Бапкер атындағы бәйге

Спорт кешенінде өткен бәсекеде 2007-2008 жылы туылған жасөспірім ұлдар мен қыздар аудандық ашық турнир аясында бақ сынасты. Алғашқы ойын алдында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеуімбетов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі. Бұдан соң аудандық спорт бөлімінің басшысы Орысбек Жәмшиітов пен спорт кешенінің директоры Нұрлыбек Есболсынов аталған турнирдің маңыздылығына тоқталып, белгілі бапкердің өмір жолынан естеліктер келтірді.
Аталған сынға Ақтөбе қаласы, Ырғыз, Арал, Қармақшы ауданы, Қызылорда қаласы және Қазалы ауданы атынан қатысқандарды қоса есептегенде 20 команда қатысты. Кіл мықтылар шын жүйрікті анықтаған сайыста бірінші орынды жергілікті құрама қанжығасына басты. Күміс жүлде облыс орталығынан келген спортшыларға бұйырса, үшінші орын батыстық Ақтөбе командасына бұйырды. Сол сияқты қыздар арасындағы тартысты Қызылорда командасы бас бәйгені алып, №234 орта мектептің құрамасы екінші орынды иемденді. Үздік үштікті Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектеп командасы қорытындылады. Жарыстың жеңімпаздары Қазалы ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің мақтау қағазы мен кубок, медальдарымен марапатталды.
Айта кетейік, Көпболсын Намазұлы 1944 жылдың 8 ақпанында дүниеге келген. Ғани Мұратбаев атындағы №17 орта мектепті тәмамдап, Кеңес әскері қатарында Чита қаласында 3 жыл борышын өтеп келді. Бұдан кейін Алматы қаласындағы Педагогикалық институтты бітіргеннен кейін, 1969 жылы «Қыз Жібек» фильмінің түсіріліміне қатысып, рөл сомдаған. Бұдан кейінгі жылдары зейнет жасына дейін баскетболдан аудан құрамасының бапкері болды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ