Ғани ауылындағы ғибрат

Ауыл орталығындағы жасыл желекпен көмкерілген саябақ, ер есімін ел ұмытпайтынын ұғындырған айналасы абаттанған Ғани мүсіні мен ыстық күнде айналаға салқындық сыйлап, балаларды мәз-мейрам күйге түсірген субұрқақ алыстан менмұндалайды. Көрікті мекендегі көшелі істің дайындығы ауыл әкімі Абай Рыстығұлдың үлкен ұйымдастырушылық қабілетінен сыр шертетіндей.
«Ауыл күні» бағдарламасы Ғани Мұратбаевқа арналған аудандық жас ақындар мүшәйрасынан бастау алды. Сахна төрінде құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов іргелі мекеннің ауызбіршілгін танытқан шараның жас ұрпаққа ұлағаты мол екенін ерекше атап өтті. Мұнан кейін ауыл тіршілігіне белсене араласып жүрген азаматтарға марапат ұсынылып, сый-сияпат көрсетті.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырында өшпес із қалдырған ұлт мақтаны, саяси қайраткер, жалынды жерлесіміздің тындырымды тірлігі мен ізгі ісін жырға арқау қылған жас ақындар үлкен ізденіс үлгісін танытып, көпшілікті кәусар жырмен сусындатты. Қатысушылар өнеріне облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Жұмабек Табынбаев, ақын Ақжол Түменбай, «Қазалы» газетінің тілшісі Ринат Әбдіқалық, аудандық кітапхананың кітап қорын толықтыру бөлімінің меңгерушісі Мағрипа Елдесбай қазылық етсе, кәсіпкер, ауыл түлегі Берік Ерәділовтің жары Мира Ерімбетова демеушілік жасап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар табыстады.
«Жырлайды жүрек» атты жыр мүшәйрасында Қазалы қаласының өнерлі өрені Жандос Әбдіғаппар бас жүлдені қанжығаласа, бірінші, екінші орындарды Ғ.Мұратбаев, Сарбұлақ ауылдарының үкілі үмітін арқалаған Елнұр Нұрқасым мен Ерхан Шертай қанжығалады.
Үшінші орын Жанқожа, Басықара ауылдарынан қатысқан жас ақындар Ботакөз Өтенбет, Жеңісбек Іскендірге бұйырды.
Бұл күні жас спортшылар күш сынасса, келушілер назарына концерттік бағдарлама ұсынылып, кең дастарқан жайылды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Бурабай Рахметов, Алтынай Алдабергенова ақжарма тілектерін айтса, еңбек ардагері Сақыбай Нармағанбетов жиылғандарға бата берді.
«Ауыл күнін» тамашалауға келгендер келесі күні «Әбдіраман төбеден» табылды. Қылқұйрықтылар бәйгесі көптің делебесін қоздырып, ұлттық бояуға қанықтыра түскендей болды. Бағы мен бабы қатар озған, мәреге бірінші болып таяған тұлпарлар арнайы жүлдеге қол жеткізді.
Аламан бәйгеден Сыдық Теміров, Шакмұрат Рзаев, Болат Арыстанбеков, құнан бәйгеден Кемеңгер Өтеп, Жалғас Ілиясов, Қанағат Күнтуов, тай жарыстан Қонысбай Ниеталы, Дастан Імәдатов, Жәкен Ахметов баптаған жануарлар жүйріктер қатарынан көрінді.
Осылайша туған жерден түлеп ұшқан перзенттерді бір арнаға тоғыстырған ауылдағы айтулы мерекеден көпшілік қимай тарқасты.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА