Тілсіз тажалмен арпалыс немесе өрт сөндірушінің бір күні
Өрт сөндірушілердің әр күні қауіп пен қатерге толы. Соған қарамастан тілсіз тажалмен күресте бастарын бәйгеге тігіп, қызметтік борышына адал болуды олар басты міндеті санайды. Тіпті қысы-жазы тосыннан тұтанған тілсіз жауға тосқауыл болып, қауіптің алдын алуда уақытпен санаспай тынымсыз еңбек етеді. Осы орайда, басын тәуекелге байлап, антына адалдық танытып, отпен арпалысқан оғландардың бір күндік қызметімен танысу үшін Қазалы аудандық 9 өрт сөндіру бөліміне арнайы барған едік.
Бөлім ғимаратының табалдырығын аттағаным сол-ақ екен, алдымнан екі кезекші қарсы алды. Аудандық басылымнан келгенімді айтып түсіндірген соң, мені жауапты маманға қарай бағыттады. Мән-жайға қаныққан соң, олар дереу жинала қалды. Бұрын-соңды мұндай дүниелерді көріп жүрмеген соң, «Не болып қалды екен?» деп аздап абдырап қалдым. Жұмыс барысына әдеттегі өзіме таныс қалыппен қанығамын деп ойласам керек. Сөйтсем, мұнда бәрі басқаша. Кәдімгідей әскери тәртіп. Барлығы сап түзеп, көз ілестірместен тез жиналғанда бұл жылдамдыққа ширақ қозғалатын менің өзім үлгермей қалып, жиылған кезекшілік топтың жанына әрең жеттім. Мен барған уақытта олар әдеттегідей күн тәртібі бойынша қызу жұмыс жасап жатқан еді. Өздерінің міндетті жұмыстарын түсіндіру үшін уақытша үзіліс алған жауынгерлер бөлімнің жұмысы кезекшіліктің ауысуынан басталатындығын баяндады. Айтуларынша, бөлімде 4 ауысым жұмыс жасайды. Әр ауысымда 7-8 қызметкерден. Мен 1-ші қарауылдың кезекшілікті қабылдау кезегіне тап болдым. Ауысым қарауылында қарауыл бастығы, 1 бөлімше командирі, 3 өрт сөндіруші-құтқарушы, 2 өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі, 1 радиотелефонист қызмет атқарады екен.
Өрт сөндіру бөлімнің әдеттегі күні 08:00-ден 08:15-ке дейін кезекшілік түсетін қарауылға нұсқаулық, ауыстырылатын қарауылдың тәуліктік кезекшілігін қорытындылауынан басталады. Осы он бес минут ішінде жаңа ауысым өрт сөндіру техникасын, авариялық-құтқару жабдықтарын қабылдайды. Содан соң 08:15-ден 08:45 уақыт аралығында кезекшілікке түсетін қызметкерлердің қауіпсіздігі тексеріледі. Яғни, бұл кезеңде мамандардың физиологиялық, психологиялық тұрғыда жұмысқа дайындығына мән беріледі. Содан соң барып, күнделікті белгіленген кестеге сәйкес сабаққа әзірленеді.
Оқу сағаттары өрт сөндірушілер үшін маңызды міндет саналады. Бұдан хабары жоқ адам «Өрт сөндірушіге сабақ неге керек?» деуі әбден мүмкін. Алғашында мұндай ой мені де мазалаған. Сөйтсек, оқу сағаттары күнделікті қайталанатын дағдыларды теориялық және практикалық тұрғыда бекіту үшін қажет екен. Бөлім бастығы Азамат Еркінұлының айтуынша, тіпті мұндай сабақтар оқыс оқиға кезінде тактиканы оң әрі дұрыс қолдануда көмегін беретін көрінеді.
– Көпшіліктен өрт сөндірушілердің оқу-жаттығудан басқа жұмысы жоқ деген сарындағы сынды жиі естиміз. Бірақ бұл орынсыз пікір. Мойнымызға артылған жауапкершілік жүгі жұртшылық ойлағаннан ауыр.
Біздің басты міндетіміз – өртті ауыздықтап қоймай, адамзатты оттың құрсауынан арашалау. Мұндайда көзсіз батырлық емес, дұрыс қойылған тактика құтқарады. Егер білігің мен тактиканы дұрыс қолданбасаң, төніп тұрған қатерден өзгені де, өзіңді де аман алып қала алмайсың. Сондықтан құтқарушылар үшін оқу-жаттығу процесінің маңызы зор, – дейді бөлім басшысы.
Сабақ туралы айта жүріп, оқу сағаты өтіп жатқан кабинетке бағыт алдық. Мұнда бірінші оқу сағаты аяқталып, екінші, үшіншіге жалғасып жатыр екен. Оқу залына кіріп, бүгінгі жауынгерлік кезекшілік құрамның қатарына қосылып, бөлім орынбасарының дәрісіне қатыстым. Дәріс соңына таяу бөлім қызметкерлерімен тілдесіп, бұл мамандықты таңдауының себебін сұрауды да ұмытпадым.
Өзін бөлімше командирімін деп таныстырған Айбат Бекетов есімді азамат бұл мамандыққа жүрек қалауымен келгендігін айтады.
– 2009 жылы Петропавл қаласына әскерге шақырылдым. Әскери борышымды өтеп болған соң, Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде «Жолаушылар мен жүк қозғалысын басқару мен оны ұйымдастыру» мамандығы бойынша, сондай-ақ Санкт-Петербург қаласында Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бойынша білім алдым. Алғаш еңбек жолын 2013 жылы Ақтөбе қаласындағы №4 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы болып бастап, 2016 жылы Байқоңыр қаласында 6 ай шамасында радио-телефонист болып қызмет еттім. Сол жылы Қазалы ауданындағы №9 өрт сөндіру бөлімінің Қазалы қаласы №15 өрт сөндіру бекетінде радио-телефонист болып жұмысқа орналасып, 2019 жылы аға өрт сөндіруші-құтқарушы қызметіне жоғарыладым. 2022 жылдан бастап аталған бөлімше бөлімше командирімін, – дейді ол.
Өрт сөндіру қызметінде 10 жылға жуық тәжірибесі бар маманның аталған бөлімшеде аз уақыт ішінде жай өрт сөндіруші құтқарушыдан бөлімше командиріне дейін жоғарылауы оның тәуекелшілдігі мен өзіне деген талапшылдығынан десек жарасатындай. Бірақ ол мұнысын мақтаныш санамайды. Себебі ол үшін темірдей тәртіп бірінші орында. Мұны кезекшілік құрамның тындырымды тірлігінен оңай байқауға болады. Жатын бөлмедегі жинақылық, ғимарат ішіндегі тазалық, құрал-жабдықтар қоймасындағы реттілік тағысын тағылар жоғарыдағы сөзіміздің дұрыстығын аңғартады.
Оқу залынан шыққан соң, диспетчер отырған жерге қарай аяңдадым. Бұл байланыс пунктін құтқарушылар өрт сөндіру бөлімінің «жүрегі» санайды. Аядай ғана кабинетте отырған радио байланысшы Ержан Үргенішбайдың қызметі алғашында сырт көзге оңай сияқты көрінгенімен, оның да жұмысы қарбаласқа толы екендігін аңғардым. Оның мұндағы міндеті – толассыз қоңырауларға мүдірместен жауап беріп, алгоритм бойынша жағдайды анықтап, төтенше жағдай туралы дабыл қағу. Стол үстінде тұрған бірнеше телефонға бір мезетте жауап беріп, импульсивті әрекет ету көптің қолынан келе бермесі анық. Дегенмен бұл дүние Ержан үшін қалыпты жағдайға айналған.
– Жалпы бұл қызмет салқынқандылық пен шапшаңдықты талап етеді. Сондай-ақ жауапкершілікті де. Біз әр адамның өмірі үшін жауаптымыз. Әрбір келіп түскен қоңырау біз үшін маңызды. Себебі қоңырау шалған кез келген адам өмір үшін жанталасып, өртпен арпалысып жатуы әбден мүмкін. Сондықтан әрбір қоңырауды мұқият жазып, өрт ошағына кезекші бөлімді жедел жіберу керекпіз, – дейді ол.
Осыдан-ақ диспетчер жұмысының қаншалықты маңызды екендігін бағамдадық. Диспетчердің орнынан бір минутқа тапжылмауын жұмысқа деген тиянақтылығы мен жұрт алдындағы жауапкершілігі деп түсіндік.
Қоңырау түсіп, дабыл қағылған соң қандай әрекет болатыны түсінікті. Десе де мұны өрт-сөндіруші құтқарушылардың өздерінен сұрауды жөн көрдік. Айтуларынша, келіп түскен қоңырау тіркеліп, дабыл соғылған соң, олар бір минут ішінде өрт сөндіруге арналған киімді киіп, шақырту болған мекен-жайға дереу аттанады. Бірақ бір минут ішінде дегені миға қонымсыздау көрінді. «Ап-ауыр киімді қалайша тез киіп, қалай жылдам жинала қояды?» деген сұрақтар ойға орала берген соң, жауынгерлерден уақытқа жарысып жиналуларын сұрадым. Олардың әп сәтте жауынгерлік киімді оп-оңай киініп, тыныс алуға жарамсыз ортада пайдаланатын ап-ауыр құрылғыны емін-еркін арқаларына асынып, белгіленген уақыт межесінен аспай-ақ, көлікке жеп-жеңіл мініп бара жатқанын көргенде бекер күмәнданғанымды ұғындым. Тіпті мұныма іштей ұялдым. Бұл әрине олардың үйреншікті ісі, дегенмен бұлай жылдам әрекет ету кез келгеннің қолынан келе бермейтінін мен қаперден шығарыппын.
Құтқарушылардың практикалық жұмысын бағамдап, жаттығу барысын бақылаған соң, өрт сөндіру көлігі тұрған тұраққа қарай беттедім. «Іздегенге – сұраған» демекші, алдымнан өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі шыға келді. «Темір тұлпарды жауынгерлік әзірлікте ұстаудың маңызы қандай?» деген оймен тұраққа жетелеген сауалыма өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі Бақытжан Тоқмамбет былайша жауап берді.
– Менің мұндағы қызметім айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Жүргізушінің басты міндеті – жеке құрамды өрт орын алған жерге жол ережелерін сақтай отырып, жедел жеткізу болып саналады. Сондай-ақ өрт сөндіру автокөлігінің техникалық жағдайы, оның жүріске жарамдылығы, өрт кезінде көлікте судың, жанармайдың, көбіктің болуын қадағалау тікелей менің міндетім. Көлік қандай жағдайда да сақадай сай тұруы қажет. Бұл бізге қойылатын басты талап, – дейді көлік жүргізуші.
Көлік тізгіндеген азаматтың сөзіне сенсек, өрт болған бағытқа шыққан сәттерде жиі жол кептелісіне тап болып, кедергілерге ұшырасады екен. Соның салдарынан межелі орынға кешігіп, уақыт жоғалтатын сәттер аз болмайтын көрінеді. Бірақ мұндай кедергілер көлік жүргізушісі үшін әдеттегі жағдай іспетті. Қанша жерден қиындықтар туындаса да, амалын тауып, діттеген жерге жылдам жетуді ол бірінші орынға қояды. Бұл оның жылдар бойы тосыннан туындайтын жайттарға әбден төселгендігін білдіртсе керек. Оның үстіне бұл жұмыста тәжірибесі де аз емес. Бүгінде оның бұл қызметте жүргеніне 16 жылдан асқан. Ал оның дәл осы мамандыққа келуі әскермен байланысты екен. Ол 2005 жылы әскерге шақырылып, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш елдімекеніндегі Төтенше Жағдайлар Министрлігіне қарасты №28-287 әскери бөлімшеде 2 жыл борышын өтейді. Әскерден келген соң, ойланбастан Байқоңыр қаласындағы №8 өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі болып орналасады. 2013 жылы аудандық №9 өрт сөндіру бөліміне ауысып, өрт сөндіруші көлігінің жүргізушісі болып еңбек етеді. Тынымсыз еңбегінің нәтижесінде 9 айдан соң аға жүргізушісі болып, бүгінгі таңға дейін сол қызметте қалтқысыз еңбек етіп жүр.
Бақытжан Сабырбайұлы қызметте білікті маман болса, ал отбасында 3 ұл, 4 қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы әке. Әңгіме барысында үлкен ұлы Нұржанның болашақта әке жолын жалғап, өрт сөндіру қызметін таңдағысы келетіндігін естідік. Мұнысын әкесі де құптайтын көрінеді. Тіпті жұмыстан бос уақытта білгенін үйретіп, бағыт-бағдар беріп жүргенін айтып қалды.
– Ұлымның таңдауына мүлдем қарсы келмеймін. Тіпті мұнысына қуанып жүрмін. Әрине, жұмысымызда қиындықтардың болатындығын біліп, көріп жүр. Ер азамат соны еңсеру керектігін мен қазірден құлағына құйып, алдыңнан шығатын ауыртпалыққа үнемі дайын бол деп жиі айтамын, – дейді Бақытжан Сабырбайұлы.
Көлік жүргізушімен әңгімемізді аяқтап, бөлімнің тыныс-тірлігімен толығырақ танысамын деп отырғанымда кенет дабыл соғылды. Мен «ә» деп ауыз жиғанша, бәрі тұра жөнелді. Мен түсінбей, бір орында состиып тұрмын.
Көлік қоймасынан шығып, аулаға қарай беттегенше, өрт сөндіру көлігінің бөлім ғимаратынан шығып бара жатқанын көзім шалды. Көз ұшынан лезде ұзаған өрт сөндіру көлігі бағыт алған жағына жөнеле барды. Диспетчер бөлмесіне келіп, олардың қайда бағыт алғанып сұрағанымн. Диспетчер кезекшілік қарауылдың ауданда өтіп жатқан кезекті оқу-жаттығу жиынына кеткенін айтты. №9 өрт сөндіру бөлімінің таңмен таласып басталған тынымсыз тірлігі осылайша жалғасып жатты. Мақаламызда отпен арпалысқан оғландардың бір күндік көрінісі толық қамтылмаса да, олардың күнделікті қайталанатын жұмысының бір бөлігін көзбен көріп, қанықтық. Қызыл жалынмен арпалысқан құтқарушылардың бір күнін осылайша тәмамдап, басын сәт сайын қатерге тігетін жауынгерлердің әр күніне тыныштық тілеп қоштастық.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ