Оқу жылы аяқталды
Сонымен кезекті оқу жылы да аяқталды. Кеше оқушылар мектептегі соңғы сабақтарын өткізді. Ал бүгін білім ошақтарында соңғы қоңырау соғылады. Алда – 90 күндік демалыс.
Биылғы оқу жылы жаңалығы көп кезең ретінде тарихта қалғаны рас. Әуелі жылдағы дәстүр бұзылып, мектептегі оқу алғаш рет 31 мамырға дейін созылып, соңғы қоңырау 1 маусымда соғылды. Осы бір жаңашылдық қоғамда қызу талқыланғанын да еске сала кетейік. Қалай десек те, отандық білім саласы аталған жаңашылдық арқылы жаңа кезеңге қадам басқандай әсер қалдырды. Мұндай қадамның не үшін жасалғанын Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мереке Амангелдіқызы түсіндіріп берді.
– Осыдан үш жыл бұрын пандемияға байланысты өмірімізде үлкен өзгеріс болғаны белгілі. Мәжбүрлі қашықтан оқыту кезеңі білімнің сапасы мен көлеміне, балалардың эмоционалдық жағдайына айтарлықтай кері әсер етті. Мұны халықаралық зерттеулер де дәлелдеп отыр. Білім саласындағы олқылықтардың орнын толтыру, білім жүйесін күшейту үшін оқушылардың мүддесін қорғай отырып, салаға түзету енгізу қажеттілігі туындады. 2021-2022 оқу жылындағы осындай шешімдердің бірі оқу жылын 36 аптаға дейін ұзарту болды. Бұл шешім бірден қабылданбады. Ол үш жыл бойы зерделенді. 2022 жылдың тамыз айында білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, оқу бағдарламасы мен үлгілік оқу жоспарлары бекітілді. Министрлік, Орта білім беру комитеті, әдістемелік кабинеттер түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нұсқаулық әдістемелік хаттар жолдады. Бұдан бұрын да хабарланғандай, оқушылардың ата-аналарынан да бес күндік оқу аптасына көшіру туралы өтініштер түскен болатын. Тиісінше ұсыныс сарапшылар қауымдастығымен келісіле отырып, барлық сенбілік сабақтар қалған бес күнге ауыстырылды, оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізілді. Осылайша, мектептерде оқу жылын 31 мамырға дейін ұзарту оқушылардың күнделікті оқу жүктемесін азайтты. Айта кетерлігі, оқу жылының ұзақтығын созғанымызбен, салыстырмалы түрде біздің елде демалыс кезеңі ең ұзақ болып қалып отыр. Жаз мезгіліндегі демалыстың ұзақтығы 13 аптадан асады, ал алдыңғы қатарлы елдерде жазғы демалыс кезеңі 7-9 аптадан да аз, – дейді Мереке Амангелдіқызы.
Сондай-ақ ол Оқу-ағарту министрлігі тұрақты негізде әлеуметтік желіге мониторинг жүргізетінін, ведомствоға оқу жылының аяқталу мерзімін қайта қарау туралы өтініштер түсіп жатқанын айтты. «Осыны ескере отырып, осы оқу жылы кезеңінде сарапшылардан құралған комиссия сараптама жүргізгенін, оның қорытындысын шығару толық оқу циклін, яғни 36 аптаны аяқтауды талап ететінін атап өткім келеді. Жаңашылдықтарды енгізуге байланысты білім сапасы бағаланып, оқушылардың білім нәтижелері салыстырылады. Комиссия бұл мәселені толыққанды зерделеу үстінде. Түбегейлі шешімді сарапшылар қауымдастығы ғана қабылдай алады және ол бірінші кезекте балаларымыздың мүддесін көздейтін болады», деп нақтылады министрлік өкілі.
Сонымен биылғы оқу жылын республика бойынша 3 млн 700 мыңнан астам оқушы аяқтады. 172 мың түлек 11-сыныпты тәмамдады. Оның 6 мың 800-і – «Алтын белгі» үміткері. Ал 9-сыныпты 288 мыңнан астам түлек аяқтады. 1-10 сыныптар аралығындағы балалардың 85,3 пайызы жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтылатын болады. Бұл дегеніміз – 2 млн 800 мың бала. Оның ішінде жекелеген санаттағы отбасылардың 500 мың баласы бар.
Балалар демалысын ұйымдастыру үшін 218 қала сыртындағы және 10 200 мектеп жанындағы, профилдік, шатырлы лагерьлер жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар «Этноауыл», «Жаздық жолдама» жобалары іске асырылады. Жетекші университеттер жанындағы жазғы және олимпиадалық резерв мектептері жұмыс істейді. Жазғы демалыста 1 млн 400 мың бала үшін қосымша білім беру мекемелеріндегі секциялар мен үйірмелер ашылады. Ғылыми-техникалық, музыкалық, көркемдік, экологиялық, туристік және басқа да бағыттардағы 11 мың үйірме балаларды қабылдайды. Сондай-ақ балалар «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде көгалдандырумен шұғылданады, еліміздің киелі жерлеріне саяхаттап, спорттық жаттықтыру жиындарында шынығады, тілдік курстарға қатыса алады.
1-10 сынып оқушылары демалысқа шықтық деп қуанып жатса, 11-сынып түлектері үшін жауапты кезең басталды. Олар жоғары оқу орындарының грантына ие болу үшін ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Бұған дейін жазғанымыздай, биыл түлектер 5 мәрте тест тапсыра алады. Алайда соның ішіндегі ең маңыздысы – негізгі ҰБТ. Өйткені дәл осы сынақтың нәтижесінде білім гранттары үлестіріледі. Негізгі ҰБТ осы жылдың 18 мамырында басталғанын білеміз. Ол 5 шілдеге дейін жалғасады. Биыл 166 мың талапкер негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш берген. Олар бұл сынақты екі мәрте тапсыра алады. Сөйтіп, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Негізгі ҰБТ-ға қатысушылардың 75 пайызы сынақты қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде, 243-і ағылшын тілінде тапсыруға өтініш білдірген.
– Тестілеу форматында өзгеріс жоқ. Пәндер саны өзгеріссіз қалды, яғни үш міндетті және екі бейіндік пән, барлығы 120 тест тапсырмасы. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут беріледі. ҰБТ тапсырмаларының құрылымында өзгерістер бар. Тест тапсырмаларында дистракторлар санын (жауап нұсқалары) қысқарту туралы шешім қабылдады. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайды. 2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика» пәні ҰБТ бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша ҰБТ тапсырады, – деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биылғы барлық гранттың 60 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтарға бөлінген. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейіне оқуға бөлінген білім гранттарының жалпы саны 88 мыңды құрайды. Оның ішінде бакалавриатта оқу үшін 73 мың грант, магистратураға – 13 мың, докторантураға – 1 890 грант бөлініп отыр.