Жанкүйерді мазалаған сұрақ көп
Әдетте қазіргі уақытта ала допқа арбалған футбол жанкүйерлері Еуропа елдерінің чемпионатын тамашалап, қай клуб чемпион болады екен деген сұраққа бас қатырып, сүйікті командасының тілеуін тілеп отыратын еді. Түннің қай уақыт болғанына қарамастан, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының тартысты бәсекелерін тамашалаудан да тартынбайтын.
Қазір дүние жүзі елдерінің үкіметі барлық жұмысын ысырып қойып, төтеннен келген коронавирус пандемиясымен күресіп жатыр. Ал қауіптің күшейгенін сезген тірі пенденің бәрі мына індеттен тезірек құтылу үшін карантинде отыр. Тәуліктің жартысынан көбін алаңда, жаттығу залында өткізетін футболшыларға да карантин оңайға соқпағаны анық. Алғашында іш пысқаннан түрлі флешмоб ұйымдастырып еді, қазір жағдай күрделенген соң барлығы болмаса да, біразы түрлі қайырымдылық шараларына қатысып, жалақыларының қысқаруына келісіп отыр. Осы орайда, жанкүйерлердің «футбол маусымы жалғаса ма?» деген сауалына жауап іздеп, Еуропаның негізгі чемпионаттарының қазіргі жағдайын анықтап көрдік.
Англия
Егер футболдан биылғы маусым осы кезеңмен аяқталар болса, АПЛ ең көп шығынға батады. Сондықтан қазір бұл елде маусымды аяқтау туралы ұсыныс көп талқыланып жатқан жоқ. Себебі жоғарыда айтқандай клубтар орасан зор шығынға батады. Соңғы мәлімет бойынша Англия чемпионаты мамырда басталады деп жоспарлануда. Әуелде ішкі чемпионат 5 сәуірге дейін тоқтаған болатын. Кейін 30 сәуірге дейін созылған-ды.
Тіпті АПЛ-дің бір командасы біріншіліктің қалған турын вирустан қауіпсіз елде, мысалы Қытайда өткізуді ұсынған. Бірақ қалған 19 команда ұсынысты қолдамады. Қазір бұл елге Англия кубогы ойындары кедергі келтірсе де, жалғастыру маңызды. Өйткені Англияның төменгі лигаларында бақ сынайтын командалар үшін бұл маңызды турнир. Дәл осы кубок ойындары арқылы олар АПЛ-дің ТОП клубтарымен кездесіп, мол табысқа кенеледі.
Чемпионатта «Ливерпуль» екінші орында келе жатқан «Манчестер Сити» клубынан 25 ұпай алда тұр. Тағы
6 ұпай олжаласа, биыл чемпион атанады. Ал Англия кубогында ширек финалға шыққандар анықталып қойған. «Тоттенхэм» мен «Ливерпульден» бөлек, барлық ТОП командалар жарысты жалғастыруда.
Испания
Испания футболының басшылығы турнирді 29 мамырда жалғастыруды көздеп отыр. Матчтар әр 72 сағат сайын жанкүйерлерсіз өтеді деп жоспарлануда. Ал клубтар жанкүйерлердің қатысуынсыз өткізе беруге қарсы емес. AS басылымының мәліметінше, Лига барлық клубтарға маусымды жалғастыру үшін дайындықты бастауға, карантиннен соң басталатын жаттығуға қажетті ұсыныстарды жіберген. Испания чемпионатында 27 турдан кейін 58 ұпаймен «Барселона» бірінші орында келеді. «Реал» клубында 56 ұпай бар. Ла Лигада әлі ойналмаған 11 тур бар.
Италия
Еуропада пандемияның ошағына айналған Италияда қазір жағдай тұрақталып келеді. Алғаш А Сериясындағы ойындары 24 мамырда жалғасын табады деп хабарлаған болатын. Бірақ соңғы мәліметтерге қарағанда бұл уақыт та белгісіз мерзімге шегерілді.
«Маусымды мәресіне жеткізу басты мақсатымыз болып тұр. Жоспар бойынша мамыр айының соңында немесе маусымның басында футболды жалғастыруымыз керек. Десе де жағдай өзгеріп, бұл мерзім тамыз немесе қыркүйекке де қалып кетуі мүмкін. Бір анығы, биылғы маусымды аяқтап, келесі жылғы біріншілікті кешіктіріп болсын бастаймыз», деді Италия футбол федерациясының президенті Габриэле Гравина.
Италияның А сериясы Еуропа елдерінде бірінші болып 9 наурызда ойындарды тоқтатқан болатын. Қазір Италияда ойналмаған 12-13 тур қалды. Турнир кестесінде «Ювентус» 63 ұпаймен көш бастап тұрса, «Лацио» 62 ұпаймен Турнир командасын өкшелеп келеді.
Германия
Германия футбол ассоциациясының мәліметінше, чемпионаттың келесі тур ойындары мамыр айының басында басталады. Бірақ ол үшін командаларға бірқатар шарт пен талап қойылған. Барлық футболшы Covid-19 бойынша тест тапсырады. Егер де біреуінен оң нәтиже шығатын болса, бүкіл команда емес, тек футболшының өзі карантинге жатқызылады.
Турнирді жалғастыру үшін командада кемінде 13 футболшы және екі қақпашы болу керек. Егер бір команда жоғарыдағы талапқа сай келмесе, ол командаға техникалық жеңіліс жазылады. Барлық ойындар жанкүйерсіз өтеді. Лига басшысы Кристиан Зайферттің айтуынша, мақсат – 30 маусымға дейін біріншілікті аяқтау. Өйткені сол күні көп футболшының келісімшарты аяқталады.
Бундеслигада 25 турдан кейін «Бавария» 55 ұпаймен бірінші орында келеді. 51 ұпайы бар «Боруссия Д» екінші орында тұр.
Қазақстан
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жуырда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында спорттық жарыстар қашан жалғасатынын айтқан болатын. «Қазіргі таңда барлық спорттық жарыстар елдегі төтенше жағдайға және карантинге байланысты уақытша тоқтап тұр. Сондай-ақ бірқатар дода жылдың екінші жартысына ауыстырылды. Спорттық бәсекелер қашаннан бастап жалғасын табатынын тап басып айта алмаймыз. Өйткені барлығы қазіргі карантиндік жағдайға байланысты», деді А.Райымқұлова.
Биылғы ел біріншілігі 7 наурызда басталып, 16 наурызда коронавирус пандемиясына байланысты тоқтады. Осы уақыт аралығында командалар небәрі екі-ақ тур ойнады. Алғашқы тур ойындары қалыпты жағдайда өтсе, екінші тур жанкүйерсіз өтті. Екі тур қорытындысы бойынша «Астана» көш бастап келеді. Жоспар бойынша ойындар 15 сәуірден басталады деп күтілуде.
Уефа
Еуропа футбол қауымдастығы командаларға маусымды жалғастыру үшін барлық жағдай жасап жатыр. Атап айтар болсақ, УЕФА наурыз бен маусым айында өтетін ұлттық құрамалардың ойынын кейінге шегерді. Биыл өтуі керек болған «Еуро-2020» чемпионатын келесі жылға ауыстырды. Сонымен қатар Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасын да өз мәресіне жеткізудің де мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
Жуырда ғана чемпионатын аяқтап, жеңімпаз команданы марапаттаған Бельгияға ескерту жасады. Егер басқа елдер де турнирді аяқтайтын болса келесі жылғы Еурокубок бәсекелеріне қатыстырылмайтынын айтты.
Қорыта айтқанда, Еуропа елдерінің барлығы ішкі чемпионаттарын жалғастырғысы келеді. Бірақ ешбір ел нақты күн мен анық жоспарын айта алмай отыр. Десе де Еуропада өтетін ең алғашқы ресми ойынның нақты күні белгілі болғанда бір-бірімізді құттықтаймыз. Тек миллиондардың ойыны басталғаны үшін емес, коронавирус індетін жеңгенімізге.