Ұстаздар күніне орай сыйлық алған мұғалімдер жазаланады
Биыл Қазақстанда алғаш рет мұғалімдер күні мерекесі нақты 5 қазанға бекітілді. Оқушылар мұғалімдер күніне орай ұстаздарына сыйлық жасай ала ма? Сыйлықтың АЕК көлемі қанша болуы керек? Заңды бұзғандарға қандай жаза қолданылады? Бұл туралы aikyn.kz хабарлайды.
2020 жылы қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң бойынша мемлекеттік қызметшілерге және олардың отбасы мүшелеріне сыйлық берушінің пайдасы үшін сыйлық, материалдық сыйақы және қызмет көрсетуге толық тыйым салынды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 12-бабы және «Мемлекеттік қызмет туралы" Заңның 50-бабына сүйенсек, беру себебіне (мереке күндері, туған күн), сондай-ақ сыйлықтың түріне, санына, құнына және өзге де сипаттамаларына қарамастан (мысалы, тәтті, кәдесыйлар) кез келген сыйлықты беруге тыйым салынды.
Бұған дейін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұрынғы вице-министрі Шолпан Каринова ОКҚ брифингі кезінде тілшінің сұрағына жауап беріп, сыйлықтарға ресми түрде тыйым салынғанын еске салған еді.
«Біз білім беру ұйымдарына мектеп пен мұғалімдерге сыйлық беруге тыйым салынғанын ресми түрде айтып, хабардар еттік. Кез келген сыйлыққа тыйым салынады», – деді Шолпан Каринова.
Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті өкілдері мұғалімдерді сыйлық алудан бас тартуға шақырып, ұстаздар қауымы сыйлықты алған жағдайда жазаның қалай болатынын айтты.
«Мектеп директоры үшін заңсыз материалдық сыйақы мен пара алу үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», – делінген хабарламада.
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 677-бабына сәйкес Әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін жауапкершілік шарасы – 600 АЕК айыппұл, қылмыстық үшін ҚР Қылмыстық кодекстің 366-бабы – параның 20 еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салынып, мүлкі тәркіленеді және 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Сондай-ақ, ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес мұғалімдерге құны 10 АЕК-тен асатын сыйлықтар беруге тыйым салынған. Заңбұзушылық тіркелген жағдайда, ҚР Қылмыстық кодекстің 247-бабы бойынша 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген.