Құндылықты қорғай алмайтын қоғам
Қаза үстінде жалған сөйлемейік. Болған істі бұрмаламай, шынтуайтына тоқталғымыз келеді. Денис Теннің қазасы қоғамға біраз ой салғаны анық. Орман ойдың арасынан оймақтайын айтып өтелік. Біз барымызды бағалай алмайтын, құндылықтарымызды құнттамайтын елміз бе?
Бірнеше жыл бұрын Илья Ильинмен сұхбаттастық. Олимпиада мен Әлем чемпионатында олжа салып жүрген кезі. Бүкіл халық толағайдың рекордтарына тәнті болып, алақанына салды. Бірақ көк туымызды желбіреткен батырымызға тиесілі сыйақысы берілмеді. Мемлекеттен алуы тиіс шәкіртақысынан, үстеме қаржысынан қағылды. Ешбіріне қолы жетпей жүрді.
Араға бірнеше ай салып, Бақыт Сәрсекбаевтың осы сияқты дауға іліккені белгілі болды. Алматы қаласынан алуы тиіс болған пәтердің кілтін былғары қолғап шебері біршама уақыт уысына түсіре алмады. Бұл мәселе тілшілердің бақылауында болып, пәтеріне түбі қол жеткізді, әйтеуір Елена Хрусталева Ванкуверде күміс олжалап, ел абыройын асқақтатты. Кейіннен оған сыйға берілген пәтер де Алматыда болмай шықты. Облыстың атынан жарысқа қатысқандықтан, баспана Қаскелеңнен қарастырылыпты. Елена қыз «Алматыда жаттығамын, елдің атынан жарысқа қатыстым, осы шаһардан бір пәтер алсам деп едім, ол да бұйырмады. Олимпиадаға облыстың атынан емес Қазақстанның атынан қатысқан секілді едім» деп ойын бүкпестен, ашық жеткізді.
Одан кейін де осы тақылеттес талай мәселе көтерілді. Спортшылар тілшілерден көмек сұрап, ұзақ уақыт бойы Үкіметтің берешегін бермей жүргенін айтты. Ал тиісті мекемелер, министрліктер, спорт комитеті бұл істі шешуде асықпайды. Берілетін сыйақы түбі беріледі-ау, бірақ созылып сиырқұйымшақтанып кететіні бар. Тағайындалған қаржыны аламын дегенде келесі Олимпиада да басталуға шақ қалады. Құзырлы орындарға шығып, спортшылардың құқығын қорғамақ болып бұл мәселеге талай араластық та. Бірақ көптеген қол қойылуы тиіс құжаттар, толтырылуы тиіс хаттамалар, ресмиленген рәсімдер – барлығы да шыдамды тауысып жібереді.
Айтпағымыз, бүкіл ел болып халықаралық жарыстарда тақымымызды қысып оғландарымыздың жолына қараймыз. Абыройымызды асқақтатып, әнұранымызды шырқатса төбеміз көкке жетеді. Саңлақтарымыздың жеңісіне бөркімізді аспанға атып қуанамыз. Алайда, сол спортшыларымызды бағалай алдық па? Біршамасы әрине, діттеген мақсатына жетті. Бірақ қаншамасы әлі де қызметсіз, сыйақысыз, баспанасыз жүр.
Денис Теннің қазасынан кейін «қолда бар алтынымызды неге бағалай алмаймыз» деп жанұшыра жазып жатырмыз. «Әкімді көргенде, ақынды өлгенде құрметтейтін елміз» деген сөздің шынымен де рас болғаны ма? Әйтпесе, Алматының қақ ортасында, тапа тал түсте Олимпиаданың қола жүлдегері тұрмақ, қарапайым қала тұрғынына ешкім тиіспеуі тиіс еді ғой. Түскі сағат үште, күн жарықта Денис Тенді танымай, пышақ сұққан қанды қол қарақшылардың ісі ақылға сыймайды. Біздің елде Олимпиадада олжа салған жалғыз мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен ғана еді ғой. Одан басқа ешкім мұз үстінде ол секілді өрнек салмаған еді. Енді мұндай деңгейдегі спортшы қашан шығары да белгісіз. Қанша жыл бойы еңбектеніп, ел атын шығарып, бейнетінің рахатын көретін жасқа келіп қалған спортшы қапияда қаза тапты.
Елімізде Норвегиядағыдай Олимпиаданы 7-8 мәрте жеңген спортшылар жоқ. Скандинавиядағы алақандай елде Олимпиаданы бағындырған 500-ге жуық спортшы бар. Ал бізде қысқы спортта медаль алып, танымал болғандар санаулы. Смирнов, Полторанин, Тен... Айналдырған 2-3 адамды көшеде танымай, оларға қоқан-лоққы көрсету қоғамның елшілдіктен ада екендігін көрсетпей ме? Кезінде Бақтияр Артаев пен Ермахан Ибраимовтерге де қол көтергендер болды. Қайсыбірін айтайық.
Құндылықтарын бағалай алмайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз, өкінішке қарай. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей, талай спортшымыз шетел асып өзге елдердің қоржынына медаль салды. Есімдерін ел біледі. Ал, «жаным қазақ» деп ел абыройын асқақтатқан бекзат спорт – мәнерлеп сырғанаудан шыққан тұңғышымыз Денис Тенді де сақтай алмадық. Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов да маңдайымызға сыймай кеткен еді...
Мәнерлеп сырғанау спортшы үшін ерте басталып, ерте аяқталатын өнер. Мұнда 6 жасынан жаттығуға кірісіп, 13-14 жасында Халықаралық аренаға шығады. 13 жасында Олимпиадаға қатысып, жүлде алған сырғанаушылар жетерлік. 16 жасында екінші Олимпиадасына қатысқандар да бар. Денистің де екі Олимпиадаға қатысқаны белгілі. Өкініштісі, Денис спорттық ғұмырын аяқтай алмай кетті...
Ермұхамед МӘУЛЕН,