еңбекте оның Акшеһирде өмір сүргені және Сиврихисарға зиярат жасағаны жөнінде мысал келтіріледі.
Түрік мемлекеті әр жылы 5-10 шілденің аралығында Халықаралық Қожанасыр фестивалін Хордуда өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған.
Қожанасырды Анадолы өңірінде өмір сүрді деп білетін зерттеу жұмыстары оның 1208 жылы Акшеһирде дүниеге келгендігін баяндайды. ХІХ ғасырда өмір сүрген Сибрихисардың муфтиі болған Хусейннің «Межмуай-Маариф» атты шығармасында Қожанасырдың туылған жері Сибрихисардың Қорту елдімекені деп көрсетілген. Кейін Конияға жақын маңдағы Акшеһирде қайтыс болған. Сол жерде кесенесі де бар.
Алайда тақырыпты танушылар бұл дерекке күмәнмен қарайды.
Атақты энциклопидист Фуад Көпірұлы «ХІІІ ғасырда өмір сүрген Хажы Ибрахим және Сейд Махмут Хайранидің шығармаларындағы басты кейіпкерді Қожанасыр болуы мүмкін дейді. Тіпті фольклор зерттеушілері Селжұқтар дәуірінде өмір сүрген дәруіш Вехлули Дана, Болгария мен Македонияда болған Хитар Петар, сицилиялық Гиуфа, германиялық Тилл Еуленспиегел, ресейлік яһуди мұжық Хершеле Острополер атты кейіпкерлердің Қожанасырға ұқсастығына қарап, оның шын мәнінде өмірде болғандығын жоққа шығармайды.
Қожанасырдың есімімен бірге «афенди» атауы қоса айтылғандықтан, Анадолының төл тумасы екендігі, есекке теріс мініп жүргеніне қарап, оның христиан монахы болған деп те келтіреді.
Келесі бір ізденістер Қожанасырды Хорасан аймағынан шыққан дәруіш десе, өзбек ағайындар Бұхараның тумасы деп біледі. Ал түркиялық ғалымдар Ыстанбұлдың алғашқы қазысы болған Сыбрихасардан шыққан атақты «Қызыр мырза» мен «Тазаррунаменің» авторы Синан пашаның Қожанасырдың нақ өзі екенін айтады.
Өзбек халқының ауыз әдебиетіндегі Қожанасыр хақындағы әзіл әңгімелердің бір парасы Әмір-Темірге арналғандығына қарап, оны Темір бастаған Мәуреннахр қосыны Анадолыны жаулап алған шақ, яғни, ХV ғасырдың басында өмір сүрді деп те болжайды. Орта Азия халықтарына Қожанасыр туралы хикаялар осы даңқты қолбасшы әскерінің Анадолыға жорығынан кейін кеңінен тарай бастаған.
Кейбір мағлұматта Қожанасырдың 1208 жылы Сиврихисар ауданына қарасты Хорту ауылында өмірге келгені, дін жолын ұстаған имам Абдуллах Қожаның ұлы екендігі айтылады. Әкесінен кейін Қожанасыр ауыл мешітінде имам міндетін атқарады.
Моңғол шапқыншылығы барысында Қожанасыр Акшеһирге барады. Одан соң Конияға өтіп,білімін жетілдіреді. 1237 жылы Акшехирдегі аймақта әйгілі сопы ғалымдардан сабақ алады. Бұл ғұламалар қатарында Сейіт Махмут Хайрани және Сейит Хаже Ибрахим Сұлтан да бар.
Қожанасыр дәуірінде Түркия Селжуктарынан бірінші Алааттин Кейкубат, Иззеттин Кейкубат, Рукнеддин Кылычарслан, Гиясеттин Кейхусрев және Гиясеттин Месут сұлтандық міндетін атқарған. Осы сұлтандардың 1243 жылынан кейін таққа шыққаны, Моңғол Илханлы мемлекетіне билік жүргізгені тарихтан белгілі.Осындай қиыншылық кезеңде Анадолыда жәрдемдесу, селбесу рухын жандандырған Мәулана, Юнус Эмре, Сары Салтык, Хажы Бекташ, Шейх Едебалы, Ахи Евран, Шеяд Хамза сынды тұлғалардың Қожанасырмен бірге қызмет жасағанын байқауға болады. Бұл уақытта Ескишеһир провинциясы ішінде Молла Насреддин Хожа да елге рухани тәрбие беруге араласады.
Әулие әрі сопы
Қожанасыр – өз заманына сыйлы, өнеге мен ғибратқа толы насихаттар айтып, бар ғұмырын қалың бұқараға тура жолды көрсетуге арнаған тәлімі зор, ерекше жан. Оның шәкірт тәрбиелеп, медреседе сабақ берген әулие, ғалым болғандығын айғақтайтын мысалдар көптеп кездеседі.
«Салтұқнамеде» Қожанасыр Сары Салтыкпен бірге сопылыққа қадам басқан, сондай-ақ ақиқат жолының сапарын бір кешірген ғұламалар екендігі жеткізіледі.
Осы күнге дейін әлеуметтанушылар мен психологтар өз салаларында Қожанасырдың өнегелі әзілдерін тиімді пайдаланып отырады. Бір кездегі айтқан сөздерін қазылардың өзі үкім беруде үлгі ретінде негізге алған. Қожанасыр ислам мәдениетінде классикалық тарих пен мәдениетті бітістіруші ұйытқыға айналған. Қалың жұртқа танымал хикаялары метафизика тарихында қол жеткізілген табыстарға телінеді. Олардың ерекшелігі тыңдаушы өз деңгейіне сай түсінуімен дараланады.
Қожанасыр жайлы хикаялардан алынған кейбір жолдар тұрақты тіркестер ретінде тілімізге енген. Мәселен «Шындығында бұл солай», «Мен ешқашан шындықты айтқан емеспін», «Мен білгіштер өздеріне қоятын сұрақтарға ғана жауап беремін», «Үлгінің аты үлгі, бірақ мен үйімнің қышын көрсетсем, оны ешкім алмайды».
Әрбір астарлы әзілі әр беріп, салиқалы ойы санаға салмақ салатын сөзінен әркім өзіне керегін алады.
Сатира сардары
Қожанасыр – түркі халықтары сатирасының сардары. Ол бүгінгі әдебиеттегі ирония, сарказм жанрының негізін салушы саналады. Өкініштісі сол, оның айтқандары халық арасына кеңінен тарағаны сондай, бертін келе әр дәуірде күлкілі оқиғалар Қожанасыр образымен айтыла беретін жағдайға жеткен. Оның бірден-бір себебі, Қожекеңнің өмірін бейнелейтін нақты жазба әдебиеттің жоқтығында. Дегенмен Орта ғасырларға тән манакыб, тазкирие және лұғат жанрында жазылған шығармаларда оның аты аракідік айтылып қалады.
Қалың көпшілік тарапынан қоғам мен өмірді сынауды күлкі қамшысына балаған Қожанасыр кейде дана, кейде ақымақ, кейде аңғал, кейде қу, кейде өткір тілді болып келеді. Қазақ ауыз әдебиетіндегі Алдар көсенің басынан кешкен хикаяларының Қожанасырмен белгілі бір ұқсастығы аңғарылады. Соңғы жылдары әдебиеттегі осы екі саңлақ туралы азды-көпті мульфильмдер түсірілуде. Сюжетіне үңілсек, сайқымазақ, біреудің адал асын айламен алатын жатыпішердің өзі болып бейнеленген кейіпкерлерді көріп, келер ұрпаққа ұлғатын ұлықтай алдық па деген ойда қаласың. Соңында өнегелі өріс қалдырған ғибрат иесінің тұлғасын тану туралы тақырып қазақ әдебиетінде әлі де кемшін түсіп отырғанын жасыруға болмайды.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА