Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық күні және түсініктеме: қинап шығаруға ешкімнің құқы жоқ

Тазалық күні және түсініктеме: қинап шығаруға ешкімнің құқы жоқ

Сенбілікті Кеңес кезінен қалған сарқыншақ деп жиі айтады. Қоғамға пайда әкелетін, ұжымдық тегін еңбек түрі – бұл. Алғашқы сенбілік 1919 жылғы 12 сәуірде өткен. 15 теміржолшы ерікті түрде локомотивтер жөндеуге шығады. Бұл идея дереу қолдау табады. Кейін ресми түрде 1920 жылы 1 мамырда І бүкілресейлік сенбілік өткізілген. Содан бері сол дәстүр бізде де үзілмей келеді.

Көк шыққаннан бастап, жол жиегі, көше бойы тазаланады. Ауыл мен қаланың гүлденіп, қоқыстан тазарғаны жақсы. Бірақ сенбіліктің соңы мәжбүрлікке айналғанына көпшілік наразы. Аймақ тазалығын сақтауға құлшынған еріктілер тобы ғана шығуы тиіс, негізі. Көп жылдан бері үлкен дау-дамай тудырып жүрген сенбілік шуы басылып келе жатқаны да сезіледі. Дегенмен түсініктеме жаздыру, жұмыстан шығарып жіберемін деп қорқыту әлі де бар.
Норвегияда – dugnad Дәл осы атаумен, жаппай тазалыққа шығару үрдісі әлемнің өзге елдерінде жоқ. Әлбетте, балама ретінде еріктілер тобының ұйымдастыратын акциялары немесе тұрғындар ұйымдастыратын іс-шараларды айтуға болады. Мәселен, Норвегияда жылына бір рет дюгнад өткізіледі. Жалпы, идеясы сенбілікке ұқсас. Қала тұрғындары демалыс күні жаппай далаға шығып, қоқыс жинайды. Біздегі сенбіліктен бір айырмасы – ұйымдастыруында. Дюгнадтың өтетіні туралы хабар тұрғындарға пошта арқылы жолданады. Хатта өтетін күні мен 200 крондық төлем есепшотының түбіртегі бар. Қаласаңыз, тазалық күніне қатысасыз. Қаламасаңыз, күштеу жоқ. Бірақ әр үйден ең кемі бір адам қатысады. Қатыспаса, 200 крон төлейді. Өйткені өзгелер сіздің көшеңізді айнадай етіп тазалап, сіз үшін де жұмыс істейді. Әр тұрғын үйден tillitsman, яғни жергілікті ұйымдастырушылар бекітіледі. Олар кімнің келгенін, жұмыстың қалай жүріп жатқанын, құрал-саймандардың жеткілікті болуын, қоқысты сорттауды (қағазды бір бөлек, әйнекті бір бөлек дегендей) және осы сияқты ұсақ-түйек жұмыстарды қадағалайды. Сонымен бірге, тұрғындардың бұл күнді жақсы көретіні сонша, түрлі тағамдар әзірлеп, дастарқан жаяды екен. Шаршаған адам ас ішіп, тамақтана алады.

Финляндияда – talkoot Финляндияда talkoot деген сенбіліктің баламасы бар. Дюгнадтан айырмашылығы сол, үлкен қалаларда өткізу үрдісі жоқ. Көбіне қала сыртында тұратын тұрғындар өткізеді. Жалпы, фин халқы шуы аз жерде, жер үйлерде тұрғанды жөн көреді екен. Talkoot барысында орман, саябақтарды тазалаумен қатар, қарттарға қол ұшын беру, қираған үйлерді қалпына келтіруге көмектесу, балаларға арналған алаңдар салу сияқты жұмыстар атқарылады. Егер денсаулығыңыз жарамаса, еріктілерді ауқаттандырып не солардың балаларына қарап та көмектесе аласыз. Мұнда барлығы ерікті түрде жүзеге асады. Бармаған адамға айыппұл төленбейді. Дегенмен себепсіз бармай қалсаңыз, көршілер алдындағы беделіңіз төмендейді деседі.

Еңбек кодексіне көз салыңыз
Қызметкерлерді қоғамдық жұмыстарға еркінен тыс тарту заңнамада көрсетілмеген. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев шегелеп айтқан еді. Былтыр жыл соңында dialog.egov.kz сайтында әкімдік қызметкерлерін сенбілікке күштеп шығаратыны жайлы талқы жасалған болатын. Жасұлан К. есімді қолданушы демалыс күні тазалау жұмыстарына бармаған қызметкерлерге түсініктеме жаздыртатыны жайлы айтқан. «Бірде сенбілікке шықпағаным үшін қала әкімі орынбасарының міндетін атқарушы маған және барлық техникалық қызметкерлерге түсініктеме жаздырды. Егер осындай жағдай үш рет қайталанса, жұмыстан босатылатынымызды айтты. Демалыс күні сенбілікке күштеп шығаруға құқығы бар ма?» деген сұрақ қойды. Алик Жатқамбайұлы қызметкерлерді сенбілікке тарту заңда қарастырылмағанын айтты. Сонымен бірге, «сенбілік – ерікті ұжымдық жұмыс. Қоғамға пайдалы іске әркімді қалауымен ғана тарту керек. Сенбілікке бармаған адам еңбек тәртібін бұзған болып есептелмейді» деді ол. Конституцияның 24-бабында «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі» делінген. Сонымен бірге, «Еңбек Кодексінің» 4-бабында еңбек заңнамасының қағидаттары жазылған. Ол жерде де мәжбүрлі еңбекке тыйым салынатыны айтылады. 5-бапта «Әркімнің еңбекті еркін таңдауға немесе еңбекке қандай да бір кемсітушіліксіз және мәжбүрлеусіз еркін келісуге құқығы, өзінің еңбекке қабілеттілігіне билік етуге, кәсіп және қызмет түрін таңдауға құқығы бар» деп көрсетілген. Еркінен тыс жұмысқа тарту туралы Кодекстің 7-бабында анық айтылады. «Мәжбүрлі еңбек қандай да бір адамнан қандай да бір жаза қолдану қатерімен талап етілетін, оны орындау үшін бұл адам ерікті түрде өз қызметтерін ұсынбаған кез келген жұмысты немесе қызметті білдіреді. Мәжбүрлі еңбекке мына жағдайларда ғана жол беріледі: жұмыс мемлекеттік органдардың қадағалауымен және бақылауымен жүргізілетін және оны орындайтын адам жеке және (немесе) заңды тұлғалардың билігіне берілмейтін немесе тапсырылмайтын жағдайда соттың заңды күшіне енген үкіміне байланысты немесе төтенше және соғыс жағдайында. Көптеген мекемелерде сенбі – демалыс. «Еңбек кодексінің» 85-86 баптарында демалыс күні жұмысқа шығу қызметкердің жазбаша келісімімен немесе жұмыс беруші актісінің негізінде оның өтініші бойынша ғана жүргізіледі. Сондай-ақ демалыс не мереке күндері жұмыс істегені үшін қызметкер басқа күні демалуға не Кодекстің 109-бабында көрсетілгендей, оған ақы төленуі тиіс. Яғни, жұмыс беруші актісі талаптарына сәйкес жоғарылатын мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік мөлшерлемесін негізге ала отырып, бір жарым еседен төмен болмайтындай етіп төленуі керек. Енді сенбілікке келер болсақ, ерікті шара ақысыз жүргізілетіні белгілі. Дегенмен қайталап айтарымыз – күштеу болмауы тиіс.

03 сәуір 2019 ж. 1 348 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031