Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапалы жұмыс – мол өнім негізі

Сапалы жұмыс – мол өнім негізі

Берекелі бейсенбі күні "Агро-Өркен" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабына жұмыс сапармен бардық. Қазалы қаласынан 20-30 шақырым қашықтықта орналасқан Қожабақы ауылына жеңіл көлікпен жарты сағатта жеттік. Іс-сапар барысында серіктестіктің атқарылатын ауқымды істеріне жауапты Бауыржан Әбдіқалық егін алқабындағы қолға алынған шаруалардың ретін түсіндірді. Мұнда басты талап – темірдей тәртіп пен аса жауапкершілік. Сонда ғана діттелген жоспарлар жүзеге асып, жақсы өнім алынады. Бұл үшін қаншама жан-тәнімен берілген еңбек пен аянбай төгілген тер жұмсалады. Халықтың алғысын алып отырған серіктестік өзге диқаншылармен қатар биыл егінді кешеуілдетіп жинауда. Оған себеп – кезекпен берілген су тапшылығы және ауа райының өзгеруі. Дегенмен білікті, әрі еңбекқор мамандардың нәтижесімен ел ырысын төкпей жиып алуға барын салуда.
Бүгінде 750 гектарды алып жатқан күріш алқабының 110 гектарының ғана өнімін жинау қалды. Дегенмен "Агро-Өркен" ЖШС еңбеккерлері күрішпен қатар бидай мен жоңышқа өсіруді тәжірибеге енгізгеніне де аз уақыт болмады. Бүгінде жоңышқа жоғары өнім түзеді. Ол ұзақ күннің өсімдігі, әрі жарық сүйгіш. Жоңышқа егуді сәуір айының аяғы мен наурыздың бас жағында бастайды. Алғашқы орым шіліңгір шілдеде атқарылады. Тамыз айының аяғында екінші орым жасалады. Ол келесі жылдың сәуір айынан бастап, көгере бастайды. Мамырдың 15-20 аралығында жоңышқаға алғашқы орым түседі. Сөйтіп екінші жылдық жоңышқа тамызға дейін төрт орым беретін көрінеді. Мал азығы өнімдерінің ішінде ең тиімді, әрі пайдалысы осы шөп екендігін алға тартады мамандар.
Жоңышқа егілген жерді екі-үш жылда күрішке айдап жіберілетіндігін алға тартады диқаншылар. Себебі оның өскен орны құнарланып, топырақ жұмсақ күйге енетін көрінеді. Бұл жерге себілген ақ маржандар жақсы өнім береді деседі еңбеккерлер.
Бүгінде егін жинау науқаны бітуге сәл қалды. Осы күні Қожабақы ауылы тұрғындарын егістік басынан кездестіресің. Өйткені олар таңның атысы мен кештің батысы егістік пен қырманда тынбай тер төгіп жүреді. Мұнда 31 жылдық тәжірибесі бар өз ісінің майталманы ақегіс бригадирі Мейрамбек Жәмимен жүздестік. Ол сонау тоқсаныншы жылдары жалындаған жастық шағын дала еңбегіне арнаған. Себебі оның әкесі ауылдың егін алқабында үздіксіз қызмет еткен. Бала Мейрамбек осы іске қызығушылық танытып, әке жолын жалғастырады.
– Әркез таң атысымен тұрып, егістікке келемін. Келе сала қарамағымдағы жұмысшыларымның жай-күйінен хабардар болып, білек сыбана іске кірісеміз. Барлығы 7-9 адам өнімнің сапалы өсуіне жауаптымыз, – дейді Мейрамбек Жами.
Қазір Мейрамбек жан жары Гүлжанмен бірге 5 бала тәрбиелеп отыр. "Жері байдың – елі бай" демекші, еңбекқор жан әрекетте береке барын айтудан жалыққан емес.
– Шүкіршілікті айтумен таңда жұмысқа дайындаламын. Дала төсінің арқасында табыс тауып, отбасымды асырап, бала-шағамды жетілдіріп отырмын. Әрине әрнәрсенің өз қиындығы болады. Егінмен айналысу оңай емес. Бұл үлкен сала. Егіске табиғаттың райы тікелей әсер етеді.
Айта кетейін, наурыздың 22-сіне дейін бидай мен жоңышқаны егіп болуымыз тиіс. Қыста қар қалың түссе, жұмысымызды кештеу бастап қаламыз. Жер ылғалдығына да қараймыз, құрғап кетпеуі маңызды. Сонда ғана сепкен дәніміз жақсы көктеп, алып шығады. Егерде жаңбыр да жаумай қалса, көктемей де қалады. Мәселен, біз бірінші орымды мамырдың 10-18-дерінде саламыз. Ал мамырдың 20-25-інде пресске саламыз. Биыл соны қолға алудамыз. Шүкір үш орымды абыроймен алып шықтық. Бидайды да көктемде жер ылғалдығына байланысты ерте егу қажет. Оған техникаң мен жұмыс қолың сақадай сай тұруы керек. Соқа, тырма, дән себетін құрал-сайман дайын болғаны абзал. Соның бәрін қыста әзірлеген дұрыс. Істен шыққан техникаларды жөндейтін мамандарымыз бар. Ол үшін арнайы гараж, дәнекерлеу құралдары мен станок жұмыс істеп тұр, – дейді ақегіс бригадирі Мейрамбек Қазиұлы.
Маманның айтуынша, жоңышқаның өзіндік өсіру технологиясы бар. Ол нағыз еңбекті талап етеді. Ерекшелігі сонда, оны түннің бір мезгілінде суару қажет. Күндіз жіберілген судан өнім күйіп кетеді. Сондай-ақ бұл өнімнің тұқымының әр килограммын қомақты қаржыға алып, жер жыртып, дәнін сеуіп, ала жаздай күтіп-бапталады. Осыншама маңдай термен өсірілген жоңышқа орылып, 10 күндей кептірілген соң пресстеледі. Сосын камазға тиеліп, халыққа ұсынылады. Мұндай еңбекпен алынған азыққа тиісті бағасы қойылатыны сөзсіз. Бұдан бөлек ауыл тұрғындарына жоңышқаны тегін үлестіру үрдіске айналған.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
21 қазан 2023 ж. 256 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930