90 мыңға жуық азамат автокөлікке кепілдікті онлайн тіркеді
Бұл қызмет екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында бар, деп хабарлайды baq.kz.
Онлайн-сервис іске қосылғаннан бастап оны 90 мыңға жуық автокөлік иесі пайдаланып үлгерді.
Polisia.kz сайтының мәліметінше, автокөлікті несиеге сатып алу кезінде азаматтарға сатып алынатын автокөлікке кепілдікті тіркеу қажет болады. Бұған дейін сол үшін облыс орталығына барып, полицияға тіркелу үшін кепілдік шарттарының бірнеше қағаз данасын тапсырып, содан соң оларды банкке қайта апару керек болатын. Бұл процесс 3-4 күнге дейін созылып, автокөлік иелері үшін қолайсыздық туғызды.
Автокөліктен кепілдікті алу кезінде де банктен несиені толық өтегені туралы жазбаша растау қағазын алу қажет болды, содан кейін оны полицияға тапсыру міндетті еді.
Процесті жеңілдету үшін ІІМ полиция қызметін қағазбастылықтан арылтып, цифрландыру аясында кепілдікті тіркеу қызметін онлайн-режимге ауыстырды.
Қазір тек банктің қосымшасында авторизациядан өтіп, құжаттарға цифрлық қолтаңбамен қол қою жеткілікті. Содан кейін автокөліктің кепілдігі ІІМ деректер базасында автоматты түрде тіркеледі. Енді азаматтар полиция мен банктерге бармай-ақ, кепілдікті 5 минут ішінде тіркеп немесе тіркеуден алып тастай алады.
Ал кепілдік шарты және оны тіркеу туралы куәліктің электрондық көшірмелері автокөлік иелерінің смартфондарында әрқашан қолжетімді болады. ІІМ бұл сервисті полиция көрсететін қызметтерді смартфондандыру шеңберінде азаматтарға ыңғайлы ету мақсатында әзірледі.