Ұзақ өмір сүрудің тағы бір жолы табылды
Нидерландыда Гронинген университетінің ғалымдары ақуызды көп пайдалану арқылы жүрек жеткіліксіздігі мен ерте өлім қаупін төмендетуге болатынын анықтады. Бұл туралы The Times сайты жазады, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі lenta.ru басылымына сілтеме жасап.
Зерттеуге Еуропа елдерінен орташа жасы 68 болатын 2 281 адам қатысты. Олардың жеген ақуыз мөлшері дәретіне талдау жасау арқылы анықталды. Мамандар пациенттердің денсаулығын екі жыл бойы бақылады.
21 ай өткеннен кейін ақуызды аз мөлшерде — күніне 40 грамнан аз жегендердің үштен бір бөлігі (31 проценті) қайтыс болды. Ал күн сайын 70 грамнан көп ақуыз пайдаланған адамдардың өлім қаупі 18 процент төмендеген. Ғалымдар бүйрек қызметі мен жас мөлшерін ескере отырып, ақуызды аз тұтынған кезде өлім қаупі 46 процентке жоғарылағанын дәлелдеді.
70 жастағы адамдардың он процентіне жуығының қан айналымы бұзылған. Себебі қартайғанда организм ақуызды өте тиімді пайдалана алмайды.
Мұнымен қоса, ақуызы көп тағамдар бұлшықетті нығайтып, адам денсаулығын жақсартатыны бұрыннан белгілі.