Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аналарды неге алдайды?

Аналарды неге алдайды?

Әлгі бір хабардың жүргізушілері сөзін «Біздің бағдарла­маның ең басты ерекшелігі – алдау операциясы!» деп бастамай ма? Иә, дәл солай, атаулы әлеуметтік көмек беруге арналған бағдарлама 21 мың­нан үміттенген қаншама ананы оңдырмай алдады. Біз алдандық! Осыған дейін жазғаны­мыз­дай, жұртты жарылқайтын жаңа­лық расында да көпбалалы отба­сылардың көз жасын көргендей қуант­ты. Адамдар бөркін аспан­ға атты. Жастар бас құрауға асық­ты. Көбеюге ниет етті. От­ба­сылық құндылықтың маңы­зы артқандай-ақ еді. Әттең…

Өткен аптада ғана Еңбек және әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі бұл көмектің көп құжат­ты талап етпей берілетінін айтқан еді. Алайда, тиісті орын­дарға алып-ұшып барған ана­лардың құжат қабылдай бастаған он күннің ішінде жүні жығылып, жүйкесі тозды. Себебі, бұл көмекті көпбалалы аналардың көбі әзір ала алмайды. Неге? Атаулы әлеуметтік көмекке бір ғана құжат – туу туралы куә­лікпен барсаңыз болды деген­дері, бос сөз. Одан әрі отба­сының кірісін тәптіштеп есептеп отыратын мамандар, аналардың айлап жүріп жинай алмайтын құжаттарын алдарына жайып салып отыр. Оның алғашқысы – ажырасқан аналардан талап ететін алименттің дерегі. Оның мөлшерін баласына алиментті ажырасқалы алып көрмеген ана қайдан білсін?! Сотқа барса да мәселесі шешілмей жүрген ана көп. Осы жерде екінші мәселенің ұшы көрінеді. Елімізде жалпы төленетін алимент түрлеріне қатысты 177 мың құжат болса, оның 166 мыңы ересектердің өз балаларына берешегі екен. Сот орындаушылары мен министр­лік нақты олардың қаншасы ай сайын ұрпақ жалғастырушысына тиынын бөліп беріп жатқанын айта алмайды. Қашып жүрген әкелердің санында есеп жоқ. Еш жерде жұмыс істейтін дерегі жоқ әкеден ала алмаған алименті үшін бұл көмектен аналар қағылып отыр. Бұл – бір.


Екіншіден, бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақы үйге кіретін кіріс көзіне енгізілді. Басында бұл жәрдемақыны, аналардың үйде отырып, баласын бағуын үш жылға созу керек деген ұсыныс болған еді. Ал енді оның орын­далмағаны өз алдына, кіріс көзі боп есептеліп тұр. Жәр­демақы емес, жалақы боп есептелгесін енді аналар амалсыз жұмысқа шыға бастайды. Шығысты кіріс деп есептей­тін біздің өкімет қана шығар осы?! Амалының жоғынан (2019 жылдың қаңтар, ақпан, наурызында алған болса) несие алуға мәжбүр болған аналар аң-таң. 21-22 пайызбен алған несиесін кіріс деп есептеп отырғандары ақылға симайды. «Несиені адам жетіскеннен алмайды. Айлап жүріп тапқан ақшасын, банкке беру үшін жұмыс істеу кімге ұнайды?! Әсіресе, қалада жүрген көпба­лалы отбасылар жалдамалы пәтерінің бір ғана айлық ақысын төлеуге несие алып жатады. Ал ол ақшаны өздері еселеп қай­тарады. Ол аздай, бұл кіріс көзі ретінде есептеледі. Бұл жерде ешқандай логика жоқ. Бұл – халықты мазақ ету. Қорлау» дейді әлеуметтанушы Ерлан Қуантқанұлы. Төртіншіден, мүгедек балаға берілетін жәрдемақы есептел­мегенімен, бағуға берілетін жәрдемақы есептеледі. «Дені-қарны сау баланы бағу қандай мехнатты екенін білесіздер. Ал мүгедек баланы бағып-қағу оңай ма? Оның емханаға баруына, жүріп-тұруына, жөргегіне, дәрі-дәрмегіне, шетелге барып ем алып келуіне оның өзіне де, қараушысына да берілетін жәрдемақысы жетпейді. Сөйте тұра соның біреуін бәрібір есепке алып отыр. Бұл ақылға сыймайды. Кеше АӘК ке құжат тапсыруға барғанда, тауы шағылып, жылап шығып жатқан қанша ананы көрдім. Сол ана­лардың жағдайы маған ұйқы бермей жатыр», – дейді «Ақжү­ніс» аналар қоғамы Астана бө­лі­мінің жетекшісі журналист Мейрамхан Жәпек. Мұның сыртында тұрғы­лықты мекенжай мен қолдағы кемпір-шалдың зейнетақысына қатысты мәселе тағы бар. Ауылдағы ағайынды мазалаған сұрақ – соңғысы. Ата-ананың ғана емес, бірге тұратын тек жақын туыстардың барлық табыстары есепке алынуда яғни, ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынған бала, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар, ата, әже, немере­лер есепке алынады. Демек, бір ата-ана екі баласын отбасымен бірге ұстап отырса, бір үйде тұратын болса, онда ол үйдегі екі зейнеткердің табысы отбасын­дағы екі жанұяға да есептеледі.
Осыдан келіп, «бұл көмекті қалайда алайық» деп ойлай бастаған кейбір отбасы құжат жүзінде болса да ажырасуды ойласа, енді бірі қара шаңы­рақтан бөлек шығуға, безінуге мәжбүр. Отбасының жиынтық табы­сын есептеген кезде 4 және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақы, студенттердің стипен­диясы, жергілікті атқару­шы органдар жүзеге асыратын біржолғы төлемдер есепке алын­байды. «Бұл жәрдема­қы­ларды қарап отырсаңыз, жарымайтын ғана ақшалар. Төрт балаға 10 мың, жеті балаға 16 мың аламыз. Стипендия – 17 мың. Үкімет ақымақ емес. Қай жәрдемақыны есептеп, қайсысын есептемеуді де жақсы ойластырған. Баланың бір жасқа дейінгі жәрдемақысы кейбір отбасыларда 60-80 мың ғой, мысалы. Соны көп көріп отыр. Ал олар осындай ақшаға ай сайын күн көре ала ма? Осыны өздері түсіне ме алдымен? Елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі дұрыс емес. Олар барынша әр отбасындағы адам санына бөлінетін ақшаны 20 мыңнан асырмауды көздеп отыр. 7 адамы бар отбасындағы азаматы 150 мың айлық алса, бұл көмекке ілінбейді. Міне, біздің жыр болған көмектің жауабы. Біз қазір үмітімізді үзіп, бұл жерге енді келместей болып кете барамыз», – дейді көпбалалы ана Айжан Төлепбергенова. Тұрмысын дұрыстаймыз деп, бірнеше несие алып, одан шыға алмай отырған отбасылардың жайын кім ойлайды? Үйі барлар мен пәтер жалдап тұратындардың жайын бөліп қарауға билік қау­қарсыз ба? Неге бізде бас­тал­ған кез келген бағдарла­ма­ның соңы сұйылып, жауабы жоқ сұрақтарға айналып кетеді?
Неге? P.S. КҮНІ КЕШЕ НҰР-СҰЛТАНДАҒЫ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНА ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА БАРЫП, АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛУҒА ӨТІНІШ ТАПСЫРУ БАРЫСЫН БАҚЫЛАП, АТА-АНАЛАРМЕН СӨЙЛЕСТІ. «БАЛАЛАРЫҢЫЗ 2008 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ТУСА ҒАНА ҚҰЖАТЫНЫҢ ТҮПНҰСҚАСЫН ӨЗІҢІЗБЕН ӘКЕЛЕСІЗ. БАСҚА ҚҰЖАТТАРДЫ ӘКЕЛУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ. ЖҰМЫСТАН АНЫҚТАМА, ТАБЫС ТУРАЛЫ АНЫҚТАМА КЕРЕК ЕМЕС» – ДЕГЕН ВИЦЕ-МИНИСТРДІҢ СӨЗІНЕН БҰЛ МӘСЕЛЕГЕ ҚАТЫСТЫ МАҢЫЗДЫ АҚПАРАТТАРДАН ӨЗІНІҢ ДЕ ТОЛЫҚ ХАБАРЫ ЖОҚ-АУ ДЕП ҚАЛДЫҚ. ӨЙТКЕНІ БІР ҒАНА ҚҰЖАТПЕН ШЕШІЛЕТІН МӘСЕЛЕНІҢ ТҮРІ КӨРІНБЕЙТІНІН СОЛ ЖЕРДЕГІ ҚАНШАМА АНА АЙҚАЙЛАП АЙТЫП ЖАТТЫ. АЙТПАҚШЫ, 1-СӘУІРДЕ БАСТАЛҒАН КӨМЕГІМІЗДІҢ СОҢЫ ДА КҮЛКІГЕ, ӘЖУАҒА АЙНАЛА БАСТАДЫ. БІРАҚ БҰЛ КҮЛКІДЕ АШУ БАР. ЫЗА БАР. НАЛА БАР.


14 сәуір 2019 ж. 1 190 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 32

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930