Айтыскер ақын Сырым Әуезхан Төреғали Төреәлі екеуінің арасында болған оқиғаның мән-жайын айтты. Бұл туралы ол "Ұйқым келмейді" бағдарламасында жеткізді, – деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.
"Менің ең үлкен айтысым Аралда басталды, бірақ халыққа кең тарағаны "Төртеу түгел болса" деген айтыста алғашқы айтысым осы Төреғали Төреәлімен болған. Ол кезде мен жас ақынмын, балл бойынша да сөз бойынша да Төреғалиден жеңілдім. 2 жылдан кейін Алматыда 3 биге арналған айтыс болатын болды. Сол кезде мен тізімде жоқпын. Айтысқа бір күн қалған кезде Бекарыс, Айбек ағалар қатыспайтын болып, Жүрсін аға хабарласты. Ол кезде мен Астанада едім. Тез арада билет алып ұштым. Ол кезде ақындар жаттап айтысады деген сынға байланысты айтыс олимпиадалық жүйемен өтетін болды, яғни ешкім ешкімді аямайды. Сол түні Төреғали ағамызбен жұпталдық. Содан кейін алдындағы айтыста ол кісі басқа ақындардың сөзін қолданғаны бар еді. Жастық, тәжірибесіздікпен айтты ма екен сол кездерде. Соны негізге алып алдым. Кәдімгідей қырғын айтыс болған. Одан кейін арамыз жақсы, Құдайға шүкір. "Ер шекіспей, бекіспейді" дегендей, айтыста бір тіресіп қалдық. Бірақ одан кейін қол алысып, қазір ағалы-інілі болып араласып жүрміз. Жақсы жағын айтайық. Мен Төреғали Төреәлінің айтыстағы карьерасын тоқтатқан жоқпын, керісінше оның әншілік мансабын бастап бердім", – дейді айтыскер ақын.