Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаралы күндегі қасірет

Қаралы күндегі қасірет

Қазақ даласын шарлай ескен самал желден той-думанның, кеңпейілдіктің лебін сезу қиын емес. Бүгінгі күні әні мен сәні үйлесім тапқан мерекелерді тойлаудың шарықтау шыңына жақындадық десек жалған болмас. Мұның барлығы «Қуанышты бөліссең көбейеді» деген аталы сөздің астарынан шыққан үрдіс болса керек.
Сондай-ақ, ұлттық санамызға сына­лап енген, құндылығымыз бен басқалардан ерекшеленетін болмысы­мызға көлеңке түсіріп жүрген атаулы күндер де кездеседі. Өкініштісі осындай мейрамдарды ел-жұртымыздың бір бөлігі айрықша асыға күтеді.
Әңгімеге арқау болып отырған Әулие Валентин күні аңыз бойынша сонау ерте қараңғылық заманында қатыгез Рим императоры II Клавдийдің тұсында пайда болған деген дерек бар. Отбасылық міндеттерден бос, жарсыз-бойдақ ерлер, жігері мен еркі босаңсымай, Отан үшін жақсы қызмет етеді деп есептеп, сол тұста әскерге барғанға дейін ерлерге үйленуге, ал қыздар мен келіншектерге сүйгендеріне тұрмысқа шығуға тыйым салады. Сол әскерилердің ішінде жарлыққа қарсы шығып, махаббатын Отанынан да биік қойғандар табылыпты. Олар кейін «Әулие Валентин» атымен бүкіл әлемге танымал болған қарапайым дін қызметшісіне барып, некелерін құпия түрде қидыратын болған. Бұл жасырын некелесу рәсімі халық арасында кең тарап, ал Валентин қарт халыққа жанашырлығымен атағы шығып, ел аузындағы сыйлы азаматқа айналады. Көп ұзамай Валентиннің ісі биліктегілерге аян болып, олар дін қызметшісін түрмеге қамап, өлім жазасына кеседі. Абақтыда Валентин түрме қызметкерінің қызы – Джулияға ғашық болып, өлер алдында ғашығына сезімі жайлы баяндап, хат жазып жібереді. Бұйрық б.з.д. 269 жылы 14-ші ақпанда орындалып, кейін бұл күн бүкіл әлем бойынша ғашықтар күні деп, ал мейрам «Валентин күні» деп аталып кетті.
ХІІІ ғасырдан бастап Батыс Еуропа елдерінде етек жайған «ғашықтар күнін» тойлау Кеңес одағы ыдыраған тұста Ресейде белең алды. Одан әрі еріккен ермелер мен болмысын жоғалтқандардың арқасында қазақ даласында да танымалдылыққа ие болды. Қазірдің өзінде сыйлық іздеп базар барлаған адамдардың санынан көз сүрінеді. Тіпті мектеп оқушыларының құттықтау хаттары мен гүл-сыйлықты түптеп кетіп жатқанын байқадық. Бұл өскелең ұрпақ санасының бүлінгендігінің көрінісі болса керек.
Жасы жетпіске таяған Күлән Алпамыс әже балалардың жат мерекеге ерекше көңіл бөлуін тәрбиенің әлсіздігінен көреді. Өзі білім шаңырағында қызмет еткен жылдарды: «Менің бойжеткен шағымда ғашықтар мерекесі түгілі бір жігітті әзілдеп қосып қойса, екі бетім дуылдап, жылап қоятынмын. Себебі басқалардың көзінше махаббат туралы әңгіме айту асқан ұятпен тең еді. Бертін келе талай ұрпақтың ержеткенін көрдік. Қазір қыз-бен жігіт болып жүре бастаса жаһанға жар салатын болған. Бұғанасы қатпаған балаларға дейін сыныптастарын құттықтап, мерекені атап өтуді әдетке айналдырды. Оны көзіміз көріп жүр. Бірақ оларды желпінген аға буыннан қалған «ғашықтар күні» деген түсінік ғана. Білместіктен тойлайды да. Мұндайды көрсем жастарға Валинтиннің тарихын айтып, дұрыс емес екенін түсіндіріп жүрдім. Олар да бірден ұғына қоятын», – деп еске алады.
Әулие Валентин өлім жазасына кесілгендіктен бұл күн қаралы күн саналады. Сонымен бірге бұл мерекені тойлайтындар жын-ойнаққа жол беретіні белгілі. Осыдан келіп қазіргі қоғамымызда орын алған күрделі мәселе туындайды. Бауыр еті баласын қоқыс жәшігіне тастаған көкек аналар мен жауапкершіліктен жұрдай әкелердің көбеюі де осы Валентиннің себебінен екені анық. Рухымызды қайта қалпына келтіру арқылы қыздардың ұяңдығы мен жігіттердің сөзге беріктігін қайтармай, қоғамдық дертті жоямыз деу бекершілік сияқты. Ол үшін пайдасынан зияны басым мерекелермен қош айтысу керек-ақ. Аудандық Жанқожа батыр мешітінің бас имамының айтуынша, бұл мерекеге тіпті бүкіл күнәнің бастауы ретінде қарауға болады.
– Ең біріншіден дінімізде махаббат мерекесі жоқ екенін айтқым келеді. Сонымен қатар ұлттық менталитетке де сәйкес келмейді. Ата-бабамыз Валентин күнін тойлап, оны кейінгі ұрпаққа өсиет етіп қалдырғанын естімедік. Егер кімде-кім осы мейрамды тойлаймын десе, онда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Кім қайсыбір қауымға ұқсаса, қияметте сол қауыммен бірге тіріледі», – деген хадисін еске түсіргені абзал.
Бұл күні адамдар көбірек зина жасайтыны белгілі. Себебі «махаббат мерекесі» деген желеу көпшіліктің санасына әсер етеді. Көптеп ішімдік ішіледі. Бар күнәнің бастауы шайтансу болғандықтан соңы жақсылыққа әкелмейтіні анық. Артынан қыз бала түсік жасатады. Ал бұл келешекте ана бақытын толық сезінуге кедергі келтіруі мүмкін. Түсік жасатпаған жағдайда некесіз бала туылады. Қыз оны туған-туыстарына айта алмайтындықтан жетімдер үйіне тастап кетеді. Христиандардың мерекесінен бастау алған бұл күн басқа да ауыр күнәлардың себебі болуы ғажап емес. Сондықтан мәселенің байыбына жетіп, зиянын ұғынған адам махаббат күнін тойламаса керек, – дейді Берік Сүлейменов.
Отан қорғау басты назарда тұрған дәуірде, басшысына бағынбай адамдардың құпия түрде зина жасауына көмегін көрсеткен «Әулие Валентин» мерекесін тойлау қаншалықты дұрыс екендігін өзіңіз топшыларсыз, оқырман қауым.
«Орта түзер ойыңды, ойың түзер бойыңды» деп дана Абай бекер айтпаса керек. Сондықтан бұл мәселеге деген қарым-қатынасты әркім өз жүрегі арқылы пайымдауы тиіс.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ

16 ақпан 2019 ж. 1 088 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930