Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көршілер

Көршілер

Ғалымның осы жерге келіп үй салғанына да он бес жылдың шамасы болды. Оң жақтағы көршісі теміржол вокзалы кассасында жұмыс істеп зейнетке шыққан – Настя апай, ал сол жағындағы көршісі Саудабай.
Саудабаймен көрші болғандарына төрт-бес жыл. Ол «Фура» деген қорабы ұзын автомашинаның жүргізу­шісі. Сәкең бос жатқан жерді алды да, бір жылға жетпей екі қабатты үй салып алды. Ешкімге зияны жоқ, бірақ көршілермен қатысқанын көрген емес. Бойынан барлықтың, байлықтың лебі есіп тұрады.
Ғалымның зайыбы Қатыштың айналысатын ісі келесі көшедегі жеке супермаркеттің еден жуушысы. Қатыш еден жуа ма, жоқ келушілердің әңгімесін тыңдай ма, әлде қолы еден жуғышта, құлағы дүкенге келушілердің әңгімесінде бола ма, үйге кірмей жатып, аяқ киімін шешер-шешпестен жаңалықтарды шұбырта жөнеледі. Ақыр соңы Ғалымға тиісумен аяқталады.
– Иә, сол қағазыңа шұқши да отыр. Содан ұшпаққа шыққаныңды көрмедік. Әне өзіңдей Саудабайды қарашы, шопыр болса да, үйі кірсе-шыққысыз. Құдай біледі деп айтайын соның дипломы да жоқ. Болса шопыр бола ма?! Ал сенің қызыл дипломыңнан не пайда... Сол жарымаған мұғалімсің. Ойбай-ау, Саудабайдың баласына екі қойып нең бар, кем пайда... Ана «сылқым сарыдан» анда-санда қарызға ақша алып тұратыным бар еді, содан бері сәлемімді алмайды («Сылқым сары» Саудабайдың әйеліне Қатыштың қойған аты). Өзің оқытқан балалардың алды мектепке деректор, забыш болып жатыр. Ал сен жүрсің газет, жорналға бала тәрбиесі туралы көлдей-көлдей мақала жазып, мәз болып, – деп басылады.
Ғалымның шымбайына айтылған сөз қатты батады. Амал жоқ... Өзінің қолын кесе ме, Қатыштың тілін кесе ме... Қайран аталарының «Атың жақсы болса сатып құтыласың, қатының жаман болса қайтып құтыласың», – деген сөзі ойына оралады. «Жаман», – деуге де тілі бармайды. Сүйіп қосылған жары, бес баласының анасы. Тек тілі ащы. Алладан «мына қатынды тәубесіне келтіруді» тілеп, басын шайқайды да қояды.
Бір күні кешкілік жұмыстан оралған Қатыш үйге күндегідей сөйлемей, сілкінбей кірді. Теледидардан кешкі жаңалықтарды көріп отырған Ғалымға қарады да ішке беттеді. Бұрын «ой, сорлы, қағазға шұқши, одан қалса телебезірге телмір. Сенің қолыңнан басқа не келуші еді», – деп тілін безей жөнелетін Қатыш тып-тыныш, ләм-мим тіл қатпады. Асханаға өтіп бара жатқан Қатышына көз әйнегінің үстінен қараған бұл аң-таң.
Кешкі ас үнсіз ішілді. Балалар да шешелеріне аңтарылып қарайды. Жұмыстан келген сайын шаршағанын сылтау етіп бәрін бір бұрышқа тығып алатын анасы бүгін басқа.
Бұрын істемегенін істеп, балалардың оқуға баратын киімдерін, кітаптарын қадағалап сумкаларына салғызып бәйек болуда. Бұл үнсіз қағаздарына отырды. Ертеңгісін үстел басына ілінген үтіктеулі көйлек, костюм-шалбарын көрді. Бұл да бұрын болмаған жағдай. Ас үйге кіріп дайындалған ас-судан ауыз тиді. Қатыштың жұмысқа, балалардың мектепке кеткенін шамалады.
Сыртқа шыққанында есігінің алдында тұрған Настя апай қолын бұлғап шақырды.
– Ғалым кешеден бері менің Шаригім жок, Алысқа кетпейтін. Біреулер ұрлап кетті-ау. Есіттің бе, кеше кешкісін Саудабайды милиция (полиция дегені) қолына нарушник (кісен дегені) салып алып кетті. Ұрлыққа қатысқан дейді. «Фурасын» арестоват етіпті. Қатыш кеше көрді. Айтқан жоқ па? – деді сұраулы жүзбен.
Қатыш бұл жайды кеше кешкілік жұмыстан келе жатқанда өзі көзімен көрген екен. Ғалым бірдеңе түсінгендей басын шайқады да, ештеңе деместен ілгері жүріп кетті.
Осы оқиға өтісімен бір жетіден кейін ойда жоқта Настя апай қайтыс болды. Қасында болған, өзі қатысып тұратын Клавдия апай:
– Настя, мені шақырып алды. Демалысы нашарлап кеткен екен. Үйдің құжаттарын, жинақ кітапшасын, азғантай ақшасын маған ұсынып «Клава, үйді сенің атыңа завещат еттім. Завещания үйдің құжаттарының ішінде. Сенен өтінетінім Шаригім келсе мені жоқтатпай қарарсың. Оны біреулер ұстап отырған сияқты. Әйтпесе мені тастап мұншалықты ұзап кетпейтін. Қамаудан босанса мені іздеп келеді. Ал, өлігі табылса мен жатқан бейітке жақындау жерге ашылып қалмайтындай етіп көмерсің» – деп, стол үстіндегі балаларының суретіне қарап жасаураған көзін менен жасыра берді, – деді қазақы тілмен.
Бұл он бес жылдай көрші тұрып, өздерімен емен-жарқын қатысқан Настя апайдың Ресейде тұратын ұл-қызының бір ретте болса келгенін, немесе бірдеңе беріп жібергенін көрмеген. Хабарласқанын да естімепті.
Настя апайды көршілер жиналып, арулап жерледі. Жерлеген күннің ертеңіне жұмысқа бара жатқан Ғалымды Настия апайдың үйінің алдында тұрған Клава шақырды. Әнеу күнгі өзін шақырған Настя апай сияқты қол бұлғап тұр. Шарбақтың есігін ашқан Клава апай:
– Мынаны қараңызшы, – деді. Дауысы дірілдеп шықты.
Есіктің табалдырығына басын сүйеген Шариктің жансыз денесі жатыр. Мойынында арқан жіп, жіптен түскен жарақат бар. Арқан Шариктің тісімен қажалып-қажалып үзілген сияқты. Сыртқы есікті қаптаған дерментинге тырнақ іздері түскен. Тырнай-тырнай иесі шықпағасын тірліктен күдер үзген секілді. Үнсіз егіліп тұрған Клавадан Ғалым:
– Балаларынан хабар бар ма? – деп сұрады.
– Жерлеуге де келмеген балалары, үй мен ақшаға таласып жатыр ғой, – деді Клава күмілжіп.
Ғалым денесін аяз қарығандай тітіркеніп кетті. Есік қаптамасындағы тырнақ ізі жүрегіне бататындай...
Түскі асқа оралған Ғалым Настя апайдың есігінің алдындағы автомашинаның жүк салғышына Шариктің жансыз денесін еппен салып жатырған Клавдия мен баласын көрді. Құрбысы марқұм Настя апайдың соңғы өтінішін орындауға бара жатырғаны-ау.
Құдайберген ЕСЕКЕЙ,
Әйтеке би кенті
09 ақпан 2019 ж. 1 107 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031