Фракция жетекшісі: Еңбек адамдарына деген құрметті арттыру қажет
Қазалы аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтті. Жиынға фракция жетекшісі, филиал Атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев төрағалық етті.
Фракция мүшелері күн тәртібіндегі бірінші мәселеде аудан бойынша жұмыссыздық мәселесінің жай-күйі, соның ішінде тұрғындардың ресми/бейресми, толық/толық емес/маусымдық жұмыспен қамтылуы туралы қарады. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар жөнінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Мұратбек Нағашыбаев айтып өтті.
Өз кезегінде фракция жетекшісі партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясындағы өңірлік Жол картасындағы жұмыспен қамту саласына қатысты сұрақтарын қойды. Сондай-ақ еңбек ұжымдарын ынталандыру, біріктіру бойынша ұсынысын білдірді.
- Жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде Қазақстанда Еңбек күні атап өтіледі. Еңбек күнін мерекелеудің басты мақсаты – еңбекке деген құрметті жандандыру, жұмысшы кәсіптерінің мәртебесі мен беделін арттыру, отбасылардағы еңбек мәдениеті мен жұмысшы әулеттерінің дәстүрлерін жаңғырту. Осы тұрғыда бөлім тарапынан бір салада ұзақ жыл қызмет жасаған азаматтардың тізімдерін жасақтап, оларға деген құрметті арттырып, аудан көлемінде «Еңбек күнін» мерекелеу аясында құрмет төрінен көрінсе. Бұл еңбекке деген құрметті арттырып ғана қоймай, жастардың өздерінің кәсіби және адамгершілік тәжірибелерін жалғастыруға үлкен септігін тигізеді , - деді Нұрғиса Жаппарбергенұлы.
Мұнан соң жиында партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша өңірлік Жол картасы мен сайлауалды үгіт-насихат кезінде сайлаушылардан түскен ұсыныс-тілектердің фракция мүшелеріне бөлінісі бойынша орындалуы қаралды. Бұл мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеліп, фракция мүшелерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
#AMANAT