Назарбаев отставкаға кететінін қазақстандықтарға хабарламас бұрын Путинге айтқан
Ресей президенті Владимир Путин ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуі туралы шешімін оның көпшілік алдындағы мәлімдемесінен бірнеше сағат бұрын білді. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков хабарлады, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Нұрсұлтан Назарбаев 20 наурызда отставкаға кететінін мәлімдеді. Ал мемлекет басшысының өкілеттігі бұған дейін парламент сенатының төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевке берілді. Ал сәрсенбі күні ол Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде президент ретіндегі қызметіне кірісті. Жалпы президенттің өкілеттік мерзімі 2020 жылы аяқталады.
«Нұрсұлтан Әбішұлы өзі қоңырау шалды. Шын мәнінде, олар қажеттілігіне қарай бір-біріне жиі хабарласып тұрады. Соңғы жылдарда олар әрдайым хабарласып тұрды. Назарбаев мәлімдеме жасауынан бірнеше сағат бұрын қоңырау шалды»,- деді Песков «Мәскеу. Кремль. Путин» бағдарламасына берген сұхбатында.
Ол жақын арада Ресей басшылығы мен Қазақстанның жаңа президенті арасында келіссөздер ұйымдастыру мүмкін екенін атап өтті.
«Себебі, Қазақстан Ресейдің маңызды серіктесі болып табылады. Сондықтан жақын арада, екі ел басшылары жоғары деңгейде байланысатын болады. Бұған ешқандай күмән жоқ»,- деді Ресей басшысының баспасөз хатшысы.