Ерболаттың Ерлігі
Бүгінгі күннің батырына балап, адамгершілік ісін үлгі еткелі отырған кейіпкеріміз – Ерболат Қожабайұлы. Ол жол апаты салдарынан өртке оранған көлікке жедел жетіп, адамды ажалдан арашалап қалды.
Бұл ісін ерлік емес, адамдық парызы санайтын Ерболат өткен күнді еске алды. Оқиғаның қалай болғанын айтып беруін қолқалап қоймаған соң ғана әңгіме тиегін ағытты.
– Күз мезгілі. Қазан айының жиырма үшінші жұлдызы еді. Бір топ адам Тереңөзек ауданында болған семинардан қайтып келе жаттық. Қармақшы мен Байқоңыр қаласының аралығындағы тас жолда жол апатына ұшыраған көлікті көрдік. Тасжолдан 50 метрдей жерде аударылып жатқан көліктен жанұшыра айқайлаған дауыс шықты. Бойымда қорқыныш болмады. Бар ойым адамды құтқару. Жүгіре жөнелдім. Әйел адам екен, ептеп сыртқа шығардым. Көліктен ұзағанымызда ол түгі қалмай жанып кетті. Қасымдағы барлық адам жанталасып қолдан келгенше алғашқы көмек беріп жатты. Жол-көлік оқиғасы туралы тиісті орындарға хабарланды, – дейді Ерболат.
Кейіннен белгілі болғандай қайғылы оқиғаға кез болғандар өңірге белгілі кәсіпкер Ләйла Мамитанованың отбасы еді. Көлікте бірнеше адам болған. Оқиға кезінде жүргізуші мен Ләйланың жолдасы қазаға ұшырайды. Тоғыз айдан соң Ләйла Мамитанова өзін құтқарған Ерболатты іздеп тауып, алғысын білдіреді. Ерболат Қожабайұлына облыс автотранспортшыларының 80 жылдық мерейтойы медалін табыстап, жолдасының жылдық асында автокөлік сыйға тартқан.
Алғыс арқалаған азамат – Ерболат Қожабайұлы жиырма бес жастағы Қазалының тумасы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Қазір Қазалы аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасында жетекші маман болып еңбек етеді. Сын сағатта ер азаматқа тән ерліктің үлгісін көрсеткен кейіпкеріміздің есімі биыл жарық көрген Қызылорда облыстық автотранспорт саласына 80 жыл тарихи-танымдық энциклопедиясына енгізілген.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ