Ең тартымды өңірлер
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2023 жылдың алғашқы 4 айында (қаңтар-сәуір) елімізге 3,5 млн турист келген. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36%-ға артық. Мәдениет және спорт министрлігі осы уақыт аралығында ішкі туризмді ынталандыруға арналған бірнеше бағдарлама әзірлеп, іске қосты. Соның нәтижесі болар, кейінгі жылдары елімізге келетін саяхатшылардың саны күрт артып отыр.
Осы ретте, елімізге келген 3,5 млн туристің назарын өздеріне аударып, қызығушылығын тудырған Қазақстанның үздік бес қаласын назарларыңызға ұсынамыз. Әзірге, елге келетін туристердің басым бөлігі Алатаудың бөктерінде орналасқан Алматыға соқпай кетпейтіні байқалады. Яғни Алматының тау-шаңғы курорттары, сұлу табиғаты, қолайлы климаты мен қонақжайлылығы туристерді бейжай қалдырмаса керек. Осы және басқа да артықшылықтары бар Алматы қазіргі таңда еліміздегі бірегей туристік қала саналады. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында оңтүстіктегі мегаполиске
1 185 130 адам саяхаттап келген екен.
Елімізге келетін туристердің екінші бағыты – Астана қаласы. Еліміздің бас шаһары әкімшілік-іскерлік орталық қана емес, туристер жиі таңдайтын басым бағыттардың біріне айналып үлгерді. 2023 жылдың алғашқы төрт айында ғана Астана 951 750 мейманды қабылдаған. Бүгінде Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елорда іргесінде еліміздегі ең үлкен ашық аспан астындағы музей құрылысы жүріп жатыр. Бозоқ – бас қаланың туристік бойтұмары ретінде қонақтар міндетті түрде тамашалауға баратын орынға айналады.
Қонақжайлылық бойынша ешкімге есе жібермейтін Шымкент туристер саны жағынан да көш басында. Қаңтар-сәуір аралығында шырайлы Шым шаһарға 346 280 адам саяхаттап барған. Мұнда кез келген турист көңілі қалаған демалысты таңдай алады. Киелі тарихи орындарға саяхат, шипайжайдағы демалыс немесе қалада жиі ұйымдастырылатын спорттық, мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысуға болады.
Атырау қаласы да шетелдік туристер арасында танымал қалаға айналып барады. 2023 жылдың алғашқы төрт айында қалаға 305 460 қонақ келген. Мамыр айында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өңірде «Сарайшық» визит-орталығы ашылды. Мұнда туристерге Қазақ хандығы, Алтын Орда және ежелгі дәуірдегі қалашық тарихымен танысуға барлық жағдай жасалған. Демек жазғы маусымда Атырауға келушілер саны тағы да артатыны анық.
Сонымен қатар қарт Каспийдің ақмаржаны – Ақтау да туристерге тартымды қала саналады. Биыл қаңтар-сәуір аралығында Ақтауға 220 660 қонақ келген. Ал жазғы маусымда туристер тарапынан Маңғыстау облысының орталығына қызығушылық 20%-ға дейін артып отыр.