«Яндекс. Таксимен» тегін жүреді
Мүгедектігі бар адамдар үшін ақысыз негізде инватакси қызметі қолжетімді болғанымен, бұл қызметке жүгіну үшін күні бұрын жазылып, сапарын алдын ала жоспарлау қажет болатын. Енді аталған санаттағы азаматтар мұндай әуре-сарсаңға түспей, баратын жеріне бірден агрегаторлар арқылы, яғни онлайн платформалар арқылы такси шақырта алады.
Осынау мүмкіндікті тудырып, қолайлы жағдай жасап отырған қанатқақты жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен қолға алынып жатыр. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету кезінде такси агрегаторларын пайдалану жөніндегі жобаны жүзеге асырудың алғашқы 10 күнінде Астана мен Алматы қалаларында аталған қызмет 268 рет көрсетілді.
Инватакси қызметінің сапасы мен көрсету жылдамдығын арттыру мақсатында министрлік әкімдіктермен бірлесіп, осы қызметтің механизміне өзгерту енгізу туралы шешім қабылдады. Мысалы, осы күнге дейін азаматтарға инватаксиді пайдалану үшін бір күн бұрын телефон арқылы жазылу қажет еді. Бұл өз сапарларын алдын ала жоспарлауға, инватаксиді күтуге мәжбүр етеді. Сондай-ақ инватакси қызметтерін ұсыну үшін көлік құралдарының жетіспеушілігі және басқа да мәселелер бар. Міне, енді шарттарды жеңілдету үшін такси агрегаторларын тарту бойынша қанатқақты жоба жүзеге асырыла бастады.
Әдетте агрегатор жасалған сапарлардың төлемақысынан платформаларының пайдасына белгілі мөлшерде пайыз аударатын болса, мұндағы басты шарт – сол пайыздың болмауы. Осы жұмысты қолдаған «Яндекс» компаниясы қанатқақты жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірді. Инватакси қызметін азаматтар аталған жоба аясында «Яндекс Go» мобильді қосымшасы арқылы қолдана алады. Жобаның ерекшелігі – қызметті алушы үшін көлікті тезірек таңдау, онлайн режімінде тапсырыс мәртебесін қадағалау және сапарларды бақылаудың қарапайым жүйесі.
Бұл қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылды. Өз кезегінде жүргізушілер адамды көлікке отырғызу және одан түсуде қалай көмек көрсетуге болатын секілді қажетті нұсқауларды алады.
Қанатқақты жобаға алғашқы кезеңде Астана және Алматы қалаларынан мүгедектігі бар адамдардың фокус-тобы қатысады. Қызмет көрсетудің оң нәтижесі болған жағдайда жаңа форматта мүгедектігі бар адамдардың басқа топтарына және еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылады.