Рух пен тәні мықтылар серік еткен
ХХ ғасырдың соңынан бастап жанкүйерлер арасында ережесіз жекпе-жекке деген қызығушылық арта бастады. Алайда аталмыш айқас барысында адам өлімі жиілеп, ауыр жарақат алғандар көбейген. Кейін аты шулы спорт атауы «аралас жекпе-жек» деп өзгеріп, өзінің ережелері, қағида, жарыс, жұлдыздары тіпті философиясы да пайда болды.
Түрлі спортпен шұғылданып жүрген жастарды бірден баурап алатын күрестің қызығы неде? Шын мықтыға ғана бұйдасын ұстататын спорт түрінің сырына үңіліп көрдік...
Қазіргі таңда ережесіз жекпе-жекте жүрек жұтқан жігіттер ғана емес, қайсар рухты қыздар күш сынуда. Бұл спорттағы әр ел батырының айқасы кімді де болсын бейжай қалдырмасы анық.
Бір қызығы, ережесіне бойласақ, спортшылар мұнда төрт емес, сегіз бұрышта айқасады. Сайыс алдында қарсыластар бір-бірімен жүзбе-жүз кездесу өткізеді. Мұндайда әрбірі қарсыласының көзіне тіке қарап, рухын әлсіретуге тырысады. Жүзбе-жүз кездесуінде спортшылар бір-біріне қол ұшын тигізуге тыйым салынады. Әйтсе де заңға бағынушылар бар да, оны бұзушылар да кездеседі.
Белдесу өтетін күні сегізбұрышқа шыққан сарбаздар әрбірі 5 минуттан тұратын 3 раунд айқасады. Сондай-ақ чемпиондар айқасына 5 раунд белгіленеді.
Ең мықты саңлақтар басы түйісетін «UFC», «BELLATOR», «PFL», ресейлік «ACA» сынды танымал промоушендер де бар. Олар спорт арналарының тікелей эфирінде апта сайын көрермен қалт жібермейтін, сан түрлі айқастар кешін ұйымдастырады.
Осында көпшілік жадында қалған әйгілі сын 2018 жылдың 6 қазанында «UFC» сегізбұрышында өткен. Ол күні трештогымен әлемді шулатқан ирландық Конор Макгрегор мен дағыстандық спортшы Хабиб Нурмагомедовтің әлем асыға күткен айқасы болды. Көрсетілімі рекордтық қаралымдар жинап, 5 раундтық кездесуде дағыстандық дарабоз өз қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңіп, қоржынын 86 миллион АҚШ долларына толтырған еді.
Сарапшылар есебі бойынша, бұл әлі күнге дейін еш бір спортшы жаңарта алмаған рекордқа саналып отыр.
Аралас жекпе-жек қазақ даласына 90-шы жылдары келсе де, ресми спорт түрі ретінде 2013 жылы бекітілген. Қазіргі таңда қазақ намысын әлемдік аренада қорғап жүрген жаужүрек оғландар жетерлік.
Мәселен, «UFC» промоушенінде өнер көрсетіп жүрген қазақ жігіттері қатарындағы Жалғас Жұмағұлов, Сергей Морозов, Данияр Исмағұлов және Шавкат Рахмоновтің әрбірі сайдың тасындай «сен тұр, мен атайын» дейтін өз саласының мықтылары. Бір ғана Шавкат Рахмоновтың өзі 15 жекпе-жек өткізіп, оның ешқайсысынан жеңіліс таппаған. Барлық кездесуін мерзімінен бұрын аяқталған. Жақында өзінің бруталды нокаутымен, әлем спортшылары тізіміне 15- ші болып ілікті.
Қазақ елінде бұл спорт түріне қызығушылар күн сайын артып келеді. Бұған дәлел отандық «NFC» атты промоушеннің жұмысын қолға алуы. Онда жердің түкпір-түкпірінен спортшылар келіп, бақ сынасады.
Бұл спорт түрінен аудан жігіттері де алыс емес. Соның бірі – Жаңабек Әмірбекұлы. Өз мансабын 2017 жылдан бастаған ол республикалық жарыстан қола, Астана чемпионатынан күміс жүлде және тағы да басқа, көптеген аралас жекпе-жек жарыстарының чемпионы. Әйтсе де, ауданда аралас жекпе-жекке дайындайтын ешбір секция жоқтығы қынжылтады.
Жаңабектің жолын жалғап, спорттың осы түрін серік етпек болған ізбасарлары туралы: «Егер арнайы үйірме ашылса, күші бойына сыймаған жас буынның қызығушылығын арттырып, дайындап, жарыстардан жақсы орын алып келер едік», – дейді.
Жекпе-жекке деген құштарлық қазақ қанында ежелден бар. Тарихқа үңілсек, Қаракерей Қабанбай батыр ойға оралады. Ол жүз үш рет жекпе-жек өткізіп, оның барлығын да жеңіске жеткен. Қазақтың Ерасылдай ерлері бүгін жоқ деуге болмайды.
Алла қаласа, қазақ қайсарлары теңіз асып, әлемдік ареналарда жеңіс жалауын желбіретіп, «UFC» белдігін елге алып келер күн де алыс емес.
Серік АҚМЫРЗА