Қызылордалық халық қалаулылары тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға атсалыспақшы
Қызылорда облысында жергілікті мәслихат депутаттары құзырлы органдармен бірлесе отырып тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға белсене кірісетін болды.
Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында айтылды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов депутаттық корпусты сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру процессіне кеңінен тарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап,Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндама талқыланды.
Сонымен қатар, халық қалаулыларын «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасын жүзеге асыруға белсене атсалысуға шақырды.
Департамент басшысы А.Мұхимов өз баяндамасында: «Тұрмыстық жемқорлықты жоюдың тағы бір жолы - мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық форматқа көшіру.2018 жылы электрондық түрде көрсету мүмкіндігі бола тұра, қағаз түрінде көрсетілген 196 мыңнан астам қызметтің 99 пайызы білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаға тиесілі болып отыр. Аталған салаларда тұрмыстық жемқорлық көріністері жиі кездесетіндігін ескере отырып, осы салаларда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді кезең-кезеңімен 100 пайыз электрондық форматқа жеткізуді ұсынамыз», - деді.
Биыл балаларды мектепке қабылдау, тегін тасымалдау, лагерьге жолдама беру, арнайы білім беру ұйымдарына қабылдау, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау және т.б. білім беру саласындағы 12 қызмет толық электронды форматқа көшірілетін болды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 50 млн. теңгеге жуық қаржы бөлу көзделіп отыр.
Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету және бюрократиялық кедергілерді болдырмау мақсатында аймақта «Open space» қағидасын тәжірибеге енгізу жұмыстары жүргізіліп келеді.
«Қазіргі уақытта ауыл әкімдіктері мен халықпен тығыз жұмыс жасайтын жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері ғимараттарының көпшілігі ескі ғимараттар. Осы ескі ғимараттарды жаңартып, құрылыс жүргізу барысында «Open space» форматына көшіру мақсатында қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруларыңызды сұраймыз.Сонымен қатар, халыққа қолайлы жағдай жасау үшін облыстық маслихатта халықтың арыз-шағымы мен тілектерін кедергісіз қарайтын фронт-офис ашуды ұсынамыз. Фронт-офисте азаматтар халық қалаулыларымен кездесіп, тілек талаптарын білдіретін ашық алаңға айналады деген сенімдеміз», - деді Департамент басшысы Абзал Мұхимов.
Жыл басынан бері Агенттіктің өңірдегі департаментінің ұсынысы негізінде облыстың барлық аудандарында мәслихат депутаттары қазіргі таңдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатпен таныстырылған болатын.
Ендігі кезектежылына екі рет қоғамдық кеңестермен және депутаттық корпуспен бірлесе отырып сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылатын жұмыстар пысықталатын болып шешілді.
Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы