Қазақстандық екі теннисші Цинциннатидегі турнирдің ¼ финалына шықты
Алғаш рет Цинциннати турнирінің ширек финалына дейін жеткен Елена Рыбакина жеке рекордын жаңартты.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты. Елена үшінші айналымда әлемнің 29-ракеткасы, америкалық Элисон Рискпен кездесті. Бірінші партияда Елена 6:2 есебімен басым түсті. Екінші сетте де есесін жіберген жоқ – 6:4.
Осылайша, Рыбакина өз спорттық жолында алғаш рет Цинциннати додасының ширек финалына жолдама алды. Ол жартылай финалға шығу үшін әлемнің 24-ші ракеткасы, 1/8 финалда әлемнің бірінші ракеткасы польшалық Ига Швентекті жеңіп (6:3, 6:4), сенсация жасаған АҚШ өкілі Мэдисон Кизбен ойнайды. Матч бүгін елорда уақытымен 21:00-де басталады.
Сонымен қатар Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Анна Данилина Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты. Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге екінші айналымда жарыстың 3-ракеткалары, жапониялық Ена Шибахара - қытайлық Чжан Шуаймен кездесті. Қазақстандық-бразилиялық жұп 6:3, 6:3 есебімен басым түсті.
Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында Анна мен Беатрис 2 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыластары 2 эйспен ғана көзге түсті. Қазақстандық-бразилиялық жұп жартылай финалға шығу үшін доданың 7-ракеткалары, украиналық Людмила Киченок – латвиялық Елена Остапенкомен таласады. Кездесу елорда уақытымен 19-тамыздан 20-тамызға қараған түні 1:00-ге жоспарланған.