Қазақстандықтар қанша мемлекетке визасыз бара алады?
2018 жылы Қазақстан төлқұжаттар индексінде екі саты көтеріліп, 65-орынға жайғасты. Бұдан былай қазақстандықтар 71 мемлекетке визасыз бара алады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Henley&Partners баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2018 жылы Қазақстан әлемдік рейтингте Оман және Белоруссия мемлекеттерімен бірге 65-орынға табан тіреді. Өткен жылы Қазақстан аталған рейтингте 67-орында тұрған еді. Бірақ, еліміздің бұл рейтингте көтерілгеніне қарамастан, визасыз баруға болатын мемлекеттер саны сол күйі қалды.
Қазақстанның көршілері паспорттар индексі рейтингінде келесідегідей орындарда тұр: Ресей – 48-орын, Әзірбайжан – 72-орын, Өзбекстан – 85-орын.
Соңғы бес жылдан бері аталған рейтингте бірінші орында Германия тұр. 2018 жылы неміс паспортымен 177 мемлекетке визасыз саяхаттауға болады. Биыл визасыз баруға болатын мемлекеттер тізімі біреуге толықты. Екінші орын 176 мемлекетке визасыз бара алатын Сингапурге тиесілі. Ал үшінші орынға бірден сегіз мемлекет жайғасты. Олар – Ұлыбритания, Дания, Италия, Норвегия, Финляндия, Франция, Швеция және Жапония. Аталған мемлекеттің азаматтары 175 мемлекетке визасыз бара алады. Соңғы орында Ауғанстан тұр. Бұл елдің азаматтары тек 24 мемлекетке визасыз бара алады.
Паспорт индексін 2006 жылдан бері Henley&Partners компаниясы Халықаралық әуе транспорты ассоциациясымен бірге береді.
Baq.kz