Түкірік
– Қых-х-х...
– Астапралла, мұның не? – деді Бәтіш әжей қасындағы шалына жақтырмай сөлей.
– Әй, қойшы. Ішіме жұтып қайтемін, – деген Сейсенбай ақсақал тағы да бырқ-бырқ етті.
Күнделікті есік алдына таза ауа жұтуға шығатын бұл екеуінің әңгімесі осы. Кейде бір түкіріктің кесірінен бұрқылдаса кететіні бар...
– Астапралла, мұның не? – деді Бәтіш әжей қасындағы шалына жақтырмай сөлей.
– Әй, қойшы. Ішіме жұтып қайтемін, – деген Сейсенбай ақсақал тағы да бырқ-бырқ етті.
Күнделікті есік алдына таза ауа жұтуға шығатын бұл екеуінің әңгімесі осы. Кейде бір түкіріктің кесірінен бұрқылдаса кететіні бар...
5-тің шайын енді ғана сіміре ішкен екеуі тағы тысқа шықты. Ескі орындығын есік алдына қойып жайғасып алды. Өткен-кеткен амандаспай өтсе, ақсақалдың әдеті ғой, қасына айқайлап шақырып алады.
– Әй, бала?
– Ау, ата?
– Кімнің баласысың?
– Шораның.
– Әлгі қисық Шора ма?
– Иә,ата.
– Мында кел, амандасуды қисығың үйретпеді ме?
– Жо-оға ата, айып етпеңіз. Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкум, аман бол! Бірақ келесіде үлкен кісі көрсең қайырылмай кетпе, – деген ақсақалдың ақылын ұйып тыңдап отырған әлгінің аяғы әлденеге былш етті. Әрі-бері қарап еді, жерде жатқан түкірік екен. Әдетте жас-жігіттерің көшеде жүріп, отырып әр жерге тастай беретін түкірігі. Түкке таң қалудың қажеті жоқ. Ішінен мырс етті де, қоштасып жөнімен кете барды. Ал табанына жабысқан түкірік мұнымен бірге жүре берді, жүре берді. Ат шаптырым жерде тұратын үйіне тез-тез келіп, енді ғана есік алдына отыра кеткені сол еді. Іштен анасының бар дауысымен шақырғанын естіп, ішке енді. Төбедегі жарықтың ләмпішкесін ауыстырып жатқан анасына көмек қажет екен. Жігіт асықты ма, әйтеуір аяқ киімімен төрге баса жөнелді. Мұны көрген шешесі де «ойбулап» қалғаны бар. Бірақ кеш қой. Ішкі бөлмеде олай да бұлай жатқан қос аяқ киімнің біреуіне үйдің енді ғана еңбектеп жүрген кішкентайы барды да жармаса кетті. Қолына бір сыңарын алып қышыған тісімен тістелей жөнелді. Иә, сіз ойлағандай бұл әлгі түкірік басылған бәтеңке. Әбден тісінің айызын қандырып тістелеген балақай тапқан дүниесінен айнып, келесі нысанына кете барды. Бірақ мұны көрген үлкендер жоқ еді.
...Түн. Ұйықтай алмаған бөбектің жылауы жиілеп барады. Ыстығы көтерілген. Түсер емес. Шалғай жер болған соң жедел-жәрдем де келіп болмайтыны бар. Оның үстіне талай-талай жылдардың соқпағына төзген ойдым-ойдым жерлер – үлкен қақпа. Жауын жауса тұрғындардың соры. Осындайда жедел жәрдемнің жеделдігі бәсеңдейді. Күн күркіреп аспан тесілгендей жаңбыр құйып тұр. Әлгі табиғат дауысымен қатар шыққан балақайдың дауысы да жер жарып барады. Арада бірнеше сағат өткен соң күткен көлік те келді. Баланың жағдайының нашарлағанын көрген әлгілер тез арада аудан орталығына әкете жөнелді. Тілі түгіл тісі енді ғана жарып келе жатқан сәбиді көк жөтел қысып барады, әлсіреп, жаны да жылаудан шаршағандай. Әлсіздіктен көзі жұмылуда.
Ойдым жерден трассаға шыққан көлік жүйткіп келеді. Әрең дегенде ауруханаға келіп, көмектің, тексерістің барлық түрі көрсетіліп жатыр. Ешқандай себеп жоқ. Тек анализ сынамасының жауабын күту ғана қалды. Ертеңі балақайдың қолына дәрігер бір қағаз сынама нәтижесін ұсынды. Балада – Кох таяқшалары. Иә, бірер уақытта-ақ жас организмді жаулап алған туберкулездің бактериалары бар. Қайдан, қашан, қалай жұқтырғанын дәлелдей алмай дал болған ана қауқарсыз күйде отыра кетті...
...Түкірік. Сізге жай ғана нәрсе болуы мүмкін. Бірақ оның айналаға зияны сіз ойлағаннан да екі есе жоғары. «Қых-х-ты» тыйып, өз бактериямызбен өзгелерді ластамауды үйренсек жөн болар еді-ау, ә?!
Айнұр ӘЛИ