Қорыл қорқынышты ма?
Бойымызда кейде өзімізді ұятқа қалдыратын жағымсыз құбылыстар да кездесіп жатады. Солардың бірі еріксіз туындайтын қорыл. Бұл көпшілік ортада, сыйлы орындарда көбіне ыңғайсыз жағдай тудырады. Ондайдың салдарын көбіне шаршағандық, жайсыз жатқандықтан көретініміз бар. Қорыл, шынында, қорқынышты ма? Одан келетін қауіп қандай?
Жағымсыз дыбыс қайдан пайда болады?
Әр адам өмірінде бір рет болса да қорылдайды. «Өлі ұйқыда» жатқан адам үшін бұл анда-санда, физикалық тұрғыда қатты шаршаған кезде орын алатын қалыпты жағдай.Өздігінен туындайтын бұл шартсыз рефлекс қалай орын алады? Деректерге зер салсақ, қорылдап ұйықтайтындардың басым бөлігі ер азаматтар. Бірақ ұйқыны зерттейтін мамандар бұған кері пікір айтады. Олардың ойынша қорылдың негізгі себебі алкоголь мен шылым және артық салмақ. Ер азаматтардың дене салмағы қалыпты мөлшерден 20 процентке, ал әйелдер қалыпты дене салмағынан 30-40 процентке артып кетсе, аталған әдеттің иесі атанып шыға келеді. Бұл пікірге келіспейтіндер де бар. Аталмыш жайттар негізгі себеп болғанымен, біз білетін салмағы аз, әйел адамдар да қорылдайтын жайтқа жиі ұшырасамыз.
Сөзімізге сексен екі жастағы Сәлима Қалепқызының айтқаны дәлел.
«Менің ең жаман әдетімнің бірі – қорыл. Жас күнімде аса назар аудара бермейтінмін. Кейіннен қонып-түстенетін жерге барынша бармайтын болдым. Шаршағандық емес, басым жастыққа тиісімен қорылға басады екенмін. Бұл жайлы дәрігерге де қаралдым. Олар денсаулығымда кінәрат жоғын айтты. Жанымдағыларға жағымсыз демесең, өзіме зияны жоқ. Себебі ол ес білгеннен бергі әдетім екен. Анам да солай еді. Сірә тұқымқуалаушылықпен байланысты болса керек», – дейді ол.
Қорылдың басқалардан айырып тұратын ерекшелігі – қатты дауысы. Мұндайды біреу мұрнымен шығарса, келесісінің ауыз тынысы, таңдай бөлігінен естіледі. Сомнологтар қорылдаудың себебін анықтау үшін алдымен осы дауыстың қай бөліктен шығатынын білу керектігін айтады.
Оның туындауының түрлі себептері бар. Мәселен, биік жастыққа жататын адамдар да қорылдағыштардың қатарында екен. Олар үшін ауа ағымы дұрыс болмағандықтан, тыныс алу қиындап, қорыл пайда болады. Мұндайда жастығын аласа етіп, бір жағымен жатқызған жөн. Барынша жастықсыз жатып үйренген дұрыс. Бұл мойын омыртқасы үшін де өте пайдалы.
Кешкі асқа жеген майлы тағам да қорылдауға «жақсы» жағдай жасайды.
Ұйықтайтын бөлмедегі құрғақ ауа да қорылдың пайда болуына әсер етеді. Сондықтан жатар алдында бөлмені жақсылап желдеткен дұрыс.
Адам өліміне әкелуі мүмкін
Тәжірибелі дәрігер Айниет Қалиқызы қорыл туралы былай дейді: «Ұйқы кезінде жоғары тыныс жолы ашық болуы қажет. Бұл тіл бұлшықеті мен жұмсақ таңдай қызметі дұрыс атқарылуына жағдай жасайды. Тыныс жолындағы саңылау тарылғанда, таңдай пердесіне ауа жетпейді. Осыдан тыныс алып, дем шығарған сайын қорылдаған дауыс пайда болады.
Қорылдың екі түрі кездеседі. Созылмалы қорыл – жас күнінен қорылдап ұйықтайтын адамдардың дерті. Ал жедел асқынған қорылмен кішкентай балалар және қыз-келіншектер ауырады. Біріншісінің емделу тәсілі ұзақ уақытты алады. Екіншісін тыныс алу жолының жаттығулары арқылы емдеп жазуға болады.
Тағы бір себеп, қорылдаушылардың қатарында тыныштандыратын дәріні көп қолданатындар жиі кездеседі. Бұл дәрілер құрамындағы заттар бас бөлігіне әсер етіп, тыныс жолдарының жұмысын әлсіретеді. Сондықтан тыныштандыратын дәрілерді ұйқы алдында қолданбауға тырысу керек. Кей жағдайда аллергиялық ауруларға байланысты уақытша қорылдайтындар бар.
Үнемі қорылдап ұйықтайтындар, жоғарыда айтылғандай, дерттің созылмалы түріне шалдыққандар. Қорыл ми жұмысының бірнеше функциясын бұзып, қалыпты ұйқының жұмысын бәсеңдетеді. Егер адам апноэ белгісімен ұйықтайтын болса, таң атқанға дейін тыныс алу 30 рет үзіледі екен. Ал кейбір науқастарда 600 рет үзіледі. Бұл адамдарда ми, жүрек, өкпе және тамақ аурулары пайда болады. Ең қауіптісі жүрек талмасы мен инсульт. Үзіліспен қорылдау осы ауруларды тудырады.
Егер қорылдаудың басты себебі эндокринді жүйенің немесе жүйке жолыны қызметінің нашарлауында болса, онда оны үй жағдайында емдеу мүмкін емес. Мұндайда дәрігерге қаралып, ауруханаға жатып емделуге тура келеді. Егер бас сүйектерінің құрылымы дұрыс болмағандықтан қорылдасаңыз, сізге пластикалық отаға жүгіну қажет.
Мұрынның бітелуінен де қорыл туындайды. Ондайда дәріханада сатылатын арнайы дәрілерді сатып алып, қолдануға немесе танауыңызға шырғанақ (облепиха) майынан бірнеше тамшы тамызуға болады.
Мұның соңы адам өліміне әкеледі. Сондықтан оған бейжай қарамай, уақытында емделу маңызды» – дейді дәрігер.
Аурудың белгісі
Қытай ғалымдары қорылдайтын адамдардың ағзасында инсульттың 26 процентке артатынын анықтаған. Қорылдаудың әсерінен күретамырда түйіндер пайда болады. Бұл инсультке әкеп соқтырады. Зерттеулерге сүйенсек, көбіне толық адамдар қорылдайды екен. Демек, инсультке толық адамдар көп шалдығады.
Есте сақтау қабілетіңіз төмендейді. Қорылдаған адамның есте сақтау қабілеті қорылдамайтындарға қарағанда 10 жылға азаяды. Тыныс алудың бұзылуының әсерінен ми жұлынындағы сұйықтық көлемі артады. Қан айналымын реттейтін және мидың қызметін қадағалайтын сұйықтық ақпаратты миға жеткізеді. Сондықтан оның өз мөлшерінен артуы денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Егер дер кезінде қорылдауды тыйып, емделетін болсаңыз, мұның да өз қалпына келетіні сөзсіз.
Жүрекке де зияны бар. Жас ұлғайған сайын қорылдау тыйылмаса, адам жүрек ауруына шалдығады. Үнемі шаршап жүретін адамдар бұған қалай кезіккенін аңғармай да қалады. Негізінен адам шалқасынан жатса қатты қорылдайды. Қорылдаған адамды оң жақ бүйірімен жатқызу керек, сол жақ бүйірімен жатқызуға болмайды. Себебі дұрыс тыныс ала алмайтын адамның жүрегіне салмақ түссе, іс насырға шабады.
Күйзеліске шалдығасыз. Қорылдайтын адамдардың 50 проценті осындай жандар. Аустралиялық ғалымдардың айтуынша, қорыл күйзеліске, күйзеліс қорылға әкеледі. Егер алдымен жүйкесі шаршап жүрсе, түн ұйқысын қорылмен өткізеді. Ғалымдар мұның алдын алу үшін аптаның үш сағатын жаттығу залында өткізу керек екендігін айтты. Бұл күйзелісті 19 процентке төмендетеді.
Құтылудың қандай жолы бар?
Қорылмен күресуде қытай медицинасында адамның ішкі ағзасына әсер ететін ерекше нүктелерге массаж жасауға негізделеді. Бірақ ем нәтижелі болу үшін қорылды күшейтіп отырған себепті табу керек.
Дәстүрлі амалдардың бірі орамжапырақтың бал қосылған шырынынан бір стақанын ұйықтар алдында ішу керектігін айтады.
Қызықты жағдай – кәдімгі ән айту одан арылтатыны тәжірибеде көрсетілген. Көңілді әрі пайдалы бұл істің негізгі қызметі – көмейдегі бұлшық еттерге күш түсіріп, ол қорылдауға ешқашан жол бермейді.
Егер ән айтуды жаныңыз қаламаса, онда ауыздың бұлшықетіне салмақ түсіріп тұрып, «И» дыбысын шығарыңыз. Бұл жаттығуды ұйқы алдында және оянған соң, 25-30 рет қайталауға дағдыланыңыз.
Шалқаңыздан жатпауға тырысыңыз. Жантайып ұйықтау ауа циркуляциясын дұрыс жолға қояды.
Ұйықтар алдында бүйіріңізге жастық қойып жатсаңыз, қорылдауды өздігіңізден тыюыңыз мүмкін.
Қорылмен күрестің барлық әдісін қолданып, ешқандай нәтиже көрмесеңіз, лазерлі терапияға жүгінуіңізге болады. Бар-жоғы 15 минутқа созылатын ота қорылды сізге жоламайтындай етіп көмектесе алады екен. Ұйқы қорының статистикасы бойынша, әрбір үшінші еркек және әрбір төртінші әйел әр түн сайын ылғи қорылдайтын көрінеді. Тіпті кейбір тарихшылар Ұлыбританияның Премьер-министрі Уинстон Черчилль мен Виктория патшайымның ұйқы кезінде жиі қорылдағандары жайлы сөз етеді. Сондықтан қорылды қалыпты жайт деп қабылдамай, онымен күресті ертерек бастаған жөн.
Дайындаған
Алтын МЕЙІРХАНОВА