Бойыңыз ұзын болып көрінсін десеңіз...
Сән тақырыбы тек қана сәнқой қыздарды қызықтырмайды. Ол барлық нәзік жандылардың «бас ауыртар» мәселесі. Күнделікті жұмысқа немесе отырысқа барарда қыз-келіншектердің ең бірінші ойына оралатыны «не кием?» деген сауал. Бұны жоққа шығармаймыз. «Адам көркі – шүберек» екені де рас. Біз киім кию арқылы бойды ұзартып, сымбаттырақ көрінудің жолдарын іздеп көрген едік.
Адамның дене бітімін түрлі тәсілмен жіктейтін теориялар жеткілікті. Мысалы, кейбіреулер алма, алмұрт деп жеміс-жидектерге теңесе, енді біреулердің дене бітімі Х, О, Н әріптеріне ұқсайды. Сондай-ақ, дене бітімі бір түрге жататын, бірақ салмағы жағынан әртүрлі адамдар да кездеседі, яғни олар үшін бір ереже қолданылмайды. Сондықтан киім таңдамас бұрын ең бірінші өз дене бітіміңізге жеке анализ жасасаңыз болады. Айна алдына тұрып, келесі категориялар бойынша талдап шығыңыз.
Енді бойды қалай ұзынырақ етіп көрсетуге болатынын оқып көріңіз. Қысқа бойлы адамға қарағанда ұзын бойлы жандарға киім үйлестіру жеңілдірек. Қысқа бой деп 160 сантиметрге дейінгіні айтамыз. Бұл бойдың иесіне ұзындық пен еннің пропорциясын сақтауда өте абай болу керек. Ұзындығы 160-170 сантиметр адам орташа, ал 170-тен жоғары ұзын бойлы саналады. Кез келген жағдайда киім арқылы визуал түрде бойды ұзын қылып көрсетуге болады. Бой ұзынырақ көрінген сайын дене бітім жіңішкерек көрінеді. Сол себепті артық салмақты киім арқылы да “кетіруге” болады. Мамандар ол үшін киімдегі екі элементті көлденең және тік акценттерді қолданауды ұсынады. Тік акценттер бойды ұзартып, дене бітімін сымбаттырақ қылады. Мысалы, монохром тәсілі. Ол – бір түстің реңктерімен киіну. Ұқсас түстердің емес, бір түстің ғана. Образ қызығырақ болуы үшін түрлі матадан, бірақ бір түсті киімдерді киюіңізге болады. Мысалы, үлбіреген жібек пен ауыр тоқыма мата.
Екінші бір тәсіл – көпшілігіміз білетін, қарақоңыр, яғни ашық емес түсті киімдерді кию. Егер аяқтарыңыз толық немесе кеудеңіз үлкендеу болса, қара түсті киім киіп, жалпы ассиметрияны түзей аласыз. Қара түсті киімдер визуал түрде объектіні алыстатады. Сол себепті дене жіңішкерек көрінеді. Ал, үшінші тәсіл – тік немесе диагональ сызықтар. Ол киімдегі сызықтар немесе киімнің бекітпесі, түймелер, ашық тұрған күртеше, пиджак сызықтары, жағасы болуы мүмкін.
Бойды ұзындау қылып көрсететін тағы бір тәсіл – еденге дейін жететін шалбарлар мен белдемшелер кию. Мұндай киіммен, әрине, кішкене болса да, биік өкшелі аяқкиім кию керек және ең дұрысы, аяқкиім мүлдем көрінбей, шалбар еденнен 1-2 сантиметр ғана жоғары болғаны дұрысырақ.
Енді үстіңгі бөлігімізді түзетудің жайын қарастырайық. Бірегей тәсіл – мойын бөлігі V қалыпты киім кию. Ондай киім мойныңызды ұзартып, кең иықты кішірейтіп, нәзік етіп көрсетеді. Тағы да бір ұтымдысы – қаусырмалы киім түрлері, яғни екі жағынан байланатын көйлек, кофта, тағы басқа. Мұндай дизайн барлық дене бітіміне жарасады. Бұл жерде V қалып та, белді жіңішкелейтін бау да бар.
Мұның барлығы тік акценттер болса, енді көлденең акцентке келеміз. Есте ерекше ұстайтын бір ереже тік акцент ұзартады, ал көлденеңі үлкейтеді. Көлденең акцентке көлденең сызықтар, принттер, белдік жатады. Мысалы, егер сіздің үстіңгі жағыңыз үлкен, иығыңыз кең, ал астыңғы бөлігіңіз жіңішке болса, онда көлденең сызықты белдемше кию арқылы пропорция құра аласыз.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ