Түнгі рейд тәртіпке шақыруда
Сәуір айынан басталған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен топтық төбелестің алдын алу үшін құрылған топтардың түнгі рейд жұмыстары жалғасын таба бермек.
Бұл жөнінде аймақ басшысы Н.Нәлібаев тапсырма беріп, түсіндірме жұмыстарын тоқтатпауды тапсырған.
Соған сәйкес Қазалы ауданының қоғамдық даму бөлімінің басшысы Қайрат Әбубәкірұлы бастаған құрам жастар көп шоғырланатын нысандарға табан тіреді. Нақтыласақ, ойын-сауық орталықтары, түнгі клуб және бильярд клубтары, саябақ, спорт алаңдары мен мейрамханаларды аралады.
Арнайы құрамды аудандық мәслихат депутаты Эльмира Нұрмағамбетова,
С.Сейфуллин атындағы №165 мектептің директоры мен мұғалімдері, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, аудандық полиция бөлімі мен білім бөлімі мамандары толықтырды.
Айта кетейік, рейд жұмыстары барысында кәмелет жасқа толмаған жастардың беймезгіл уақытта жүрмеуі үшін түсіндірме жасалып, ата-аналарына ескертілді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат