Өмірде де, өнерде де жарасымды жұп
Татулық пен жылылық ұялаған Дәуренбек пен Айгерімнің шаңырағынан шуақ есіп тұрады. Үнемі көңілді жүретін ерлі-зайыпты өнерпаздардың өнері де көпшілікті тәнті етеді. Ән мен әзілге бала кезінен жақын Дәуренбек жар таңдауда көзі әнші Айгерімге түсіпті.
Бозбала шағынан жайдарманшы атанған жігітің жары Айгерім бала кезінен ән айтады екен. Бүгінде есімдері көпшілікке таныс жастар облыс орталығында концерт беріп үлгерген. Ауданда өтетін мәдени іс-шаралардың белсенді қатысушылары. Ерекше үні, әнге деген құштарлығы басым Дәуренбек пен Айгерімнің отбасында Ғасырбек, Айым есімді ұл мен қыз өсіп келеді. Сүйкімді балақайларда өнерден құр алақан емес, ән салады.
– Жанұяның беріктігі тыныштық пен бірлікте. Махаббатпен қатар өзара сыйластық орын алса, отбасы берекелі болады деп санаймын. Мен үшін өмірдегі ең үлкен жетістігім – отбасым, бала-шағам, – дейді Дәуренбек Қали.
Айгерім Нұрланқызы ән айтумен қатар тігін тіккенді ұнатады. Ісмер келіншек тұрмысқа қажетті дүниелерді, тіпті кейде өзіне ұнаған үлгімен киімдерін де тігіп алады. Дәуренбектің тағы бір қыры – ол сценари́ст. Ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары. Алда талай мақсат пен жоспары бар. Дегенмен жарияға жар салуды жөн санамайтындығын айтады.
– «Армансыз адам, қанатсыз құспен тең» демей ме? Әрине, арман, мақсат, жоспарсыз болмайды. Күнде кешкілік өз-өзіме бүгін не істедім, кімге немесе өзіме пайдалы іспен айналыстым деп өзімнен есеп аламын. Ертеңгі күнді жоспарлаймын. Болашаққа көз жүгіртемін. Шүкір, барлығы өз ретімен болып жатыр. Облыстық деңгейде концерт беру үлкен жұмыс. Міне, оның өзін еңсердік. Ауданда қолдаушылар табылып жатса, неге өнерімізді ортаға салмасқа? Бұның барлығы келер күннің еншісінде. Біз қоғамда болып жатқан кез келген шарадан бас тартпаймыз. Керсінше, ұсыныстар болса қуана қабылдап, біркісідей жұмылуға әзірміз, – дейді Дәуренбек бізбен әңгіме барысында.
Сұхбаттасу кезінде байқағанымыздай, екеуі де еңбекқор, тиянақты, жауапкершілігі мол екендігі аңғарылады. Өмірге, өнерге деген құлшынысы бөлек. Ақжарқын пейілмен ақтарыла сөйлеп, ой бөлісті. «Бақыт дегенді қалай түсінесіз?» деген сауалымызға да екеуі бірдей: «Әке-шешең қасыңда болса, отбасың, бала-шағаң аман болса, міне нағыз бақыт» деп жауап берді. Ерлі-зайыптылар арасындағы үйлесімділік пен түсіністіктің тереңдігі Айгерімнің ерінен бұрын сөз бастамайтындығынан да көрініп тұрды.
– Келіншегім сабырлы. Бірақ сәл қырсықтығы да бар. Ал мен тез ашуланғанмен қайтымым тез. Кешірім сұрауға келгенде мен ренжітсем де, ол ренжітсе де бірінші болып өзім кешірім сұраймын. Барынша сыйластық пен бір-бірімізге деген құрметті жоғалтпауға тырысамыз, – дейді Дәуренбек Асылбекұлы.
Олардың: «Адамның мүмкіндігі шексіз. Қолымнан келмейді деп қол қусырып отыруға болмайды. Алға қарай өрлей түсу керек. Еңбекті сүйіп, өмірді сүре білу керек» деген сөздері кез келгенге қанат бітіреді. Ерекше жігер береді. Күлімдеген жүзінен жылылық есіп тұратын Айгерім сөз арасында көбіне лирикалық әндерді орындайтындықтарын айтып қалды. Жанымызға жақыны махаббат тақырыбы деп өмірде де, өнерде де қол ұстасқан жандардың шаңырағына шаттық, татулық тілеп, тарқастық.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА