Аптап ыстық – ажалмен тең
Шілде басталғалы еліміздің барлық өңірінде дерлік аптап ыстық та тағына мінді. Бұл уақытта орман өрттері жиілеп, табиғи апаттар саны артатыны белгілі. Бұдан бөлек қан қысымы бар азаматтар үшін циклон ажал періштесіндей көрінетіні бар. Өйткені Қазалы ауданының өзінде шіліңгір шілденің алғашқы аптасында ондаған егде тұрғын бірінен кейін бірі фәнимен қош айтысып кетті. Бұл күндері ауа температурасы 40 градустан төмендемей тұрды. Ал кеше аптап ыстық 45 градусқа жетіп, 112 тұрғындарға шұғыл ескерту жасады.
Даладағы қысымның ресми деректен артық болуы мүмкін екенін жақсы білеміз. Қалай десек те, денсаулығында кінәрат бар адамдар үшін бұл күндері жанын баптау керек. Осыған байланысты мамандардың келесідей кеңес береді.
Ыстық ауа райында, ең алдымен, физикалық белсенділікті азайту керек. Адам ағзасындағы жылу алмасу (зат алмасу жылуының түзілуі) физикалық белсенділік деңгейіне, климатқа бейімделуіне, жасына және дене бітіміне байланысты. Ендеше тікелей күн сәулесінен аулақ болып, көлеңкеде көп жүру абзалырақ. Тіпті мүмкіндігінше сыртта өткізетін уақытты азайтқан жөн.
Ыстықтан қорғану үшін, әсіресе 55 жастан асқан егде адамдар күннен қорғайтын бас киімді тастамағаны дұрыс. Қолшатырмен жүріңіз, одан ұялудың қажеті жоқ. Қолшатыр күн сәулесінен жақсы қорғайды.
Бір қызықпен бөлісе кетейік, күннің ыстығында адамның логикасына тұсау салынып, ақыл-ой әрекеті жүйке жүйесіне кері әсер ететіні дәлелденген. Ауа райы ыстық елдерде олардың физикалық белсенділікті төмендетуі таңғаларлық емес. Әсіресе ыстық болған уақыт 33 градустан жоғары, шамамен сағат 12.00-ден 17.00-ге дейін дененің физикалық өнімділігі төмендейді, сондықтан дене шамадан тыс жүктемені көтере алмайды.
Күннің жоғары температурасы рөлдегі жүргізуші үшін де қауіпті. Қызылордада көліктердің басым бөлігі пропан газымен қозғалатындықтан күтпеген жерден құрылғының өртке орануы ғажап емес. Бұдан бөлек қалыпты ыстықтан жүргізушінің зейіні мен байсалдылығы айтарлықтай төмендеп, қалыпты жағдайға жедел реакция білдіре алмай, соның салдарынан жол-көлік оқиғаларының саны артады.
Денсаулық сақтау мамандары сұйықтықты көп ішіп, жемістерді жиі тұтынуға үндейді. Бұл – минералды тұздар мен витаминдердің негізгі жеткізушісі. Суды қайнатылған, бөлме температурасына дейін салқындатылған немесе газдалмаған минералды суды ішкен дұрыс.
Қара түс күн қызуын еселейтінін ескерсек, табиғи матадан тігілген ашық түсті, кең киім киген дұрыс. Синтетикалық матадан тігілген киімдер мұндай ыстықта тері ауруларына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ суға шомылу – денені салқындату үшін жақсы әдіс. Тек қауіпсіздік ережелерін сақтау керек.
Р.САЯТ