Ерке Есмахан миллионер атанды
Ерке Есмаханның «Қайда» атты клипінің қаралымы 100 миллионға жетті. Бұл туралы өнер иесі әлеуметтік желіде жариялап, жұрттан сүйінші сұрады. Толығырақ Shownews.kz тілшісі хабарлайды.
«Қайда» деп еліміздің әр жерінен өз жартысын іздеген әнші әлі күнге дейін теңін таппады. Әйтсе де, Ерке салған бұл туындының бағы жанып, көрерменнің бағасын алғаны жасырын емес. Осыдан екі жыл бұрын жарыққа шыққан аталмыш бейнебаянын еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қызыға қарағаны көпке мәлім. Тіпті, «жоқ-жоқ» деп әндеткен сылқымның сахналас әріптесі Серік Ибрагимов, уақыт өте «бар-бар» деп жауап қайтарғаны да күллі қауымның есінде болар.
Міне, дәл осы әнге түсірілген клиптің YouTube видео хостингіндегі қаралымы 100 миллионға жеткен. Әлбетте, бұл жаңалық әншінің абыройын асқақтатып, қуанышын еселей түсті. Себебі, мұндай көрсеткішті Қазақстанда бұрын-соңды ешбір әншінің бейнематериалы иеленбеген.
Бұл жағымды жаңалықпен әншінің өзі инстаграм парақшасында бөліскен болатын.
«Сүйінші! Қаралым – 100 000 000! Мен енді ресми түрде миллонермін», – деп жазды Ерке Есмахан.
Сондай-ақ, өнер иесі әлеуметтік желіде бұл жетістіктің тек өзінікі емес, жалпақ жұртқа тиесілі екенін тілге тиек етіп, жүрекжарды жазбасын жариялады.
«Бұл жетістігім сіздердің маған деген сүйіспеншіліктеріңіздің арқасында. Осы әнге және бейнебаянға қатысы бар жандардың барлығына рахметімді айтамын. Тағы да биік шыңдарды бағындырайық. Аллаға сансыз шүкір», – деп ағынан жарылды әнші.