Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік таңы атқан күн

Тәуелсіздік таңы атқан күн

Алты алаштың ардақтысы, ұлтының еркіндігін аңсаған Әлихан Бөкейханов бабамыз өз заманында «Тірі болсақ алдымызда үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде, бөлек мемлекет болар!» деп елдік сенімін айтқан екен. Ол күнге біз тек 1991 жылы ғана қол жеткіздік. Алайда респулика күні түрлі себептерге байланысты мерекелік күнтізбелер тізімінен түсіп қалды.
Кейін 1992-ден бері 2001 жылы мерекелер тізіміне енгізіліп, көп ұзамай 2009 жылы қайта алынып тасталған. Араға көптеген жылдарды салып, 2022 жылдың маусым айында өткен ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында тәуелсіздік қай елдің болмасын басты игілігі екенін ешқашан естен шығармаған Қ.Ж.Тоқаев 25 қазан – Республика, Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуді қайта жаңғыртқан еді.
Ендеше отыз бір жыл күткен Республика күні – біздің санамызда жаңғыратын маңызды мереке болу керек. Сол үшін де Республика күні де ерекше маңызға ие болуы шарт. Әрине, алдымен оны жастарымыз ұғынуы керек. Одан әрі Ұлттық рухты көтеретін мереке деңгейіне көтерілсе құба-құп.

Әлімжан ЕРНИЯЗОВ, Генерал-майор, Қазалы ауданының құрметті азаматы:

Тәуелсіздік текті ұғым
– Республика күні – тоқсаныншы жылы жоғары кеңес қабылдап, кейін ауысып, ұмыт қалды. Қуанышқа орай өткен жылы қайта жаңғырып, ұлттық мерекеге айналды. Қазақ айтады «Қайта жаңғырғанның қайыр бар» деп. Сол үшін қайта оралған мерекеміз баршамызға құт-береке алып келсін! Бұл мереке – біртұтас Қазақстанның берекесі мен бірлігінің нышаны.
Егемендік алғалы 32 ел болды. Соның ішіндегі ең үлкен жетістігіміз – төбеміздегі ашық аспанымыз. Еліміз тыйыш, халқымыз тоқ, соғыс жоқ. Аллаға тәуба! Иә, ең бірінші жетістігіміз де, мақтанышымыз да осы.
Қазақ қашаннан тәуелсіздікті текті ұғым деген. Бұл – кешегі ел үшін егеулі найза қолға алып, ұлтарақтай жер үшін ат үстінен түспеген батыр бабалардан қалған жәдігер сөз. Біз – ғасырлар бойы азаттықты аңсап, еркіндікке қолы жеткізуге ұмтылған, арман-мұраты тең өріліп, тай қазаны ортаймаған қазақ деген байтақ ел, дана халықпыз. Міне, сол бақыт бастауы жеке мемлекет болу емес пе еді. Демек, Республика күні тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры болуы керек. Тәуелсіз еліміздің тарихи мәні терең, ұлық мерекесі баршамызға игілік, ырыс-несібе алып келсін дегім келеді.

Бақытбек СМАҒҰЛ, Ауған соғысының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері:
Мерекең құтты болсын, Қазақстан!
– 1990 жылы 25 қазанда қазақ елінің егемендігі мен тәуелсіздігіне батыл қадам жасалып, декларация қабылдаған күн болатын. Былтыр Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күніне Ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған еді. Енді міне екінші рет қазанның жиырма бесі егемендігіміздің басты мерекесі ретінде аталып өтіп жатыр. Сондықтан да ұзағынан болсын дейміз!
Қазақстан

Жаһан білген жасампаз ел екенін,
Қазақстан – ғажайып кең мекенім.
Оралғаны ортаға бір ғанибет,
Мемлекеттік маңызды мерекенің.

Отан деген қашаннан киелі ұғым,
От сезімге орап ап сүйеді ұлың.
Ұлан-ғайыр көз жетпес кең далама,
Өр намысты ұрпағың ие бүгін.

Үмітпенен қарайтын жанбыз алға,
Жөніміз жоқ мұңайып, жабығарға.
Ана жалғыз адамда, Отан жалғыз,
Жалғызымды сақтай көр, жалғыз Алла.

Қыраны зау биікте самғап ұшқан,
Ұл қызы жаратылған ар намыстан.
Татулық пен бірлігі жарасқан ел,
Мерекең құтты болсын, Қазақстан!

Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ, ардагер, тарихшы ұстаз, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі:
Еңсесі биік егемен ел
– Мен кешегі кеңес заманында мектепте және институтта оқып, 44 жыл тарих пәнінен мұғалім болып зейнетке шыққандықтан, тарихи оқиғалар көз алдымда өтіп жатыр. Кеңес қоғамын қайта құру мақсатында 1985 жылы жариялылық пен демократияға байланысты КСРО-ның іргесі сөгіле бастады, ол 1986 жылы Қазақстандағы желтоқсан көтерілісіне байланысты басталған еді.
Кеңес елінің нарықтық экономикаға өтуі, одақтас республикаларды жоспарлы экономикамен байланыстырып қоюы өз нәтижесін берді, әр республикалар одақтан шыққысы келіп, оның алғашқы шарты болып табылатын Тәуелсіздік Деклрациясын жариялады. Сол кездегі Қазақстанның Жоғарғы Кеңес депутаттарының құрамы қазақтың бостандық сүйгіш нағыз нарқасқа тұлғаларынан тұратын, солардың ықпалымен не бәрі екі ай ішінде, осы Тәуелсіздік Декларациямыз жазылып, 1990 жылы 25 қазанда жарияланды.
Бәріміз тәуелсіздігіміздің таңы атқанына қуандық. Мектепте осы күнді ерекше атап өтетін едік, тарих апталығын осы мерекеге байланыстырып өткізуді дәстүрге айналдырдық. Сонан соң түсініксіз жағдай болды, атап айтқанда 2009 жылдан бастап бұл мереке аталып өтілмейтін болды.
Кеткен қатені жөндеп, 2022 жылы президент Жарлығымен бұл күн еліміздің басты мерекесі ретінде демалыс күні болып жарияланды. Менің замандастарым қоғамның екі рет өзгеруін көріп отыр, кеңес заманының ыдырауы мен жаңа Қазақстанға көшуімізді көзбен көріп, іштей ой елегінен өткізуде.
Осынау қиындықпен жеткен тәуелсіздік, республика мерекесі құтты болсын, аспанымыз ашық болып, еліміздің дамуы үшін әр адам өзінің жұмысын адал атқара береді деп ойлаймын.
Серік АҚМЫРЗА
24 қазан 2023 ж. 185 0

Мен өмірді қалаймын

13 қараша 2024 ж. 67

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930