Мүгедек жандардың мұңы
Қазіргі заман ағымына сай көпқабатты үйлер мен зәулім-зәулім сарайлардың көптеп салынып жатқаны анық. Бірақ өкінішке қарай, кейбір ғимараттар мүмкіндігі шектеулі жандар өтетін арнайы пандус жолдары стандартқа сай келмей жатады. Осы орайда, еліміздің әр өңірінде жергілікті әкімдіктер тарапынан тексеріс жұмыстары жүргізіліп, пандус жолдары қайтадан салынған болатын.
Мүмкіндігі шектеулі жандар көбіне Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, емханаларға, Жұмыспен қамтуды үйлестіру, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдері секілді жалпы қоғамдық қызмет көрсету орталықтарына жиі бас сұғатындықтан, барлық ғимараттың алды қол арбамен жүруге жағдай бірінші ретте жасалынуы тиіс. Мүмкіндігі шектеулі жандар қандай да бір ғимаратқа кіруде қиналмасы үшін әрі өзіне қажетті көмекті дер кезінде алуы үшін мемлекет тарапынан біраз жағдайлар жасалып жатқандығын айта кеткен жөн. Мәселен, әр аймақтың мұражайларына алғашқы көмек көрсету үшін арнайы шақыру тетіктері орналастырылуда. Ғимараттардан бөлек саябақтарға кіретін пандустар мен арғы жолға өтетін аспалы жолдарға жеделсатылар орналастырылды. Мәселен, Алматы қаласында «Алматы – жаһандық қала» даму бағдарламасы бойынша 2030 жылға дейін қалалық нысандарда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 75 пайызға дейін қолжетімділікті арттыруды жоспарға алған. Әзірше Алматы қаласында әзірге 10 пайыздық көрсеткіште ғана қолжетімді.
Ғимарат алдындағы пандустар тұрғындар үшін қаншалықты тиімді деп мүмкіндігі шектеулі жандардың өзінен сұрап көрген едік. Бұл сұраққа Толқын Әбезова есімді І топтағы мүгедектігі бар азаматша: «Қазір жаңа ғимараттардың алдындағы пандустар біз үшін өте ыңғайлы салынған. Ал ескі ғимараттардың алдындағы кейбір пандустар бізге көп жағдайда ыңғайсыздық тудырып жатады. Мәселен, кейбір ғимараттардағы пандустар биік салынады да, шетінен ұстайтын тіреуіші жоқ болады. Ол кезде кетіп бара жатқандардан көмек сұраймыз. Кейде көмектесушілердің де күші жетпей жатады. Сондықтан да кейбір ескі ғимараттардың пандустарын жаңа ғимараттардың пандусы секілді аласа, ұзынырақ етіп жасаса деген ұсынысым бар. Ал қоғамдық көліктердегі пандустарға айтар ешқандай шағымым жоқ» дейді.
Егер де мүгедектігі бар азамат қандайда бір кедергіге тап болса не істеуге болады деген сұраққа Петропавл қаласының Жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы А.Түкебаева: «Жаяу жүргіншілер өтетін жерде қол арбамен өтушілер үшін көліктер кедергі келтірсе, мүгедектігі бар жан 102 нөміріне қоңырау соғып, шағымдана алады. Егер мүмкіндігі шектеулі жан қандайда бір кедергіге тап болған жағдайда «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 83-бабына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар нысандарға қолжетімділік нормалары сақталмаған жағдайда лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады» деп кеңесін берді.