Көшпелі депутаттық фракция отырысы өтті
Аудандық партия филиалына қарасты «Көлік» бастауыш партия ұйымында аудандық мәслихаттағы фракцияның көшпелі отырысы өтті.
Аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары мен мамандарының қатысуымен өткен жиында ең алдымен партияның облыс бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде әзірленген Жол картадағы тармақтардың ауданда орындалуы туралы сөз болды.
Нақтырақ айтқанда күн тәртібіндегі бұл мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Әліби Әбиевтің хабарламасы тыңдалды. Хабарламадан соң жиынға төрағалық еткен партия филиалының Атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Нұрғиса Жалғасбаев әр шараға жеке тоқталып, оның орындалуына жауаптылық танытып, бірлесе жоғары деңгейде жұмыс жасауға шақырды.
Сондай-ақ жиында өткен жылы «AMANAT» партиясынан үміткер ретінде Аранды ауылдық округі әкіміне ұсынылып, сайланған Әбілғазы Томаевтың сайлауалды уәделерінің орындалуы туралы қаралды.
Мұнан соң аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жөнінде орталық директоры Ахметулла Аманов айтып берді. Фракция мүшелері күн тәртібіндегі бұл мәселеге сәйкес орталық басшысына қайтарымсыз грант тақырыбында сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.