ММА-ден өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 1-орынды жеңіп алды
Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан әуесқойлар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан ММА құрамасы бірінші орынға иелік етті.
Жалпы есеп бойынша қазақстандықтар 3 алтын, 5 күміс және 1 қола медальді жеңіп алды.
Алтын жүлдеге қол жеткізген чемпиондар: Нұржамал Садықова (52 кг), Аслан Ораз (70 кг) және Нұрнияз Көшбаевтар (+93 кг). Бірінші кезеңге шыққаннан бір де бір кездесуде жеңілмеген қазақстандықтар ерекше әдістер қолдану арқылы көрермендердің жадында жатталып қалды.
Ал сегізбұрышқа шыққаннан ойқастап, тек соңғы кездесуде қарсыласқа есе жіберіп қойған Ақбөбек Ерғалиева (61 кг), Талғат Жұмағалиев (56.7 кг), Дастан Амангелді (61.2 кг), Нұрбек Қабдрахманов (65.8кг) және Мұрат Әбдірахманов (93 кг) күміс жүлденің иегерлері атанды.
Ұлттық құрама қоржындағы жалғыз қоланы 84 кг дәрежесінде жарысқа түскен Думан Балмұханов силады. Осылайша, қазақстандық файтерлер Азияда үздік екендерін дәлелдеп, бірінші тұғырға жайғасты. Көк тудан кейінгі екінші кезекте Қытайдың, үштіктің тұғырында Қырғызстанның қызыл жалауы желбіреді.
Жекпе-жек спорты елімізде соңғы жылдарда ерекше қарқын алып, жылдам дамып келеді. Бүгін әуесқойлар арасында топ жарған ұл-қыздардың болашақта Халықаралық бәсекелерде көк туды желбіретіп тұрғанын көреміз деп сенеміз.
massaget.kz