Қазақстандағы барлық көпір цифрландырылады
Еліміздегі көпір құрылыстарының электрондық каталогын жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып el.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүгінгі таңда бағдарламаның прототипі жасалып, жүйені толтыру үрдісі басталып кеткен. Қазіргі кезеңде электрондық базаға Ақмола, Алматы, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарындағы 20 көпірді зерттеу нәтижелері енгізу жоспарда бар.
Бағдарламаның алгоритмдерін сынау мақсатында жағдайы нашар автомобиль көпірлері таңдалды. Жүйе толығымен дайын болған соң сарапшылар қалған нысандар туралы ақпаратты енгізе бастайды. Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдарда жалпы 1,5 мыңға жуық көпір құрылысы бар. Олардың барлығы кейіннен цифрландырылатын болады. Біз аталған жүйені биыл желтоқсанда іске қосуды жоспарлап отырмыз, - деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ Автожолдар және көпір құрылыстары департаментінің бас маманы Қайсар Шалқар.
Оның айтуынша, жол пайдаланушыларына әрбір құрылыс туралы барлық қажетті дерек, оның ішінде жобалау-техникалық сипаттамалары, техникалық жай-күйін бағалау, анықталған деформациялар мен жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы өзекті мәліметтер қолжетімді болады.
Бұл жоба көпір конструкциясы элементтерінің жай-күйімен егжей-тегжейлі танысу мүмкіндігімен көпірлердің цифрланған сыртқы түрін сипаттайды. Бағдарлама авторлары 3D бейне түсіруді арнайы дрондардың көмегімен жүргізуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар СУЭМ әр объект бойынша есептерді автоматты түрде қалыптастыру мүмкіндігіне ие бола отырып, регламенттік немесе күрделі жөндеу мерзімдерінің жақындауы туралы, сондай-ақ осындай жұмыстардың бюджетін жоспарлай алады.
Электрондық каталог сияқты заманауи цифрлық сервис бірқатар міндетті тиімді шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бұл шара мұрағаттардағы деректердің бытыраңқылығы мен тәртіпсіздігі, құжаттардың жоғалуы сынды мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге бұл электрондық жүйе мемлекеттік органдар, жол пайдаланушылар, жол-құрылыс және жобалау ұйымдары, сондай-ақ габаритті емес жүктерді тасымалдаумен айналысатын көлік компаниялары жиі талап ететін ақпаратты іздеу үрдісін жеңілдетеді және олармен жасалатын жұмысты айтарлықтай жеделдетеді.