Қазалыда әдеп жөніндегі өкіл семинар-кеңес өткізді
Бүгін Қазалы ауданында әдеп жөніндегі уәкілдің функцияларын түсіндіру және танымдылығын арттыру мақсатында семинар-кеңес өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағановтың төрағалығымен өткен басқосуға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы мониторинг топ жетекшісі Ғазиз Әліш, «Ақмешіт адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің Қазалы ауданындағы жұмысшы тобының жетекшісі Есет Табынбай, қала, кент, ауылдық округ әкімдері және аудандық дербес бөлім басшылары мен мамандары, БАҚ өкілдері қатысты.
Семинар-кеңесте алдымен Қазалы ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұрғиса Жалғасбаев өткен жылы ауданда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің әдебі туралы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Мұнан соң облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Хамит Тарбақов пен және «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясының төрағасы, облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, облыс әкімінің кеңесшісі Махсұт Нәлібаев жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері әдеп нормаларын, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаларды қатаң сақтап, заң бұзушылықтарды болдырмау қажеттігі жөнінде айтып өтті.
Сондай-ақ, Хамит Мұратұлы мемлекеттік қызметшілерге жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, өз тарапынан қоғамдағы адамгершілікке, тәртіпке және қауіпсіздікке қол сұғушылыққа әкелетін заңнама талаптарын бұзуға және басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат әрекеттерді жасауға тартуға жол бермеу міндеттерін түсіндіріп өтті. Ал, Махсұт Ибрайханұлы Мемлекет басшысы анықтап берген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың бағыттарын атап өтіп, өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Басқосуды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов облыс орталығынан арнайы келіп, семинар-кеңес өткізген азаматтарға алғысын айтты.