Оқушылардың бір мектептен басқа оқу орнына каникулдан тыс уақытта ауысуына қайта рұқсат берілмек
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында балаларды 1-сыныпқа қабылдау және оқушылардың бір мектептен басқа мектепке ауысу тәртібін түсіндірді.
Еске салайық, бір топ мәжіліс депутаты Оқу-ағарту министрлігінің 1-сыныпқа тек 1 сәуір мен 1 тамыз аралығында және оқушылардың басқа мектепке ауысуы үшін тек каникул кезінде құжат қабылдауға мүмкіндік беретін 2018 жылғы бұйрығын сынға алған болатын. Осыған орай, құзырлы вице-министр Еділ Оспан депуттаттық сауалға жауабын ұсынды.
Оның түсіндіруінше, 1-сыныпқа қабылдаудың жаңа тәртібі квотаны уақтылы орналастыруды және сынып жиынтықтарын қалыптастыруды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін білім беру ұйымының бюджетін тиімді бөлуді қамтамасыз ету, сондай-ақ сынып жиынтықтарының толып кетуіне жол бермеу мақсатында енгізілген.
"Бұйрыққа сәйкес бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдары арасында балаларды ауыстыру үшін құжаттарды қабылдау каникул кезеңінде (сот шешімін қоспағанда, басқа елді мекенге көшу, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кету) жүзеге асырылады. Бұл норма оқушының оқу сабақтастығын және тоқсанды сәтті аяқтауын қамтамасыз ету үшін енгізілді", – делінген вице-министрдің жауабында.
Дегенмен, ол бұл мәселе қайта қаралатынын хабарлады. Атап айтқанда, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдары арасында білім алушыларды бір білім беру ұйымынан екінші білім беру ұйымына каникулдан тыс уақытында ауыстыру бөлігінде өзгерістер енгізіледі.