Тәртіпсіз ел болмайды…
Аудандағы қылмыстылық деңгейін төмендету, әсіресе жасөспірімдер арасындағы жаға жыртысу мен құқықбұзушылыққ тосқауыл қою – ысырып қоюға келмейтін мәселе екені бесенеден белгілі. Бұл мақсатқа ұмтылу үшін салалар арасындағы жүйелі әрі қолтықтасқан іс-әрекет жоспары керек. Осындай бір амал аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жалғасты.
Жиынды аудан прокуроры Дарын Әбіш ашып, кездесудің мақсаты елдің тыныштығын, азаматтардың амандығы мен балалардың жарқын болашағын көздейтінін ашып айтты. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев та мәселенің маңыздылығына арнайы тоқталды. — Сәуір айында ауданымызда орын алған төбелестің зардабын әлі де ұмыта қойған жоқпыз. Өйткені сол оқиға тәртіпсіздікке барған жеткіншектердің болашағына балта шапты. Мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін бақылау жұмыстарын жандандырдық. Әсіресе, балаларды бақылау үшін құрылған топтар күндіз де, түнде де үздіксіз рейд жүргізіп келеді. Мұнымен тоқмейлісуге болмайтынын да білеміз. Бүгінгі отырыста құқықбұзушылықты болдырмауға септесетін жаңаша әрекеттерді жоспарлап, алдағы уақытта тиімді амалдарды іске асырамыз деп сенемін, – деді М.Әуесұлы.
Бұдан кейін аудан прокурорының орынбасары Ғанибек Сағатов баяндама жасады. Ол ауданда топтық төбелестің «дәстүрге» айналғанын тілге тиек етіп, өткен айдың соңында Қазалы қаласында орын алған жайтқа байланысты 20-дан астам азаматқа жаза қолданылғанын айтты. Сонымен бірге, кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығы мәселесінде, жол көлік оқиғасы, жол белгілері, көшедегі камераның аздығы мен мал ұрлығын тыюда қиындықтар аз емесін мәлімдеді.
Ал аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов атқарылған жұмыстар жайында баяндап болғасын, үлкен трасса маңында жайылатын төрт-түлікке жарық шағылдырғыш мойындық салуды жандандыру, жасөспірімдер көп жиналатын орталық көшелерден тыс аумақтарға камера орнату, ұстаздардан педпатруль құру, сонымен бірге полицейлердің техникалық мүмкіндіктерін арттыру туралы ұсыныс айтты.
Аудан әкімі М.Оразбаев тәртіп сақшыларының қызметіне байланысты басқа аудандардан экипаж шақырып, тәжірибе алмасу, осылайша көшеге тәртіп орнатуды жалғастыра беруді ұсынды.
Мәжіліс барысында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеуімбетов бірінші кезекте ата аналардың жауапкершілігін арттыру керегін айтты. Бұл үлкен ұжымдармен кездесу, әңгімелесу арқылы жүзеге асу тиіс. Түнгі рейдке белсенді ата-аналарды кіріктіру де салмақты іске сүйеу болмақ. Сондай-ақ полицейлердің жасөспірімдерді ұстап, ата-анасымен тікелей жұмыс жасағаны үшін қызметте көтермелеу керек дегенді айтты. Сәйкесінше, мұндай қолдау жұлдыздыиықтылардың жұмысын жандандырады.
Көпшілік алдындағы сөз аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешовке берілгенде, бас ұстаз жасөспірімдердің тәртібіне байланысты әрекетке тоқталды. Ә.Оңдасынұлының айтуынша, аудандағы білім ордаларынан 100-ден аса «лидер» оқушылардың тізімі жасақталған. Осыған байланысты мектеп басшылары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына жеткіншектердің мінез-құлқын назарда ұстау тапсырылған. Білім бөлімі мамандары соңғы 2 апта ішінде сабақ уақытында көшеде жүрген 4 оқушыны анықтап, сабаққа қайтарғанын да бүгіп қалмады.
Осы тұста білім бөлімінің басшысы мектептерде полиция инспекторы жетіспейтінін жеткізді. Әсіресе, аудан орталығындағы ірі білім ордаларына тәртіп сақшыларын бекітуді ұсынды. Бұдан бөлек, дүкендерде электронды шылымды баланың жасына қарамай сататын кәсіпкерлерге жазаны күшейтуді сұрады.
Жиынды қорытындылай келе, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы Бектұр Қали, аудандық мәслихат хатшысы Ғазиз Әліш ұсыныстар бойынша түйін жасап, тақырыпқа байланысты күрделі жайттарды ортаға салды.
Мәжіліс соңында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев учаскелік полицейлердің белгіленген мекенге тұрақты көшіп баруын қадағалауды, кент әкіміне камераларды барынша жылдам орналастыруды, бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне аталған мәселелерді шешуге жұмылуды тапсырды.
"Қазалы"ақпарат