Әрбір отбасы қолдаусыз қалмайды
Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау іс-шараларын тиімді ұйымдастыру ұдайы назардан түспейді. Бұл бағыттағы жұмыстардың жай-жапсары жөнінде Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте хабарланды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері Ербол Оспанов пен Назгүл Сағындықова аталған тақырыпта журналистердің сұрағына жауап беріп, біраз мағлұматпен бөлісті.
– Мемлекет басшысы жақында қол қойған Әлеуметтік кодекс әрбір отбасының әл-ауқатын арттыруды және нығайтуды көздейді. Президенттің тапсырмасы бойынша 1 қаңтардан бастап Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) немесе барлық отбасының дербес деректер қоры іске қосылды. Оны енгізудің негізгі мақсаты – әрбір отбасының мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қол жеткізуін қамтамасыз ету. ОЦК Smart Data Ukimet ақпараттық-талдау жүйесінде жүзеге асырылып, мемлекеттік органдардың дерекқорларымен үйлестірілді. Smart Data Ukimet деректерді жинайды және өңдейді, содан кейін отбасының әл-ауқатын 5 санат бойынша анықтайды. Бағалаудың негізгі критерийлері – жиынтық табыс, әлеуметтік өмір сүру жағдайы, денсаулық, жұмыспен қамту, білім беру мен әлеуметтік көмекке қажеттілік және т.б. Отбасының әл-ауқатын автоматты түрде анықтағаннан кейін ОЦК проактивті форматта азаматтарға тиесілі мемлекеттік қолдау іс-шараларын ұсынады. Бүгінгі таңда 20 мыңнан аса азаматқа мемлекеттік қолдау іс-шаралары тағайындалды, – деді Е.Оспанов.
Оның айтуынша, ана мен баланы әлеуметтік қолдау көп деңгейлі әлеуметтік көмек және әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы жүзеге асады. Қазіргі уақытта балалы отбасыларға республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақының 5 түрі және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдердің 2 түрі төленеді. Биыл жалпы сомасы 1,8 трлн теңгеге 3,5 млн отбасы үшін әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға көп. 2023 жылдың 4 айында әлеуметтік жәрдемақылар немесе төлемдер 2 млн 653 мың отбасына тағайындалды.
Сондай-ақ отбасының әрбір мүшесінің табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен болған жағдайда мемлекет атаулы әлеуметтік көмек, ал 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға қосымша кепілдендірілген әлеуметтік топтама ұсынады. Биыл 1 қаңтардан бастап осы көмекті алушылардың өтініші бойынша әлеуметтік топтама әрбір балаға 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша ай сайынғы төлем түрінде заттай түрден ақшалай форматқа ауыстырылды (2023 жылы – 5 175 теңге). Бұл – Әлеуметтік кодексте көзделген балалары бар отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейту жөніндегі іс-шаралардың бірі. 1 мамырдағы жағдай бойынша АӘК-ті 500 мыңға жуық адам алып жатыр, төлемдердің орташа көлемі балаларға берілетін ақшалай төлемді қосқанда 15,4 мың теңгені құрады. Өткен жылы бір адамға АӘК-тің орташа айлық көлемі 6,5 мың теңгені құрады.
Өз кезегінде Назгүл Сағындықова мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік қолдау іс-шаралары туралы айтып берді.
– Әлеуметтік кодекс аясында биыл 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар мен жәрдемақылардың көлемі орта есеппен 14,5%-ға ұлғайтылады. 2023 жылға арналған республикалық бюджетте мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеуге – 379 млрд теңге, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға жәрдемақы мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақыға – 71,7 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыға 113,8 млрд теңге бөлу көзделді. Жалпы, 1 шілдеден бастап төлемдер көлемін ұлғайтуға республикалық бюджеттен қосымша 41 млрд теңге бөлінді. Мүгедектігі бар адамдар, оның ішінде балалар да протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің (тек ересектерге арналған) және ымдау тілі маманының қызметімен қамтамасыз етіледі. Жыл сайын мүгедектігі бар адамдарға 400 мыңға жуық тауарлар мен қызметтер ұсынылады. Бұл мақсаттарға жыл сайын 71 млрд теңгеден аса қаржы бөлінеді, – деді Н.Сағындықова.
Сондай-ақ 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап мынадай қосымша қолдау іс-шаралары жоспарланған екен. Атап айтқанда, жөргектердің көлемін күндігіне 2 данадан 4 данаға дейін ұлғайту; қанатқақты режімде дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы бойынша ақыл-ой кемістігі бар балаларға санаторий-курорттық емдеу қызметтерін көрсету (сүйемелдеуге арналған шығындар күніне 11 мың теңге жолдама құнының 70%-ын құрайды); мүгедектігі бар балаларды майланған катетермен қамтамасыз ету.
Мүгедектігі бар балаларға туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеру және қоғам өміріне араласу мүмкіндіктерін тең жағдайда қалыптастыру мақсатында стационар, жартылай стационар, үйде күтім жасау жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылады. Қазіргі уақытта әлеуметтік қорғау жүйесінде тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған стационарлық үлгідегі 4 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған 16 орталық жұмыс істейді. Жартылай стационар жағдайында және үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету баланың отбасымен бірге болуына бағытталған. 75 күндізгі ұйымда 3,5 мыңға жуық бала қызмет алады. Сондай-ақ 1,3 мыңға жуық балаға 18 оңалту орталығы жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Елімізде барлығы 215 үйде әлеуметтік көмек бөлімшесі жұмыс істейді, онда 10 мыңнан аса бала қамтылған. Жартылай стационарлық және үйде қызмет көрсетудің мемлекеттік ұйымдарымен қатар арнаулы әлеуметтік қызметтерді 10 мыңнан аса адамға, оның ішінде мүгедектігі бар 6 мыңнан аса балаға 182 үкіметтік емес ұйым ұсынады.
Бұған қоса «Қамқорлық» бастамасы аясында 2023 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен аутизм спектрі және басқа да менталдық бұзушылықтары бар балаларға арналған 8 күндізгі орталығын ашу жоспарланған. Осындай орталықтар 2 және 3 сәуірде Шымкент және Павлодар қалаларында, жақында Талдықорған және Өскемен қалаларында да ресми ашылды.