Құралайдың көз жасы
Көп жыл бұрын Қарақұм беткейіне іссапарға шыққанымыз әлі есімде. Ол кезде мен ауылда қойма меңгерушісі болатынмын. Жанымда прораб, яғни менің тікелей бастығым бар. «Қожа тақыр» аталатын үлкен тақырға жеткенімізде қарақұрым киікті бір адамның мотоциклмен қуып жүргенін байқадық. Əдетте, киіктер кездескен көліктің алдын қашан кесіп өткенше жанамалап шаба береді екен. Мұны естігенде «желден жүйрік жануарлар неге бірден тура қашып, құтылып кетпейді екен?» деп қатты өкінген едім. Ақыры бір киіктің қалжырап құлағанын көріп, аңшының жанына бардық. Ұзын бойлы, алып тұлғалы сары жігіт екен. Бізбен сəлемдескен соң: «Бұл олжамды сіздердің іштеріңіздегі ең кішілеріңіз, мына ініме байладым. Бауыздап, ішін жарып, машиналарыңызға салып берем”, – деп мені нұсқады. Тірі киікті жақын жерден алғаш рет көруім еді. Көзі мөлдіреп, өте əдемі болады екен. Аңшы жігіт киіктің тамағына қанжарын апарғанда жанарынан жасы парлап жатты. Бәлкім, маған солай көрінген шығар, жалынышпен қарағандай болды. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Аңшыға: «Шынымен маған бердіңіз бе?» – дедім. Ол басын изеді. Мен болсам: «Аға, онда босатып жіберші?!” – деп жалынғанымды сезбей қалдым. Аңшы да мəрт екен.
«Бүгінгі бірінші олжам еді. Амал жоқ», – деп босатып жіберді. Киік тəлтіректей басып, құм арасына қашқан үйірінің ізінен кеткенде қатты қуандым. Мүмкін, кездейсоқтық болуы. Іссапардан келген күннің ертеңіне келіншегім үлкен ұлымды аман-есен босанды. Ал төмендегі жыр жолдары табиғат байлығы, жазықсыз жануарларды қынадай қырғандарға ой салса екен...
Тамылжыған тамыз айы керемет,
Күн шуағы төгіледі елжіреп.
Аңшы жігіт көтерілді қырқаға,
Сұлу мүсін кербестісін жетелеп.
Қыран құстай жанары да қырағы,
Талай аңды мергендікпен жығады.
Көзі шалып киіктердің үйірін,
Жігіт енді шыныменен қуанды.
Қолға алып, қандауызды мылтығын,
Сүйіп қойды, көргендей-ақ ынтығын.
Байлап тастап кербестіні жыңғылға,
Жылжып кетті,
жербауырлап ақырын.
Жетті міне, үйірге де ақыры,
Артық сірә, адамзаттың ақылы.
Шеткі тұрған құралайды межелеп,
Гүрс еткізіп, қаруы да атылды.
Жатыр аңы, арпалысып ажалмен,
Тартты жігіт, алқымынан қанжармен.
Жанарынан мөлдір тамшы төгілген,
Жануардың буаздығын кім білген?!
Жарып ішін жігітіміз өкінді,
Егіз лақ тура жерге секірді.
Құралайдың шала біткен ұрпағы,
«Жазығым не?» деген оған секілді.
Теңдемек боп, кербестіге олжасын,
Бетке алды, ну жыңғылдың сұлбасын.
Жылан шағып өлтіріпті жорғасын,
Мергеніміз төге берді көз жасын!
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ