Қолжетімді туризм: Ақмола облысында белсенділер инклюзивті туризмді қалай дамытуда?
Инклюзивті немесе қолжетімді туризм кез-келген адамның физикалық, интеллектуалдық ерекшеліктеріне немесе жасына қарамастан қолжетімді туристік бағыттарды, өнімдер мен қызметтерді қамтиды. Бірақ бүгінгі таңда мүгедектігі бар ададмдардың 70%-ы Қазақстан мен шет елдерге саяхаттағысы келетініне қарамастан («Аржан» қоғамдық қорының зерттеуіне сәйкес), туристік операторлар мен нысандардың көпшілігі бұл санаттағы адамдар үшін өз қызметтерін ұсынбайды.
Бұл мәселені шешумен инклюзивті туризмді ілгерілету жөніндегі жобаны іске асыратын «Батыр» қоғамдық бірлестігі айналысады. Ұйым мүгедектігі бар адамдар үшін олардың қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, Ақмола облысы бойынша инклюзивті турлар өткізеді.
Бастама Орталық Азияның Еуразия Қоры «Шеврон» компаниясымен серіктестікте іске асыратын «Байтақ жер»жобасының бөлігі болып табылады. Жобаның мақсаты – туризмді дамыту және жастарды тарту арқылы Ақмола облысының ауылдық аудандарында кәсіпкерлікті қолдау.
«Батыр» ҚБ Ақмола облысында 2012 жылдан бастап жұмыс істейді және әлеуметтік осал отбасыларға, мүгедектігі бар балалар мен жастарға қолдау көрсетеді. Соңғы 7 жыл бойы ұйым мүгедектігі бар балаларға арналған Астана қаласы бойынша инклюзивті турларды дайындаумен айналысып келеді. Балалар океанариум, Хан-Шатыр, «Хэппилон» және «Бэбилон» ойын аймақтары, ботаникалық бақ, орталық саябақ, елордалық цирк сияқты жерлерге барады. Турлар Астанадан тыс жерлерде де өткізіледі. Батыр командасына кіретін мүгедектігі бар балалармен жұмыс жөніндегі тәжірибелі мамандар турларды ұйымдастырады және сүйемелдейді. Сондай-ақ, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар арасында жұмыс орындарын құру үшін бірлестік «Шебер Ана» кәдесый бұйымдарының тігін цехын және ағаш бұйымдарын өндіру цехын ашты.
«Мүгедектігі бар адамдар үшін инклюзивті туризмді дамыту өте маңызды. Оларға жағдай жасап, толыққанды өмір сүруге, физикалық және психикалық дамуға, оқуға, жұмыс істеуге, саяхаттауға және мәдени көңіл көтеруге мүмкіндік берілуі керек. Туризм қадір-қасиетін жоғалту, кемшілік сезімдерін жояды, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарды қоғамға интеграциялауға көмектеседі. Қолжетімді туризм – бұл оңалту және туристік нысандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру құралы», –деп атап өтті «Батыр» ҚБ басшысы Айгүл Болатова.
Айгүлдің айтуынша, Қазақстанда туризмнің қолжетімділік деңгейі әлі де төмен. Сондықтан оны арттыру үшін аталған жоба шаралар кешенімен қолдануда. Батыр мүгедектігі адамдармен жұмыс істеу бойынша туристік нысандармен консультациялар өткізеді, олардың қызметкерлеріне арналған нұсқаулықтар мен ұсынымдар, сондай-ақ инклюзивті туризм туралы үлестірме материалдар әзірлейді. Сонымен қатар, ұйым туристік нысандардың қол жетімділігін бағалауды жүргізгісі келеді.
Жобаның маңызды құрамдас бөлігі инклюзивті экскурсиялар болып табылады. Олар басқа кез-келген турларға кіретін бірдей компоненттерді қамтиды (тұруды, тамақтануды, экскурсиялық көлікті ұйымдастыру, бағдарламаны әзірлеу, гидтерді дайындау), бірақ мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктеріне бейімделген. Бұндай қажеттіліктерге үлкен есіктері, қажетті тұтқалар мен «еденге тірелген» душы бар кең қонақүй бөлмелері, лифті немесе пандусы бар экскурсиялық көлік, арнайы дәретханасы бар қолжетімді нысандар кіреді. Мұндай турлардағы гидтер объектілердің қол жетімділігі туралы өзекті ақпаратқа ие және күтпеген жағдайда бейімдене алады.
Батыр алғашқы бір күндік инклюзивті турды 2023 жылғы 22-24 мамыр аралығында Ақмола облысының қолжетімді орта бойынша жағдайлар жасалған «Золотой фазан» және «Фазенда» демалыс аймақтарында өткізді. Турға 60 адам қатысты: түрлі санаттағы мүгедектігі бар адамдар, олардың көмекшілері және волонтер экскурсия жетекшілері. Олар экзотикалық жануарларға арналған шағын хайуанаттар бағына, жылытылатын жабық бассейнге, ипподромға, су трениңіне, пірәндік кескіндеме бойынша мастер-классқа, табиғаттағы сенсорлық терапия және канистерапия сеанстарына барды.
«Турмаршруттарды өткізу нәтижесінде балалар мен ата-аналар өте риза болып, позитивті эмоциялар мен керемет әсер алды. Ата-аналар алғыстарын білдіріп, олар әрқашан біздің қалаларымыздың көшелерімен жүруді, ел ішінде саяхаттауды және сонымен бірге олар қалаған жерде өздерін жайлы сезінуді қалайтынын атап өтті», – деп бөлісті Айгүл.
Келесі турлар маусым және шілде айларында жоспарланған, олар Бурабай ұлттық паркінде, Зеренді ауданында және Қосшы қаласында өтеді. Турлар мен барлық қажетті ақпаратты Батырдың Instagram парақшасынан табуға болады.