Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құс асырау – берекелі кәсіп

Құс асырау – берекелі кәсіп

Ықылымнан бай-бағыландар бөдененің еті де, жұмыртқасы да мың түрлі дертке дауа екендігін жақсы білген. Бұл құртақандай құс өнімі адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурулардан қорғайтынынан да хабардар болған. Ал дәмі тіл үйіреді, әрі тойымды.
Дәлірек айтсақ, кәдімгі тауық жұмыртқасына қарағанда, бір грамм бөдене жұмыртқасы құрамында А және D дәрумендері екі есе көп. В тобындағы дәрумендер де анағұрлым, яғни алты есе, фосфор, калий және темір төрт-бес есе жоғары. Осы кішкене ғана диеталық өнімде – мыс, кобальт, никотин қышқылы мен амин қышқылы да мол. Тағы бір дәлелденгені, бөдене жұмыртқасы тауықтардікіне қарағанда микробтардан таза келеді. Осы ерекшелік ғалымдарды әлі күнге дейін қайран қалдыруда. Өнімнің ең басты қасиеті – өз құнарлылығын жоймай ұзақ сақталуында. Бөлме температурасы жағдайында айға жуық, ал тоңазытқышта 60 тәулікке дейін сақтауға болады дейді қазалылық кәсіпкер Руслан Сәрсенбаев.
Руслан Қуантқанұлының сөзінше, бала кезден үй жануарларын ұстап, баптағанды жаны сүйеді. Былай айтқанда өзінің жеке хоббиі саналады. Ауласында қаз, үйрек, тауық, күрке тауық, тіпті қоянға дейін баққан. Есейе келе бөдене құсына қызығушылық танытып, арнайы ізденіп, тәжірибе жинаған. Жақында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның екінші бағыты «жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант (стартап) алуға қатысып, қайтарымсыз қаржыға қол жеткізді. Бір мезетте мемлекеттік қолдауға ие болып, миллионер атанды.
– Бизнес жүргізуге тиімді бұл құсты асыраумен айналысқаныма 10 жылдай болды. Дегенмен оның өзіндік тәсілдерін ұстанбасаң жемісін бермейді. Осы жылдар аралығында білместіктен біраз қателіктер де жасадым. Бір мезетте 600 балапандарды жойып алған да уақыттар болды. Сондайда бастаған ісімді тоқтатқан болатынмын. Бірақ бұл кәсіптен қол үзгенімде бәрібір бөдене құсына деген қызығушылығым басылмады. Қайта қолға алуды мақсат етіп, мемлекеттік бағдарламада бағымды сынап көруге бел буғанмын. Шүкір, дайындаған құжаттарымды комиссия мүшелері мақұлдап, өтеусіз қаражатты берді. Сол ақшаға 1000-ға жуық бөдене алдым. Арнайы орнын дайындауға құралдар иемдендім. Ас-суы өз алдына бөлек әңгіме. Қазір игілігін өзіммен бірге тұтынушыларым көріп отыр, – дейді кәсіпкер.
Мамандар бөдене жұмыртқасын әсіресе, балаларға, қарттарға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдерге, сырқат және әлсіз жандарға жиі тұтынуға кеңес береді. Себебі, бұл өнімнің адамның иммунитетін көтеріп, сергітетін қуаты мол.
Экологиясы нашар аймақтың тұрғындары үшін бөдененің жұмыртқасы өте пайдалы деседі зертеушілер. Бөдене туралы еліміздегі алғашқы ғылыми зерттеу жұмысының авторы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің PhD докторанты Мұхтар Байбатшановтың айтқанындай, Чернобыль апатынан кейін ғалымдар апат аймағында радиациядан жапа шеккен балаларды бір орталыққа жинап, тәжірибе жүргізеді. Бір топтың балаларына бір ай бойына бөдененің жұмыртқасын шикілей ішкізсе, екінші топтағы балаларға жұмыртқа бермейді. Бір айдан соң жұмыртқа ішкен балалардың ағзасын тексергенде ғалымдар бөдене жұмыртқасы радиацияны ыдырататынын анықтаған. Мұрындарының қанауы, бас айналулары тоқтап, қандағы гемоглабиндері көбейген. Осыдан кейін көпшілік бөдене жұмыртқасын жаппай тұтына бастады.
Жапондықтар бөдене жұмыртқасын тұрақты тұтынған науқастың қатерлі ісіктің өзінен тәуір болатынын дәлелдеген көрінеді. Қазіргі уақытта Жапонияда бөдене шаруашылықтары жақсы дамыған. Бұл елде жылына 19 миллиардқа жуық бөдене жұмыртқасы өндіріледі. Керек десеңіз, бөденені зерттейтін орталықтар, институттар құрылған. Сонымен қатар бүгінде Қытай, Үндістан, Германия және басқа да елдер бөдене ісін жандандыруға қатты көңіл бөлген.
Жапонияда әрбір бала күніне екі бөдене жұмыртқасын жейді-мыс. Тарихқа көз жүгіртсек, Шыңғыс ханның өзі жаралы жауынгерлеріне кішкентай ғана бөдененің жұмыртқасын ішкізіп, аяққа тұрғызған дегенді келтіреді.
Нақты айтқанда, бөдене еті мен жұмыртқасы сырқат адамның жазылуына, дені сау адам үшін аурудың алдын алуға көмектеседі. Таза, әрі табиғи азықты күнделікті қолданса, көп шығынсыз түрлі дертке қарсы тұра алатындай денсаулықты нығайтуға болады. Бүгінде «ханның асы» саналатын бұл өнімді Руслан Қуантқанұлы тапсырыспен Қазалының супермаркеттерінен бөлек, Арал мен Сексеуіл және Төретам халқына жеткізіп тұр. Сонымен бірге бөденені сұраныс бойынша сойып, тазалап тұтынушыларға етін де саудалайды.
Бүгінде жұмыртқа бағытында жұмыс істеп жатқан кәсіпкер, алдағы уақытта ет бағытындағы эстондық, шанжурлық және броллер сортының бөденелерін алуды көздеуде. Арнайы қора салуды да діттеп отыр. Ал қазір жұмыртқа мен етінен бөлек, балапанын да алам деушілерге ұсынуда. Әрине қалтаға тиімді бағада беріледі. Ендеше, тұтынушылар қалағанынша сатып алуына мүмкіндігі бар.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
27 мамыр 2023 ж. 311 0

Мен таңдаған мамандық

30 қараша 2024 ж. 19

Отыз жылдық белес

30 қараша 2024 ж. 23

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930