Бейжіңдегі бәсеке
Бейжіңде кезекті қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Әлемдік жарыста қысқы спорттағы ең үздік деген спортшыларымыз сынға түсуде.
Бұған дейін Ұлттық олимпиада комитеті дүбірлі додаға баратындардың тізімін ұсынды. Төрт жылда бір келетін Олимпиадада ел намысын 34 спортшы қорғауда. Одан бөлек халықаралық шаңғы спорты түрлері федерациясының шешімі бойынша, Қазақстан командасына шаңғымен жарысудан қосымша бір жолдама берілді. Бұл бес дисциплина бойынша бақ сынауға мүмкіндік сыйлады. Сондай-ақ, фристайл-могулдан тағы бір квота бөлінді.
Шаңғымен жарысудан еліміздің атынан екі ер адам және бес әйел адам сынға түседі. Ол қатарды Виталий Пухкало, Евгений Величко, Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надежда Степашкина және Ангелина Шурыга толықтырса, Фристайл-могулдан Юлия Галышева, Аяулым Амренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков бақ сынайды.
Сол секілді шаңғы акробатикасынан Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева және Шерзод Хаширбаев ел намысын қорғайды. Ал тау шаңғысынан қазақстандық Захар Кучин слалом мен гигантты слаломда сынға түссе, әйелдер арасындағы слаломда Александра Троицкая жарыс жолына шығады.
Шаңғымен секіруден Сергей Ткаченко мен Данил Васильев жолдама иеленсе, шаңғы қоссайысынан Шыңғыс Ракпаровқа сенім артамыз. Ол аталған спорт түрі бойынша Олимпиадаға алғаш рет қатысып отырған қазақстандық ретінде тарихта қалмақ.
Биатлоннан Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин мен Владислав Киреев, конькимен жүгіру спортынан Надежда Морозова, Екатерина Айдова, Дмитрий Морозов, Иван Аржаников пен Денис Кузинге жанкүйер боламыз.
Шорт тректен бес спортшы барды. Олар – Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Ольга Тихонова. Осындай үздіктерден құралған құрама жарысқа аттанғаннан кейін, ашылу салтанаты болып, артынша көптен күткен дода басталып кеткен-ді. Айтпақшы, аспан асты елінің астанасында туды Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдова алып шыққан болатын.
Алғашқылар қатарында фристайл-могулдан өнер көрсеткен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Дмитрий Рейхерд ақтық сынға жетті. Бірінші финалда Рейхерд 76,90 ұпай жинап, сайысты тоғызыншы орынмен аяқтады. Ал екіншісінде қазақстандық спортшы 76,77 ұпай жинады, алайда үздік алтылыққа кіре алмады. Сонымен қатар ерлер арасында фристайл могулдан тағы бір отандасымыз Павел Колмаков өнер көрсеткен еді. Өкінішке орай екінші іріктеу кезеңінен өтпей қалды.
Бейжің Олимпиадасында шаңғымен жарысудан ерлер арасындағы скиатлон (15 шақырым классикалық әдіс + 15 шақырым еркін әдіс) бәсекесі болып өтті. Дегенмен ел қуанарлықтай нәтиже болмады. 30 шақырымға созылған жарысқа Қазақстан атынан екі шаңғышы қатысқан еді. Мұнда Виталий Пухкалов төрт жыл бұрынғы нәтижесін қайталап, 32-ші орынға тұрақтады. Ол жеңімпаздан 7 минут 35 секундқа қалып қойған. Тағы бір спортшымыз Евгений Величко жарысты аяқтай алған жоқ.
Алтыншы ақпан күні Фристайл-могулдан Қазақстан командасының үздігі Юлия Галышева Бейжің Олимпиадасының іріктеу кезеңінен өтті. Ол екінші іріктеу кезеңінен өту үшін алғашқы ондыққа ілігуі тиіс болатын. Бұл Олимпиаданың финалына өтуге мүмкіндік береді. Мұны қалт жібермеген спортшымыз 9 орынға жайғасып үлгерді. Осылайша, Олимпиаданың финалдық кезеңіне тек қана Галышева өтті. Ал Городкоға финалға өту үшін сәл ғана ұпай жетпей қалды. Анастасия осы Олимпиадаға қатысып жатқан ең жас спортшылардың бірі. Ол небәрі 16 жаста.
Дүйім жұрт көз тіккен аталмыш доданың басталғанына 3 күн өтсе де әлі қоржын бос тұр. Кімнің бабы, кімнің бағы шабары уақыт еншісінде. Дей тұрғанмен жеңіс туын желбірететін мақтаныштарымыздың өнері алда. Қазақ елін қуанышқа бөлейтін спортшыларға сәттілік серік болғай!
А.БАҚЫТҰЛЫ