Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында көктемгі егіс жұмыстары басталды

Қызылорда облысында көктемгі егіс жұмыстары басталды

Қызылорда облысында көктемгі егіс жұмыстары басталды. Дәстүрлі шара Шиелі ауданы «Ақмая» инновациялық шаруа қожалығында өткен «Дала күні» дәстүрлі семинар-кеңесі аясында жүзеге асты.

Сыр өңірі диқандары «Ақмая» инновациялық шаруа қожалығының жұмысына зер салды. Онда мамандар агросекторды дамыту мәселелері бойынша тәжірибе алмасты. Мұнда «»Аkmaya Smart Farm» ақылды ферма» жобасы қолға алынған. Салтанатты шараға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Семинар-кеңес барысында алғашқы дән себу рәсімі өткізілді. Сондай-ақ, оған қатысушылар «Ақмая» шаруа қожалығының егіс алқабында ауыл шаруашылығы саласын цифравизациялау, агродрондарды егіншілікте пайдалану ерекшеліктері, ауыл шаруашылығының жаңа техникалары мен технологияларын өндіріске енгізу шараларына назар аударды. Шаруа қожалығында әртараптандыру бағытында ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында жаңа сорттарды пайдалану мен ауыл шаруашылығы дақылдарын суландыруда су үнемдеу технологияларын қолдану мәселелері қарастырылған.

Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керектігін айтып өткен-ді. Онда мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажеттілігіне назар аударылған.

«Биылғы дән себу рәсімін өткізуге Шиелі ауданындағы Ақмая ауылын бекер таңдаған жоқпыз. Сыр өңіріндегі күріш өсіру тарихына үңілсек, осы ауылдың топырағынан кезінде 16 Еңбек Ері шыққан екен. Осындай қасиетті мекенде биыл да күріш тұқымын сауықтыру, әртараптандыру бағытында майлы, мал азықтық, картоп, бақша дақылдарының өнімділігін жоғарылату және суармалы жерлерді қалпына келтіру бағытында бірқатар жобаларды қаржыландыру қолға алынған. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша елімізде аграрлық салада маңызды жобалар іске асырылуда. Осы орайда, Сыр өңірінде де ауыз толтырып айтатын жұмыстар жүзеге асырылуда. Бір ғана мысал, мемлекеттік қолдауларды ұтымды пайдаланған облыс егіншілері соңғы жылдары жыл сайын ел қамбасына жарты миллион тонна астық құйып келеді», - деді облыс әкімі.

«Ақмая» шаруа қожалығы «ақылды ферма» зияткерлік геоақпараттық форманы қолданатын пилоттық шаруашылық болып табылады. Ол жедел навигацияны, өріс деректерін толық талдауды және өндірістік процестердің мониторингін қамтиды. Болашақта жер бедерінің карталарын, егістіктердің әртүрлілігін, аурулардың, арамшөптердің және зиянкестердің таралуын, топырақ карталарын және шаруашылық қызметін цифрландыру саласындағы басқа да іс-шараларды қамтитын кеңістіктік деректерді цифрлау бойынша жұмыстарды жүргізуді ұйымдастыру жоспарлануда.

Биыл Сыр өңірінде 178,6 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылын егу жоспарланып отыр.Оның ішінде басты дақыл - күріш 83 мың гектарды құрайды. Жергілікті диқандар 100 мың гектардан астам аумаққа дәнді және майлы дақылдар егуге назар аударады. Сондай-ақ, азықтық дақыл, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егуге де көңіл бөлінеді.

Сонымен қатар, 83 мың гектардан астам күріш егу жоспарланған. Сонымен қатар, ағымдағы жылы облыста мал азығының мол қорын жинау мақсатында ылғал сақтайтын жаңа технологияларды (аквасорбент, агрогель) пайдалана отырып, құнарлы жерлерде мал азықтық дақылдар өсіру жобасы іске асырылуда. Атап айтқанда, Сырдария ауданындаы «Бесарық» шаруашылық базасында аквасорбенттерді қолдану арқылы 3 гектар бидай және 2 гектар сафлор егілмек. Жоба Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының» ЖШС ғалымдарымен бірлесіп жүзеге асырылуда.
29 сәуір 2019 ж. 1 799 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031