Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалылық ару ат әбзелдерін жасайды

Қазалылық ару ат әбзелдерін жасайды

Қазалы ауданында ат әбзелдерін жасайтын ару тұратынын естіп, алғашында таң қалдық. Ұзамай тауып алған мекенжайымыз күмәнімізді сейілтті. Бұл орыннан ұлттық өнерге деген танымымыз кеңіп, қызығушылығымыз одан әрі артып аттандық.
Өзіміз білетін жылқы төлін шаруашылыққа қолдануға арналған ер-тоқым, өмілдірік, үзеңгі, айыл, пыстан, жүген, ноқта, шылбырдан бөлек көпшік, ат жабуларының бірнеше түрі болатынына қанықтық. Аядай бөлмені ісіне ыңғайлап қойған қыздың дайын болған, басталған, пішілген бұйымдарынан шебердің қолтаңбасын тану қиынға соқпады. Сапалы өнімге сұраныс қашан да табылады. Алыс-жақыннан қолқалап, тігін тіктіретіндердің көбі оны танымаса да, еңбегінен ажыратып жатады. Осылардың барлығына уақыт тауып, тұтынушы талабынан табылуды ұстанымына айналдырған жан өзін ісмерліктен ешқашан бөліп қарамайды. Жұмысым – тынысым, табысым – ырысым дегенге дағдыланған кейіпкеріміздің есімі ауыл-аумақ арасына қарымды қабілетімен жеткен.
Жарқынай Әлімбетова – Қазалы ауданының тұрғыны. Шалғайдағы Шәкен ауылында туған ол ежелден төрт түлікті кәсіп еткен ортадан көңіліне көпті түйіп өседі. Жастайынан айналасындағы әрбір ұсақ-түйекке мән беріп, оларды қиялында дамытып, қолөнерге ұштастыра біледі. Бала күнінен қалыптастырған осы қасиеті әр кезде алғысқа бөлеген.
«Тігіншілік – тұрғындарға қызмет көрсету саласындағы еңбек нарығында аса зор сұранысқа ие мамандық. Оны шығармашылық кәсіп деуге болады. Мұнда көргенді қайталау, тапсырыс -бойынша дайындау аздық етеді. Ұдайы ізденісті арттыру қажет. Барлығы қолмен пішіліп, мәшинемен тігілсе де, оған ой күші аса қажет. Көңілсіз, ықылассыз дайындалған дүниенің өзің түгілі, өзгенің көңілінен шығуы мүмкін емес», – деп бастады Жарқынай бізбен әңгімесін.
Оның цехына айналған жерден қыз жасауы, тұрмыстық тапсырыстар, киімдер үлгісін көрдік. Бірінен-бірі асатын дайын құрақтар дала қызғалдақтарындай көздің жауын алады. Түстердің үйлесімі, маталардың таңдалуы, орналасу тәртібі, әсем әдібінен бұл істі жақын уақытта қолға алмағанын аңғару қиынға соқпады. Көкейге сауалды көкіп қалмай, көрші бөлмедегі анасын сөзге тарттық.
«Қызым қолына инені тым ерте алды. Өзімнің аса шеберлігім болмаса да, керек нәрсені тігіп алатыным бар еді. Бірақ бұл балама: «Мынаны былай істе, былай тік» деп үйреткенім жоқ. Өзі жастайынан қағілез, елгезек болды. Тете ағасы екеуі өзге балаларымның арасынан қолданбалы өнерге бейім болып өсті. Жарқынымның екінші сыныпта өзіне жүннен шұлық тоқығанын көршілер әлі таң қалыса айтады. Кейіннен көпшілік бағалап, тіккен өнімдеріне сұраныс беріп жатқанда, балама барынша қолдау білдіру керектігін ұғындым», – дейді Қарлыға Әлімбетова.
Ана мен қыз бір-бірін терең түсінеді. Жасым ұлғайды, шаршадым деуді білмейтін еңбек ардагері қолы қалт етсе жүн түтіп, ұршық иіріп, киіз басып, кенжесіне қолғабысын береді. Бұдан дайындаған Жарқынайдың заттары ана көңілін жадыратады.
Аз аялдаған соң негізгі бағытымызды байыптадық.
– Осы жерде ат әбзелдері дайындала ма? Оны өзіңіз жасайсыз ба? – деген сұрағымызға сәл езу тартқан өнерлі қыз былайша жауап қатты.
«Атауы көпке таныс ат әбзелдерін толықтыратын бірнеше қосымша жабдықтары болады. Оларсыз сәйгүліктердің сымбатты, сайлы көрінуі мүмкін емес. Қазақ қолөнерінің жарқын үлгісіне баланатын бұл бұйымдар халықтың әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық жағдайынан хабардар еткен. Дала төсінде алғаш қолға үйреткен көшпенділер өмірі жылқы малымен тікелей байланысты болғандықтан, ер-тұрманын жасап, пайдалануды өзіндік өнерге санаған. Ол жүйрік жануарға сән беруімен бірге, тұрмыстық, жауынгерлік мақсатқа лайықталған. Біз көбіне киіз, желдікше, жалпоз, құйысқан, қарынса, сырма жабулар тігеміз», – дейді.
Құйысқан – аттың үстіндегі ер-тоқымы қия жерде мойнына қарай сырғып кетпес үшін, аттың түп құйрығынан өткізіп, ердің артқы қанжығалығына бекітетін қайыстан жасалатын құрал. Құйысқанның екі жақтауы және жаңбырлық-салпыншақ атты жылқының сауырын жапқан үзбелері болады. Жалпоз – жылқы жабуының атауы. Әдетте ол тұлпардың бетін жауып тұрса, қарынса – бауырында тұратын қоруыш. Бұлар жануарды маса-сона сынды шыбын-шіркей түрлерінен қорғайды. Әсіресе қарынса болмаса, жылқы малы жүдеп кететін көрінеді. Тоқым мен ердің қапталына салынатын қалың киіз желдікке қосымша кіші жабу – желдікшенің де атқарар өз қызметі бар.
Жасы жиырмаға жетпей жылқысүйер қауымға танылған тігіншінің тапсырыс берушілері тек аудан, аумақ өңірі емес, Қазақстанның әр қиырынан табылады.
«Жылқы жабуларын көпшілік көктем шыға наурыз айынан – шілдеге дейін тіктіреді. Бұл кез мен үшін науқан. Осындайда тігін мәшинем сыр беріп, несиеге сатып алғаным бар. Өткен жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау бизнес» курсын аяқтап, қосымша құрал-құрылғылар алуға қол жеткіздім. Осылайша мемлекет қамқорлығы арқылы тапсырыс түсімін ұлғайтып, бизнесімнің аясын одан әрі кеңітпекпін», – дейді кәсіпкер.
Тапсырыс саябырсыса, өрмек, ілмек бізбен тоқыма тоқу, жұмсақ ойыншықтар тігу секілді ұнатқан ісімен айналысатын шебер бітірген жұмысынан шабыт алатынын сөз арасында жеткізді. Жарқынай Амандосқызының қолөнершілердің жарыстары мен сайыстарынан алған жүлделерін көзіміз шалды. Өзге қалаларға шақыру ұсыныстары көптеп түскен. Алайда кейде денсаулығындағы кінәрат үлкен қадамдарға тосқауыл болатын көрінеді. Бүгінде ІІІ топ мүгедегі жігерін жасытпай, өзге он екі мүшесі түгел, масылдыққа бейім адамдарға тындырымды тірлігімен талаптыға нұр жауарын ұғындырып келе жатқан үлгі.
26 шілде 2023 ж. 88 0

Татуласу рәсімдері

30 қазан 2024 ж. 57

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031