Қазалыда заңнаманың ізгілендірілуіне байланысты семинар өтті
Іс –шараға аудандық соттың төрағасының міндетін атқарушы Дәурен Әбдіхалықов, судья Қуаныш Мыханов, прокурор Сабит Серимбетов және Қазалы АІІБ-нің тергеушілері қатысты.
Семинар барысында қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамаға өзгертулер мен толықтыруларға қатысты мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, 2018 жылдың 12 шілдесіндегі Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнама мен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының азаматтардың конституциялық құқықтарының кепілдерін нығайтуға, құқықтың үстемдігі және құқық қорғау қызметін ізгілендіруге бағытталған негізгі нормалары қарастырылды.
Заңның бірінші бөлігінде өзгерістер азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға және құқық қорғау қызметін гуманизациялауға бағытталған. Мұнда кепілдің төменгі денгейі 3 есе кеміп, онша ауыр емес және ауырлығы орташа санаттағы қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша оның жоғарғы шегі бекітілген. Тергеу органдары және сот неғұрлым жеңіл шара қолдану жолдарын қарастыруға міндетті, ол мүмкін болмаған жағдайда негіздеулері тиіс. Қылмыстық істе егер тұлғамен өз кінәсін мойындау туралы процесуалдық келісім жасасқан жағдайда, істі бөлек өндіріске шығаруға тыйым салынған. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа санаттағы қылмыстар бойынша қоғамдық жұмысқа тарту жазасы енгізілген, жазаның тағы бір түрі ретінде айыппұл көзделген. 19 қылмыстың құрамы бойынша , оның ішінде 11 ауыр санаттағы қылмыстар бойынша бас бостандығын шектеу қолдану қарастырылған. Қылмыстық теріс қылықтарға қатысты айыппұлдың мөлшері 2 есеге кеміп, қамаққа алу мерзімдері түзетілген. Мүлікке қатысты, экономика саласында және тағы бірқатар қылмыстарда қылмыстық жауапкершілік туындайтын залал мөлшерінің төменгі шегі 2 есеге көбейтілген. 36 қылмыс бойынша бостандығынан айырудың мерзімдерінің жоғарғы денгейі төмендетілген. Ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстар бойынша ескіру мерзімдері 5 жылға азайтылған. Кейбір өзгертулер мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаны неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру мәселелріне қатысты орын алған.
Заңның екінші бөлігі ішкі істер органдары қызметін жетілдіруге бағытталған. Мұнда, Ішкі істер министрлігінің облыстық ішкі істер департаменттері және жергілікті полиция қызметі негізінде облыстық полиция департаменттері құрылып, бір басшылық және бағыну принциптері сақталады. Ішкі істер министрінің ұсынысымен облыс әкімдері полиция департаменті басшыларын тағайындап, лауазымдарынан босатады. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын одан әрі жетілдіруге септігін тигізеді деп көзделуде. Қылмыстардың қайталануын және масаю күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алудың жаңа түрлері мен тәсілдері енгізілді.
Сонымен қатар, семинар барысында судьялар қатысушылардың барлық қойылған сұрақтарына жауап берді.
Қазалы аудандық сотының баспасөз қызметі