Әкім есеп берді. Ел не деді?
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай аудан әкімінің дәстүрлі II тоқсандағы қорытынды есебі қараша айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келді. Бүгінге дейін әрбір ауылдағы өткен жиында халықтың әл-ауқатымен қатар, ертеңгі күнге деген сенімі де арта түскені анық аңғарылды. Олар ағымдағы ұсақ-түйек мәселелерден гөрі ортақ игілік үшін істелетін жұмыстарға назар аударды. Жуырда кезек Қазалы қаласына да жетті. Әкім есеп берді. Ел не деді?
Мұхтар Оразбаевтың тоқсан сайынғы тұрғындармен кездесуі соңына таяды. Қазалы қаласында жалғасқан халықпен кездесуде аудан басшысы Қызылорда облысының 85 жылдығы және Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, айтулы мерекенің кең көлемде тойланғанын тілге тиек етіп, маңызды сәтте бірлесе білген барша жұртқа алғысын айтты.– Биыл Қызылорда облысының құрылғанына – 85 жыл, құтты мекен Қазалы ауданына – 95 жыл толып отыр. Қос мереке қабат келген айтулы датаға орай ауданда ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып, мерейтой кең көлемде тойланды.
Аудан тұрғындарының қатысуымен ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар тағылымы мен тәрбиелік маңызы зор, руханимәдени, спорттық бағыттағы түрлі жиын, жарыстар да болды. Маңызды тойды аудан халқымен бірлесе, бар күш-жігерімізді жұмсап, жоғары деңгейде абыроймен атқарып шықтық.
Баршаңызды Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға құт-береке, толағай табыс пен ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді аудан әкімі М.Әуесұлы.
Мұнан соң жыл басынан бергі ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеп, алда шешілетін мәселелер мен жоспарларды тілге тиек етті.
– Биыл ауданда атқарылған жұмыстар аз емес. Қазалы қаласының өзіне республикалық бюджетен «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша 15 көшені қайта жаңғыртуға қыруар қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілді. Жеңімпаз, мердігер мекеме «Қыран» ЖШС-нің атқарған жұмысы да сапалы, әрі тұрғындар көңілінен шығуда.
Жоғарыда аталған бағдарлама бойынша өткен жылы Қазалы қаласының 15 көшесіне жарықтандыру қаражаты бөлініп, электр желілерін қайта жаңарту жұмыстары да жүргізілді. Алдағы уақытта осы жобалар жалғасын табады. Сонымен қаланың жол жағдайы толықтай жақсарады, – деді ол.
Кезек қалалық ағайынның ұсыныс-пікіріне ұласқанда бірқатар түйіні тарқатылмай түйткілдер ортаға салынды. Тоқталсақ, Қазалы қаласындағы жолдар тұрғындардың көңілінен шықпайды екен. Дәлірек айтсақ, бұған дейін Әйтеке би кенті, Қазалы қаласының бірнеше көшесінің күрделі жұмысы, асфальты мен тротуар салу жұмысын белгілі конкурс арқылы жеңіп алып, міндеттемелерін толыққанды орындамаған мердігер "Кочевник" мекемесіне көңілі толмаған тұрғындар базынасы айтты.
Аталмыш орын биыл мекеме атауын өзгертіп, конкурстарға қатысқан. Тиісінше, мердігердің сапасыз жұмысы сын көтермеген. Яғни, талапқа сай емес. Жиында қала тұрғыны Ермек Игіліков осы мәселені аудан әкімінің назарға алуын ұсынды.
– Өздеріңіз білетіндей, бірнеше көшеге жөндеу, асфальт төсеу жұмыстары жасалды. Өкінішке орай, жасалған жұмыстар сын көтермейді. Салынған тротуар, жол сапасы тым төмен. Турасын айтқанда қалай болса солай салынған. Осы мәселені назарға алсаңыз игі болар еді.
Рахмет! Ауданда, қалада қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Мұның бәрін жоққа шығармаймыз. Халық үшін жасалып жатқан игі істерді де айтпай кеткеніміз болмас. Сіздерге алғысымыз шексіз, – деді Ермек ақсақал.
Тұрғын тарапынан айтылған ұсынысты аудан әкімі назарға алып, алдағы уақытта олқылық орнын толтыратынын айтты.
Келесі сауал Әнес Ағыберген есімді ақсақал тарапынан жоғарыда аталған мердігер мекеменің аяқсыз қалдырған жұмысының қаражаты жайында болды. Бұған да аудан әкімі көп кідірмей жауап берді.
– Аталған мекеменің бүгінде 71 миллион қаржысы тұр. Оны әлбетте кері қайтарамыз. Ал "Кочевник" мекемесіне келер болсақ, ол заңды талаптарына сай жосықсыз болып кетті. Аталмыш орын биыл мекеме атауын өзгертіп, бірнеше конкурстарға қатысқан. Бірақ біз оны да жосықсыз қатысушылар қатарына жібердік. Алдағы уақытта мұның барлығы ескеріліп, тиісті жұмыстар жүргізіле береді, – деді аудан әкімі. Мұнан соң сол секілді осындай бірқатар талап-тілектер айтылды.
Аудан басшысы өз кезегінде тұрғындар тарапынан жеткізілген ұсыныстардың барлығы орынды екенін айтып, аталған мәселелерге жеке-жеке тоқталып өтті.
Кездесу қорытындысында Қазалы қаласындағы бірнеше азаматтар мен азаматшалар Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойына арнайы дайындалған төсбелгімен марапатталды.
М.Оразбаев Қазалы қаласындағы халықпен кездесуі кезінде жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Соған сәйкес тиісті сала мамандарына тапсырма жүктеп, шешілу жолдарын қарастыруды талап етті.
Айта кетейік, аудан әкімін алда қорытынды, Әйтеке кентінің тұрғындарымен кездесу күтіп тұр.
Серік АҚМЫРЗА