Құмар ойын құрдымға құлатады
Құмар ойынға тәуелділік бүгінде отбасыны ғана емес, қоғамды да тығырыққа тіреген түйткілді мәселеге айналды. Себебі бәс тігуге басымен кірген лудомандар саны күн өткен сайын көбеюде. Психологтардың айтуынша, бұған жан-жақтан жалтаңдап шыға беретін құмар ойынның жарнамалары себеп көрінеді. Дегенмен құмар ойынның құрбанына айналуға тек жарнама ғана себеп деп айту жаңсақ пікір. Қызық қуғандардың дәл осы ойынның құрсауына түсуіне түрлі факторлар әсер етуі әбден мүмкін. Жеңіл жолмен табысқа жетелеймін деп адамды тура жолдан тайдыратын ойынның кім-кімді де оңай құрығын түсірерін білеміз. Бірақ біле тұра жалаң жарнамаға желігіп, қалтасынан қағылып жатқандар әлі де азар емес. Неге осы біздің иммунитетіміз әлсіз? Әлде қоғам расымен құмар ойынға қарсы күресте қауқарсыз ба? Олай болса, көпті алаңдатқан сауалдарға жауап іздеп, өз құрбанына айналдыратын қауіпті ойын туралы ой саралап көрсек.
Статистика бүй дейді...
Мақаламызға арқау болған тақырып жайында ізденгенімде сан түрлі дерекке тап болдым. Тіпті көптігі сонша адамды адастырады. Байқағаным, бір деректе бұған дейін Қазақстанда 350 мыңға жуық лудоман тіркелген деген ақпарат кеңінен тараған. Бірақ кейін мұның бейресми ақпарат екендігі анықталған. Ал ресми дерек басқаша сөйлейді. Денсаулық сақтау министрлігінің көрсеткен мәліметіне сүйенсек, елімізде бүгінге дейін ресми түрде 8 адам лудоман ретінде тіркелген. Бұл сандық көрсеткіш алдыңғы дерекке қарағанда әлдеқайда аз дегенімізбен қуануға себеп емес. Өйткені ойынқұмарлық елімізде айтарлық белең алып тұр. Тіпті тақырыпқа қатысты деректер сәт сайын жаңаруда. Өкініштісі, жақсы жаққа қарай емес. Ресми деректерге сенсек, өткен 2022 жылы казино мен букмекерлер 456,4 миллиард теңгенің қызметін көрсеткен. Бұл дегеніңіз – құмар ойынның қызығы таусылмады деген сөз. Себебі ойынға құмар жандардың көрсеткіші статистикада басқаша көрініс табуда. Айталық, елімізде ұдайы құмар ойын ойнайтын 2 миллионға жуық адам болса, оның 36 мыңы ғана өзінің теріс жолда екенін мойындайтын көрінеді. Ал жыл жыл сайын 700 науқас психиатрлардың көмегіне жүгінеді-мыс.
Дегенмен мұндай дертке ұшырағандардың дені құмар ойынның адамды аздырар ауру екендігін мойындағысы келмейді дейді психологтар. Олардың айтуынша, ойыншының өзін құрбан екенін мойындамауы ментальді бұзылыстардың салдарынан. Статистикаға қарасақ, жалпы ментальды бұзылыстар көп жағдайда 18 бен 35 жас аралығында пайда болатын көрінеді. Яғни осы жас аралығында адамның бүкіл патологиясы өрши түседі. Егер реабилитациялық жұмыстар жүйелі жүргізілсе, адамды ойын құрсауынан алып шығуға толық мүмкіндік бар екенін психологтар жоққа шығармайды. Тек ойынға құныққан азамат құмарлықтан айығуға ниет білдіруі керек екен. Адамдар біз айтқандай бойын құмарлықтан алыстатуға мүдделі болса, сандық көрсеткіштер бұрынғысынан да азаяр ма еді, кім білсін?!
Жарнамасы жер жарады
Бүгінде құмар ойынға қатысты желіде жарнамалар қаптап жүр. Оларды ауыздықтау тіпті мүмкін болмауда. Себебі жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша жан-жақтан жылтың қағуын тоқтатар емес. Жалт-жұлт етіп алдыңнан шыға келгенде, оны айналып өту тіпті мүмкін емес. Алғашында жай қызығымен арбайтын жарнама өзіне желіктірмей қоймайды. Бірақ сол біз қызықтап жүрген жарнаманың адамды жалмайтын жалмауыз екендігін де айту керек. Бір қызығы, бұл пікірмен жарнама агенттіктері мүлдем келіспейді. Агенттік мамандарының айтуынша, егер адам құмар ойынның құрсауынан шыға алмай, шығынға батса, жарнама агенттігін кінәлау қателік. Оны ойын ойнауға ешкім мәжбүрлемеді. Оған өздері саналы түрде барды. Ал егер өздерін дер кезінде тоқтата алмаса, онда ол өздерінің қателігі дейді олар.
Өз пайдасын ғана ойлаған заманда кінәні өзгеден іздеу оңайырақ па дейсің. Бірақ қоғамды құрдымға кетіріп жатқанда қара құлқынның ғана қамын жеу қаншалықты орынды? Бұл сұрақ жарнама агенттіктерін алаңдатады дегенге сенгім келеді. Бірақ сену қиын. Неге дейсіз ғой. Себебі, бүгінде Орталық Азия жарнама қауымдастығының сарапшылар комиссиясының зерттеуінше, букмекерлік ұйымдар қазақстандық жарнама нарығында басты орында тұр. Жарнама нарығында алғы шепте тұрғанда олардың осылай «жауапкершілікті біз арқаламаймыз» дегендерін ештеңемен бұлдай алмайсың. Себебі айтпасақ та айқын. Солай-ақ болсын. Бірақ жауапкершіліктен жалтаруға оларға кім құқық берді? Әлде олар қорқақ па? Анығында солай секілді. Ағылшын білгірі Трейсидің «Кінәні өзгеден іздеушілер жауапкершілікті мойындарына алудан қорқатындар» дегені бар-ды. Бірақ олар қылышты қорқақты сойылды батыр соғып алатынын ұмытқан сыңайлы.
Құмар ойынды қалай тиямыз?
Құмар ойынды ауыздықтау аясында түрлі іс-шаралар қолға алынып жатқаны белгілі. Оны баспасөз беттерінен, теледидардан көріп-біліп жүрміз. Дегенмен қолдағы бар нақты деректерді сөйлетсек. Білуімізше, 2019 жылдан бері республика бойынша заңсыз ойын бизнесіне қатысты 1148 іс қозғалған. Бұл қылмыс көлемінің жыл санап кеміп жатқандығын аңғартады. Әрине бұл көрсеткіш көңіл жұбататындай емес. Себебі, құмар ойын әлеуметтік желіні де жайлауда.
– Биыл «TikTok» желісінде құмар ойындардың онлайн трансляциясы жанданды. Айта кетейік, қатысушылардың басым көпшілігі кәмелетке толмағандар. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ұйымдастырушылардың 177 аккаунты анықталды. Ойыншылардың күнделікті саны мыңдаған адамдармен өлшенді. 10 ұйымдастырушыға қатысты 5 қылмыстық іс қозғалды, оның 3-еуі бойынша үкім шықты. 4 адам бас бостандығынан айырудың нақты мерзіміне және 2 адам бас бостандығын шектеуге сотталды. Енді агенттік әлеуметтік желіде жасанды интеллектіні іске қосты. Бұл жүйе заңсыз контент эфирін бірден жабады. Былтыр осы әдіспен 5,5 мың, биыл 2 мыңнан аса сайт анықталған, – дейді Әлібек Әбділов ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі.
Расын айту керек, жас пен жасамысты да әлекке салған құмар ойынның құрығы әлі қысқармай тұр. Жоғарыдағы мәліметтерді назарға алатын болсақ, құмар ойынға қарсы жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Бірақ бұл босаңсуға болады деген сөз емес. Керісінше, бұл ойын бизнесін реттеуді күшейтіп қоймай, тиісті нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілікті әлі де қатаңдатуды қажет етеді.
Шариғат құмар ойынға қарсы
«Бес нәрседен бойыңды алшақ ұста» дейтін хәкім Абайдың «бес дұшпанының» арасында құмарлықтың да барын жақсы білеміз. Бірақ бүгінгілер сол білгенінен жаңылып, уақытын бос өткізіп, құмар ойынға жем болып жүр. Сол білместіктің кесірі, талай жанды қарызға белшесінен батырып, тура жолынан тайдыруда. Оларды мұндай жолға итермелейтін сол баяғы жеңіл ақшамен жедел жетістікке жетемін деген ой екені белгілі. Бірақ теріс жолмен келген дүниеде береке болмайдыдемеуші ме едік?! Оның үстіне нәтижесі белгісіз, уақыт пен қаражатты ысырап етуші ойындарға Құранда «харам» еткен «мәйсир/құмар» («Мәйда» сүресі) санатына кіретіндіктен шариғатта тыйым салынады.
Дін өкілдерінің айтуынша, харам етілген ойынға қызығушылық танытқан адам өзін құмарлықтан тыймаса, үлкен күнә арқалауы әбден мүмкін екен.
Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» делінеді.
Жастарды жалмаған ойын
Құмар ойынға деген тәуелділік енді ғана жетіліп келе жатқан жас өскіннің де тамырына балта шабуда. Бесіктен белі шықпай жатып, қарыздың қамытын киген жас қаншама?! Тіпті олардың арасында қыршыннан қиылғандары тағы бар. Ал олардың артында жан жарасын әлі де емдей алмай жүрген қаншама ата-ана қалды. Бәріне себеп ойынға деген құмарлық. Бірақ мұнымен қалай күреспек керек? Жастарды жалмаған ойынға қалай тосқауыл болмақпыз? Әлбетте, бұны тиюдың бірден-бір жолы – заң жобасына өзгерістер енгізу. Бірақ мұнымен тоқтам қоя алар ма екенбіз? ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, егер заң жобасында құмар ойындарға қарсы нақты шектеулер болса, мәселені түбегейлі болмаса да, кезең-кезеңімен жоюға болады дейді.
– Былтыр 7-ші шақырылымның қорытындысы бойынша біз арнайы заң жобасын даярладық. Сол заң жобасында құмар ойындардың жарнамасын шектеу, жарнамалайтын азаматтар болатын болса, оларды қылмыстық әкімшлік кодекстен тыйымдар салу, қудалау болмаса арнайы баптар енгізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар қарызы бар берешегі бар, яғни банктерге қарызы бар азаматтарға бәс тігуге, букмекерлік кеңселерде, казиноларда ойнауға шектеу қоямыз, – дейді ол.
Ал ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы Ғалымжан Мұстафаев:
– 21 жасқа дейінгі адамдарды құмар ойын ойнауға және бәс тігуге жібергені үшін заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілік белгілеу, интернет казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгілеуді, сондай-ақ букмекерлік кеңселердің жарнамасын шектеу, спорт оқиғаларын жариялауға арнайы рұқсаты бар жерде ғана рұқсат ету керек» дегенді айтады.
Заңға енгізілген өзгерістер оң нәтиже береріне сенгіміз келеді. Олай болмаса, құмар ойынның жетегінде кететін жастар легі азаймақ емес. Тым құрығанда құмарлықты бақылаудың тетіктерін жолға қойып, жастарды түзу жолға бағыттауға талпынғанымыз абзал.
Арайлым ЖҮСІПОВА